Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ұстаздар ұлықталды

Ұстаздар ұлықталды

«Елдің дамуы оның білім беру жүйесі арқылы бағаланатын болады», деген Елбасының сөзі жайдан-жай айтылмаса керек-ті. Себебі мемлекеттің мерейін өсіріп, мәртебесін арттыратын адам болса, сол адамды маман қылып шығаратын, шынықтыратын мектеп. Білім мен тәрбиенің тал бесігі.

Осы бесікті тербетіп, ақылын аямайтын, шәкіртін аялайтын ұстаздар десек жалған болмас. Бүгін Студенттер сарайының төрінде еңбегі еленген үздік ұстаздарды университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков марапаттады.  Салтанатты кешті ректор Бауыржан Аманкелдіұлы ашып, университет ұжымын  кәсіби мерекесімен және  ардагерлерді халықаралық қарттар мерекесімен құттықтады. Одан соң салтанатты шараға арнайы қатысқан Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова мереке иелеріне құттықтау лебізін жолдап, облыс әкімінің алғыс хаттарын табыстады.

Кәсіби мереке қарсаңында білім және ғылым саласына өздерінің елеулі үлестерін қосып, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, әрі өнегелі тәлім-тәрбие беріп жүрген ұлағатты ұстаздарға  «Университетті дамытудағы еңбегі үшін» медалі,  құрмет грамотасы,  облыс әкімінің және университет ректорының алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ, мерекелік шарада ардагер ұстаздар да назардан тыс қалмады. Оларға  ерекше құрмет көрсетіліп,  гүл шоқтары таратылды.

Мерекелік кеш барысында университеттің Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті мен педагогика факультеті ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты. Университеттің студенттері ән мен биден шашу шашып, өздерінің  ізгі тілектерін жеткізсе, көрермендер назарына «Жұбанов жастары» театрының «Ұстаздарды қадірле» тақырыбындағы қойылымы ұсынылды. Мерекелік шарада   «Жеті өнер» балалар студиясының өнерпаздары өнер көрсетсе, қазақстандық танымал өнер жұлдыздары университет ұжымына бейнежазба арқылы құттықтауларын жолдады.

Салтанатты жиын соңында жиналғандар университеттің бас ғимаратындағы «Жұбанов жастары» аллеясының ашылуына қатысты.