Вторник, Октябрь 15, 2019
Басты > БАҚ біз туралы > Нұрпейіс гүлзарындағы жастық үні

Нұрпейіс гүлзарындағы жастық үні

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің №6 оқу ғимараты, яғни Нұрпейіс Байғанин атындағы ғимарат жанынан жасыл гүлзар ашылып, оған ақынның есімі берілді және ескерткіші қойылды.

Бейсенбі күні осы оқиғаға байланысты салтанатты жиын ұйымдастырылды. Жиынға университет оқытушылары мен студенттер, Ақтөбеде тұратын белгілі қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері және Нұрпейіс Байғаниннің ұрпақтары қатысты.

Жиында университеттің бірінші проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбек Шүңкеев, Нұрпейіс Байғаниннің келіні Манар Байғанина, т.б. құттықтау сөз сөйлеп, филология факультетінің ІІІ курс студенті Орынбай Самғар Нұрпейіс рухына арнаған толғауын орындады.

— Өнері кең тұғырлы, жыр алыбы Жамбылмен теңдес ақын, жырау Нұрпейіс Байғаниннің бейнесіне күнде көз салып жүретін жастарға бұл игілікті іс үлкен өнеге береді деп сенеміз, — деді Қуанышбек Шүңкеев.

Ақынның кенже баласы, осы оқу орнында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен Момын Байғаниннің зайыбы — Манар апай да жиналған жастарға арнап:

— Орталарыңызға аталарыңыз келіп жатыр екен. Бұл — үлкен қуаныш. Сіздерді әрдайым ата-бабалар аруағы қолдай жүрсе екен! — деп толқи сөйледі.

Филология факультеті орналасқан Н.Байғанин атындағы оқу ғимараты жанынан ақын атындағы гүлзар ашу — университет басшылығының бастамасымен қолға алынған іс. Ал ақын ескерткішінің авторы — мүсінші Жәдігер Кенбаев.

Салтанатты жиын соңы жастық үніне — студент жастардың әрі осы оқиғаға, әрі Ұстаздар күніне арнап әзірлеген «Қалдырған ізің мәңгілік» атты концертіне ұласты.

 

А.САРЫБАЙ

https://aqtobegazeti.kz/?p=79900