Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Байғанин аллеясы ашылды

Байғанин аллеясы ашылды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде ХХ ғасырдағы қазақ халық поэзиясының аса көрнекті өкілі, жыр алыбы Нұрпейіс Байғаниннің құрметіне аллея ашылды. Мәдени шараға университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер мен магистранттар, Н.Байғаниннің ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері, ақтөбелік ақын-жазушылар қатысты.

Аталмыш аллея жас ұрпаққа халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің әдеби мұрасын насихаттау, жастардың бойына патриоттық тәрбие-тағлымын сіңіру, адамгершілік ізгілік пен зиялы қасиеттерге, туған халқына қызмет етуге тәрбиелеу мақсатында ашылды. Салтанатты шарада алғысөзін сөйлеген университеттің стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі проректоры Қуанышбек Шүңкеев: «Елге та-нымал ақын Нұрпейіс Байғанин аллеясын ашу біраздан ойда жүрген мақсатымыз еді. Бүгін ашылу салтанатына куә болып отырсыздар. Мақсатымыз – ұлтымыздың бірлігіне, тарихы мен руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаларды жастар тани түссе екен, солардың өмір жолдарынан тағылым алып, солардай ұлтын шексіз сүйіп, еліне, жеріне қызмет етіп, халқының мақтанышы болса деген ниеттен туған еді», – деп салтанатты жиынға келген жұртшылыққа, тұлғаның ұрпақтарына алғыс айтты.

Еліміздің біртуар тұлғасы арамызға қайта оралғандай әсер еткен салтанатты шарада ақынның ұрпақтары да сөз алып, алғыс білдірді. Көрікті аллеяның ашылуында сөз сөйлеген Нұрпейіс Байғаниннің келіні Манар Сәтханқызы: «Бүгін университет ректоры Бауыржан Ердембековтің бастамасымен ашылып отырған аллеяның елдің игіліне туып, тұлғаның өнегелі ғұмыры мен артына қалдырған жақсы мирасын өскелең ұрпаққа үлгі етудің жасампаз жолы. Университет басшылығының соңғы жылдардағы жастарға ұлттық құндылықтарды насиxаттау барысында атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Өз кезегінде, аллеяның Жұбанов университетінде ашылуы үлкен мән-маңызға ие, ғибратты қадам деп білемін. Өйткені, бұл университет – еліміздегі тағлымды тарихы бар, іргелі де ірі білім ор-даларының бірі ретінде кешегі баладан байыпты да білімді, жоғары парасатты, кәсіби маман даярлап, осындай талай жасты ел игілігі мен мемлекет мүддесі жолына бағыттап жүрген киелі шаңырақ. Бұл да болса білім ордасының туын тік ұстап, ілім-ғылым дәнін сеуіп келе жатқан ұстаздар қауымының арқасы. Ендеше, алдағы уақытта да еліміздің жоғары білімін жетілдіру жолындағы еңбектеріңіз жемісті жалғаса бергей» – деген тілегін арнады.

Бұдан соң Момын Байғаниннің қызы Гүлмира Байғанина да сөз сөйлеп, «Еліміздің тұғырлығына, руханияты мен мәдениеті, өнеріне өлшеусіз үлес қосып, өмірінің соңына дейін ұлт үшін еңбек еткен атамызды ұмытпай, ұрпаққа да ұмыттырмайтын айтулы іске бастамашы болған азаматтарға алғысымыз шексіз. Бүгін осы тұлғаның ұрпағы болғанымыз үшін марқайған, жүрегіміз қуанған күн болды», – деп ризашылығын білдірді.

Мәдени шара соңы факультет студенттерінің концерттік бағдарламасына ұласты. Айта кетейік, аталған аллеяның аумағы абаттандырылып, шырша егілген. Сондай-ақ аллеяға ақыннның мрамордан жасалған ескерткіші қойылған, жоба авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Жәдігер Кенбай. Алдағы уақытта аллеяда салтанатты жиындар өткізіліп, ақын-жазушылардың шығармашылық кештері өтеді.

Сандуғаш ДҮЙСЕНБАЕВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе

өңірлік мемлекеттік университеті

Медиа ортылығының маманы

https://bilimdinews.kz/?p=66253