Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Қаламы «Кедейде» жетілген

Қаламы «Кедейде» жетілген

Құдайберген Жұбановтың туғанына — 120 жыл

Профессор Қ.Жұбановтың өркениеттілік таным-талғамы мен ғылым әлеміндегі феномендік қыры туралы жазылып жүр. Сан-салалы талант иесінің  қаламгерлік қарымын қалыптастырып, шешендік шеберлігін шыңдаған прозалық туындылары дабар. Бізге айтулы ғалымның «Таңжарықтың қуанышы», «Төрт қызық, мың бейнет, жарық өмір» сияқты таңдайға татып кететін әңгімелері бары аян.

Өкінішке қарай, солақай саясаттың тұманында еріксіз жоқ болған «Таңжарықтың қуанышы» туындысының толық мәтіні қолымызға түспеді. Бұл әңгіменің «Кедей» газетінің 1927 жылғы 7 қараша, №45 санына қосымша шыққан тұңғыш кітапшада басылуының өзі Қ.Жұбановтың өз заманындағы әдеби айналымда қарымды қаламгер болғандығын көрсететін дерек деп білеміз.

Сөз зергері  Қ.Жұбановтың жан дүниесіндегі жанартаудай лықсыған талант тұмасын танытатын тағы бір туындысы —«Төрт қызық, мың бейнет, жарық өмір». Тұңғыш рет бұл шығарма 1928 жылы 4 қазанда  Ақтөбе губернелік «Кедей» газетінің №31 (193) санында жарияланған. Қаламы «Кедейде» жетілген автордың аталған әңгімесі кейіннен «Жалын» журналының 1998 жылғы №6 санында профессор Есет Құдайбергенұлы Жұбановтың алғысөзімен жарық көрген еді. Біздің ұстазымыз, тәуелсіздік таңы атқан соң сонау 90-жылдары Алматыдағы бас ғылыми ортасын тастап Ақтөбе өңіріне келген Есет аға әкесінің «Төрт қызық, мың бейнет, жарық өмір» атты туындысын «памфлет жанрында жазылған» деп тұжырымдаған еді.

Шындығында да, памфлет жанрының ерекше белгісі бедерленген Қ.Жұбановтың бұл шығармасында ХХ ғасырдағы төңкерістер төркінін танытатын қоғам тынысы, заманының әлеуметтік әрі саяси лебі анық байқалады. Автор саяси оқиғалы тарихи тақырыптардың біріне қалам тарта отырып, әңгіме желісін халық ұғымына әбден сіңіскен, түсінікті, жаттандылықтан аулақ тілмен шебер қиюластырған. Бас кейіпкер Құрмантай бейнесінің  қырықтың қырқасынан асқанша көрген арылмас азабы ел кедейінің қай-қайсысына  да тән еді. Автор сол замандағы бастарынан бейнет арылмаған әр жіңішкенің ішкі дүниесінің бүркеулі бетпердесін уытты сатираның нәзік иірімдерімен ашады.

Автор кедей Құрмантайдың құлдыққа бергісіз өмірінің ауыр тақсіретін шығарманың өне  бойына  өріп,  сәтті сыналаған. Құрмантай образының табиғаты  жан-жақты әрі толыққанды кескінмен ашылған. Ғұмырын жоқтықпен  өткізіп  келе  жатқан оның арманы санаулы-ақ. Жарық дүниеде өзі дәмін татқан төрт қызығын  көз алдынан өткере, саусақпен санамалай отырып, рахат  күйін  кешіп,  ләззатқа  бөлену. Арман құстың ақ қанатына мініп, қалықтап ұшып, қу бейнетті бір сәттік құбылыста ұмыту. Қайта қонақтар қиял-арман мәңгілік таусылмастай болсашы деп өмірдің жарық күніне ұмтылу. «Төрт қызық, мың бейнет, жарық өмірдің» ішіне дендеп енген сайын осындай ой оқырманын да қоса тұмшалап,   Құрмантай характерін  анық   тани түскендей боламыз.

Өмірі құс жастық жастанбаған, мамық төсек төсенбеген,  тойынып  тамақ  ішпеген, жалғыздықтан қу тізесін құшақтап өтіп келе жатқан бұл  дүниеде  бастан өткерген бар қызығы: «қарақожалақ тары көжені тоя ішіп алып,  тоқпақтай түйіншектегі темекінің ірігіне мақарды молырақ қосып,  оны  алақанға салып сулап, қос бармақпен пашыр-пұшыр басып уқалап, тіл   астына  салып жібергендегі  мардымсыған күйі…».

