Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Шығармалар шындығы

Шығармалар шындығы

Кеше Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясында көрнекті ақын, драматург, ҚР Халық жазушысы Мұхтар Шаханов жастармен кездесті. Ақынның шығармашылығына арналған «Жанартау жүректі ақын» атты әдеби-танымдық кеште оның рухты өлеңдері оқылып, халық жазушысы жастарға ұлағатты әңгімелерін айтып берді.

Аталған шараға «Жалын» журналының қаржы басшысы Сәулекүл Ахметова мен халықаралық «Мұхтар Шаханов» оқуларының төрайымы Зәмзәгүл Әубәкір, белсенді жастар мен студенттер қатысты.

Кешті жүргізген ақын, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы Мұхтар Шахановтың өлеңдері әлемнің 120 тіліне аударылғанын, оның ақындық тұлғасын бүкіл әлем мойындағанын, ақынның елге танымал, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталының 80 жасқа толу мерейтойына арналған іс-шаралар аясында Ақтөбе жеріне арнайы келіп отырғандығын атап өтті.

Бұдан кейін шарада Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің бір топ студенті ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Кездесуде сөз кезегі ақынға беріліп, ол жастарға осы күнге дейін жетістіктері мен мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруде атқарған еңбектерін айтып берді. Арқалы ақын  жуырда «Өркениеттің адасуы» және «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» романдары жарыққа шығатынын, аталған кітаптардың тұсаукесерлері әлемнің бірнеше мемлекетінде ұйымдастырылатынын жеткізді.

Ақын өз өлеңдерінен үзінді оқи отырып, сөз арасында қазақтың белгілі ақыны Төлеген Айбергенов пен «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовпен дос болғанын, екі ұлы тұлғаның есімін ерекше ардақтайтынын айтты.

Шара барысында ақынның рухты өлеңдерімен қатар оның сөзіне жазылған бірқатар әндер де орындалды. Сондай-ақ кездесуге келген жастар өздерінің толғандырған сұрақтарын қойып, ақынға Ақтөбе өңіріне арнайы келгені үшін алғыс білдірді.

Кездесу соңында сөз алған Мұхтар Шаханов Амангелді Айталыға ерекше құрметпен қарайтынын жеткізіп, танымал тұлғаға арнаған арнау өлеңін жастарға оқып берді. Ақтөбелік жастардың шынайы ықыласына риза болған ақын:

— Біз қазіргі жастарға жөнді тәрбие бере алмадық, дегенмен жастардың арасында қанатты жігіттер бар. Менің сіздерге айтарым — әрдайым шындық биігінен және ұлттық мүдде биігінен көрінуге тырысыңдар. Соған тырысып бағу керек. Оған тырыспаған бала нағыз бала емес, ол өз халқының нағыз перзенті емес. Осыны есте ұстаңыздар, — деді.

 Данагүл ҚАЗИХАН