Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ардагерге құрмет көрсетілді

Ардагерге құрмет көрсетілді

Жұбанов университетінде физика-математика ғылымдарының кандидаты Жәрдемғали Жұбанғалиұлы Шүкіровтің 70 жасқа толу мерейтойына арналған факультеттің кеңейтілген кеңес отырысы өтті.

Салтанатты жиынға Ақтөбе облысының білім басқармасы ММ-нің, «Қазақстан салалық білім және ғылым кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Ақтөбе филиалының өкілдері, зиялы қауым өкілдері, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері қатысты.

Шараны кіріспе сөзбен ашқан университеттің стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі проректоры Қуанышбек Шүңкеев мерейтой иесіне «Еңбек ардагері» төсбелгісін  табыстап, иығына  шапан жапты.

Кеңейтілген кеңес барысында мерейтой иесінің ұжымы әріптестерінің ғылымға қосқан үлесіне тоқталды. Тәрбиелеген шәкірттерінің бүгінде беделі биік, ел үшін аянбай қызмет жасап жүргендігін қуанышпен жеткізді.

Салтанатты жиында сөз алған физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жайшылық Сартабанов өз пікірін білдіріп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Өз кезегінде, Жәрдемғали Жұбанғалиұлы  мерейлі мерекесін ескерген университет басшысына алғысын айтып, ризашылығын білдірді.