Одан соң «бұл өмірде ұйқыдан  тәтті  де  тәттілік  бар ма екен!»  деп,  арман  аулына  жиі  қонақтап, төртінші  қызығын:  «қызыл шоққа  қып-қызыл болып   қызған   тасты  саптыаяққа  сауған  ешкінің  қою сүтіне салып жіберіп», «қор-р-р» еткізгендегі мұрнына бу  аралас  кірген  көңірсі  иісін,   оны  ішкендегі дәмін сағына, «қандай еді?» деп аңсайды. Құрмантай Алла  берген ғұмырдан аса көп нәрсені керек етпейді. Ендігі тілері — Құдай бесінші  қызықты берсе деген арман:  «Аһ,  қатын  болар  ма еді!…» —дейді ол. Мұны ойлағанда Құрмантайдың ыссы көжеден қызған денесі  салқындап кеткендей болады, сөйте тұрып тағы да қызып кеткендей болады.  Бір Аллаға ғана жарасатын, ал пендеге азап боп келетінжалғыздықтан оны қолын созып құтқарар ұлы құдірет — бай Жоламан деп біледі. Сол құдірет  күні-түні  ләм  дегізбей, қарсылық білдіртпестен, Құрмантайдың қара күшін  қайыры  жоқ   түпсіз   еңбектің  тұңғиық иіріміне тарта түседі. Жоқшылыққа тума-туысымен маталған Құрмантайда Жоламанның рахымын күтуден басқа лажы жоқ…

«Он үш жыл кісі  есігінде  жүрген ақымды малдай алғанда да, соған бір қатын түспей ме?  Осы  Жоламаннан  шығып-ақ  кетсем  қайтеді, осыдан ақы дауласам  қайтеді?» —  деп те  бір  ойлайды.  Бірақ қиыр-шиыр ғұмырдың тәуелділік қамыты есеңгіреткен Құрмантайға бұл күйден үзіле жұлқынып шығу, әсте оңай емес.  Ол тез басылады.  «Қой, Жоламаннан  ақы өндіру  оңай  болмас». Түпсіз  ойдың  шегіне  жетіп,  нәтиже шығарарлық шешімді әрекет істеу «селқос қана  атына мініп, жылқыға жүріп кеткен» кедей Құрмантайдың ойына келе қоймайды.

Дүрбелеңге толы  жаңа  заманның  жақындағанын  жұрт сезсе де,  басы айналған Құрмантай сезер емес. Елдің ескі  өмірінде Құрмантай секілді кедейлер жалғыз  емес.  Жоламандар  да жалқы тұрған жоқ. «Жұртқа әділдік үйреткенде аққан суды теріс ағызар  молда-екеш  молда  да»  үйтіп-бүйтіп Құрмантайды Жоламанға  борышты етеді. Сонда ол:  «Жетім қалғаннан адам қылды. Үсті-басыңды  бүтіндеп қойды; тауық жылы  айдай әлем қырылып жатқанда, өлтірмей  шығарды.  Жоламанның  әлі  де  екі жыл  жүргізетін  ақысы  бар», — дейді. Ал ауыл-аймақ әділетсіз өмірді, Құрмантайдың арам тер болған, берекетсіз бейнетін сөз етеді. Аяныш қылады…

Шағын  әңгіме шебер  қаламгердің  қолынан иі қанып,  ширыға  өрбиді. Құдайберген Жұбанов қаламынан  туған осы  әңгімеден біз тек қана шүбәсіз шындықты сезінеміз. Кейіпкер басындағы адам төзгісіз ауыр  қорлыққа  оқырманы  қоса күйзеледі. Мұнда қарапайым адамға ғана тән  шынайылық бар.

Ал әңгіменің  осы тектес  тақырыптық-мазмұндық  құрылымын  қаламгер өмір кешкен  сонау заманалар талап еткен.  ХХ ғасырдың 90-жылдарында кедейдің ауыр халі суреттелген, коммунистік партия, комсомол, кеңес өкіметі туралы  жазылған  шығармалар  кейбіреулерге  жат  көрініп, өміршең туындылар  қатарынан  сызылып жатты.  Дегенмен де,  замана, қоғам тарихын ешкім қолдан жасай алмасы белгілі.  «Тарихтың  қажетті, қажетсіз кезеңдері бар, анаусы — ұнамды, мынаусы — ұнамсыз» деп, қолдағы мұраны жікке бөлгеніміз өткен жолымызды жоққа шығару болуы да ғажап емес. Осы тұрғыдан алғанда Құдайберген  Жұбановтың  «Төрт қызық,  мың  бейнет,  жарық  өмір»   памфлетінің өміршеңдігінің  себебі  де   өзінен-өзі  туындайды. Егер «Көменес  партиясы мен кеңес өкіметі көп жасасын!» деген ұран сөздері кездесетін туындыны қоғам талабына сай емес деп, әдебиет әлемінен аулақтау шарт десек,  Құдайберген Жұбановтың шығармашылық қызметіне қиянат болар еді.

