Вторник, Октябрь 15, 2019
Басты > БАҚ біз туралы > Амангелді Айталының мерейтойы

Амангелді Айталының мерейтойы

Белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы — 80 жаста. Бүгін өнегелі ғұмыр иесінің мерейтойын өткізу үшін  мәдениет және өнер иелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, жазушылар бар, жалпы, жалпақ жұртқа белгілі тұлғалар Ақтөбеге ат басын тіреді. Жұбанов университетінде мерейтой иесі құттықтауларды қабыл алды.  Амангелді Әбдірахманұлын замандастары, зиялы қауым алдымен жоғары адами қасиетімен елдің саяси өміріндегі мәселелерді көтерген ұлттың жанашыр азаматы ретінде таниды. Ғалымның өшпес еңбегін мемлекет басшысы да жоғары бағалады. Кеңейтілген кеңесте облыс әкімі Оңдасын Оразалин ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, мерейтой иесіне өз лебізін жолдады.  Философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Әлеуметтік ғылым академиясының академигі, Ақтөбенің құрметті азаматы Амангелді Әбдірахманұлы талай жылдар ұстаздық салада еңбек етіп келеді, Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Осы саладағы әріптестері атынан сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты, профессор Асылбек Смағұлов ҚР Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің алғысын жеткізді. Халық жазушысы Мұхтар Шаханов аға буын деп сыйлайтын, мәжілістегі бұрынғы әріптесім деп, Амангелді Айталыға арнап өлеңін оқыды. Ұлттың болашағы үшін атқарған еңбегін сөз өтті. «Шәкірт, ұстаз, ғалым» кітап көрмесі ғалымның шығармашылығынан сыр шертті. Амангелді Айталы 100-ден астам ғылыми мақалалардың, 6 монографияның авторы. Этносаясат, этноәлеумет және дінтану саласында қалам тербеді. Мерейтой қарсаңында шығарылып, бүгін тұсауы кесілген «Рухани кемелдік» кітабына ғалымның кемелденген шағындағы ой-толғаулары мен зерттеулері енген. Ал, Хабар арнасының арнайы өнегелі ғұмыр жолымен түсірген фильмі Амангелді Әбдірахманұлының өмірі, еңбек жолы мен ой-толғаныстарын бейнелейді. Сол кездері ғалыммен жұмыс жасаған шығармашылық топ оның тұлғалығын, адами қасиетінің жоғары екендігін айтады.   Амангелді Айталы ұстаз, ғалым, депутат ретінде алаш жұртына танымал. Оның өнегелі отбасы да көпке үлгі. Ол — елге жасаған еңбегі бағаланған азамат. Президент жарлығымен жоғарғы мемлекеттік марапат — үшінші дәрежелі «Барыс», «Құрмет Белгісі», «Парасат»  ордендерімен марапатталды.

 

ГҮЛНАРА ЖОЛЖАНОВА

http://aktobetv.kz/kz/news/society/amangeldi-aitalynyn-mereitoiy