Вторник, Октябрь 15, 2019
Басты > БАҚ біз туралы > «Мемлекеттік қызмет әрдайым дамып отыруы керек»

«Мемлекеттік қызмет әрдайым дамып отыруы керек»

Кеше Ақтөбе қаласында мемлекет және қоғам қайраткері, мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменовпен кездесу өтті. Бір топ мемлекеттік қызметкерлермен жүздесуде негізінен осы саланың жай-күйі әңгіме арқауына айналды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғимаратында ұйымдастырылған басқосуға жиналғандардың дені жас мамандар болды.

— Енді мемлекеттік қызметтегі адамдарды ынталандыру жүйесін жетілдіру қажет. Олар жан-тәнімен жұмыс жасауы керек. Әлемде адам солай жұмыс істесе, мемлекет те жаңа деңгейге көшеді деген түсінік бар. Өйткені бәрібір оның әсері болады. Осы бағытта қызметкерлерді оқыту жүйесі, білімін жетілдіру жайы үздіксіз дамып отырса екен дейсің. Себебі бір орында қалып қойғанның жақсылығы кемшін. Ылғи ізденіп, жетілсең, сонда ғана нәтиже болады, — деген Әлихан Мұхамедияұлы өзінің қызмет бабында кездескен түрлі оқиғаларды мысалға ала отырып, қайткенде жақсы маман болу керек, сол жөнінде кеңінен әңгімеледі.

Әлі де қағазбастылық, жиналыстың көптігін айтып, соны сын тезіне алған Әлихан Байменов болашақ басшылар осыған мән берсе, өзгелердің уақытын қадірлеуді үйренсе деген тілегін жеткізді: «Бізде әлі күнге дейін кейбір жиналыстардың тақырыбы алдын ала айтылмайды. Бұл — кемінде бір күн бұрын ескертілуі тиіс мәселе. Сосын біреудің төрағалығымен өткен жиында көбіне әлгі кісі бастан-аяқ сөйлеумен болады, яғни монолог. Одан бірінші кезекте соның өзі зардап шегеді. Өйткені пікір алысу, қатысушылардың ұсыныс-ойын білу болмаған жағдайда жиынның нәтижесі аз. Ұрысып-жеку үшін жиналыс өткізетіндер де ешқандай пайда көрмейді, керісінше, оның жұмысы тұралап қалады. Ең алдымен шешімі, одан шығатын қорытындыны ойлап барып, жиналыс өткізген дұрыс», — деді.

Кездесуде қатысқан облыс әкімі аппаратының басшысы Нұржауған Қалауов, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Әділбек Мұқашев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаровтар мемлекеттік қызметті қайтсе дамытуға болатыны турасында ой-пікірлерін білдірсе, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірдегі өкілдігінің маманы Серік Алматов IT саласына қатысты екі жобасының таныстырылымын жасады.

Соңында қайраткер университет ұжымына өзінің бірнеше кітабын сыйға тартып, жастарға қызметте табыс тіледі.

 

Айбек СЕРІКҰЛЫ

https://aqtobegazeti.kz/?p=79510