Шебер тілмен әсерлі жазылған бұл шығарманың көркемдік қыры да ерекше. Жазушы еңбекпен есін жинаған,  көнбіс мінезді ауыл адамының нанымды портретін жасаған. Әңгіме түйініндегі шиеленісте кейіпкердің ашынуын, берекесіз тірлігіне байланып, санасының маталып қалғандай жым-жырт күйде жүруін, психологиялық жан-күйін автор дәлдікпен бере білген.

Қ.Жұбановтың қаламынан туған қандай шығармасын алсақ та, көзге ұрып бірден байқалып тұратын қыры, сөз табиғаты мен адам табиғатын, жан дүниесін терең түсініп, зерделей алатын психолог екендігі. Құдайберген Жұбановтың мұндай қырын қатар жүріп аңғарған Ж.Жолаев былай деп еске алады: «В то время большинство книг в личной библиотеке Худайбергена было по педагогике, психологии. Ежедневно до 2-3 часов ночи сидел он, склонив голову над книгой. Однажды я спросил его: «Худайберген, ты много читаешь книг по психологии, для чего это нужно?». Он ответил: «Когда ты работаешь среди людей, особенно среди молодежи, особенно детской, то вся работа будет вслепую». Міне, Құдайберген Жұбановтың адам жанын терең түсінуге деген ұмтылысының нәтижесі «Төрт қызық, мың бейнет, жарық өмір» памфлетінен де көрініс тапқан.

Құдайберген Жұбанов  суреттеуіндегі «ала адырдағы  алалы  жылқы», «қарағанды  жырадан төбесі біздей болып шошайып көрінген жылқышы қосы», «күн аңқитып  тас төбеге шыққан әзір» деген тәрізді пейзаждық суреттеулер — табиғаттың жанды, бояуы қанық көріністері. Бас кейіпкер  өз өмірінде санаулы ғана «қимас» сәттерді  бастан  кешіреді. Ал, жазушы сол  Құрмантайдың бейнеті мол өміріндегі  бірнеше мезетті, тәтті қас қағымдарды бейнелеуде істің жайын мың сан айналдырып түсіндіріп отырмайды,  бар ойын бір-ақ ауыз сөзге  сыйдырады: «дүниенің төрт қызығы». Автордың суреткер ретіндегі тапқырлығының  бір қыры да  осында  жатыр. Шын шеберлік деген міне, осы!

Әлем әдебиетінің жарық жұлдызы Абулһасан  Рудакидің  рубаилерін зерттеу әлемі «қол жетпестей жұпыны» деп бағалаған екен. Қ.Жұбановтың әдебиет әлеміндегі асыл қазынасына да көрінгеннің қолы жете бермейтін қарапайымдылықтың тән екендігін көреміз. Сөздің сұлу шырайына терең мән  берген сыншыл Абайды алғашқылардың бірі болып аса жоғары бағалаған Жұбановтың өз туындыларына да бейжай көзжұмбайлықпен қарай алмайтындығы сөзсіз еді.

Шығыс поэзиясының шынары атанған дарынды ғалым, ғұлама ойшыл Омар һайямның өзі де ақындықты басты нысана етпеген. Кей-кейде көңілі соққанда ғана «қағаз қиқымына» жазып кеткен рубаяттары оны теңдесі жоқ ақын деп бағалатты. Сол секілді шын беріліп қолға алғаны тіл білімі болып, бұл ғылымның саласын  орнықты тұғыр еткен Құдайберген Жұбановкей сәтінде өлең, фельетон, памфлет, әңгімелер жазуға көңіл бөлмеген, іште тұнған шабыт шалқары оянған сәтте оларды қағазға түсіріп тастаған. Бірақ бос қиялдан жасалған қуыршақ өкіметтің  тұсындағы  қысталаң  заманда  көкіректе қайнаған асыл сөздерді түгел сыртқа шығаруға мүмкіндік жоқ еді. Өмір жасы «саяси» тағдырдың  бұйрығымен  еріксіз  қысқарып, қырықтың қырқасы да бұйырмаған,  жан  біткенге  жарасатын  әдемі қарттық басына жазылмаса да, ғылыми  еңбектерінің арқасында ғасырға бергісіз ғұмыр кешкен Құдайберген Жұбановтың сегіз қырлы, бір сырлы талантынабіз еріксіз бас иеміз!

Әлия ҰЛЫҚПАНОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің аға оқытушысы,

гуманитарлық ғылымдар магистрі.

https://aqtobegazeti.kz/?p=79713