Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ұстаздар зейнеткерлікке ерте шығуы мүмкін бе?

Ұстаздар зейнеткерлікке ерте шығуы мүмкін бе?

Бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнайтын ұстаздар зейнеткерлікке ерте шығуы мүмкін бе?

Бұл сұрақ қазір қоғам талқысына түскен «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасында қаралып жатыр. Білім саласы қызметкерлерінен өзге, ата-аналар да пікірлерін білдіруде. Олар мектепте білікті ұстаздардың қызмет еткенін қалайды. Себебі кадр тапшылығы болашаққа нұқсан келдіреді дейді олар.

Әйткен Әбішевтің есімі Жамбыл жеріне жақсы таныс. Ұлағатты ұстаздың мектеп директоры қызметінде жүргеніне биыл 32 жыл. Білікті басшының арқасында Тұрар Рысқұлов ауданындағы Абай мектебі үздіктер көшінен түскен емес. Білім ұясын «Озаттар ұстаханасы» деп те атауға болады. Жыл сайын ондаған оқушы білім байқауларынан жүлдемен оралады. Ұйымдастырушылық қабілеті мен қажырлы еңбегінің нәтижесінде педагогика саласындағы жетістіктері жоғары бағаланып, талай мәрте төс белгі, медальдарымен марапатталды. Оның түлетіп шығарған шәкірттері бүгінде зор жетістіктерге жетіп, ел дамуына үлестерін қосып жүр.

Әйткен Әбішев, Т.Рысқұлов ауданындағы Абай атындағы орта мектептің директоры:

– Осы уақыт ішінде, өткен-кеткенге шолу жасасам, бала кезімнен ұстаз болуды армандадым, сол арманға жеттім деп ойлаймын. Ұстаз болу қиын да, өте қызықты мамандық. Мұны таза жүрекпен беріліп істеу керек, егер жүрекпен беріліп істемесең, ұстаз бола алмайсың.

Ал ақтөбелік ұстаз Жанат Сүйентаеваның зейнеткерлікке шықса да, сүйікті ісін жалғастырып жатқанына үш жыл болды. Себебі өзі секілді орыс тілі және әдебиеті пәнінен дәріс беретін басқа маман табылмай тұр. 40 жылдық еңбек өтілі бар мұғалімді мектеп әкімшілігінің де жібергісі жоқ. Өйткені, талай пән олимпиадаларының жүлдегерлерін дайындап, білім ұясының беделін арттыруға қомақты үлес қосып келеді.

Жанат Сүйентаева, орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Мен ойлаймын, жастар мұғалімдер қағазбасты және жеке өміріне уақыты жоқ деп қорқады. Қазір ұстаздарға заттар көзқарас та өзгерді.

Ұлағатты ұстаз мектеп әкімшілігімен арада қол қойылған келісімшарт негізінде қызмет етіп жүр. Тәжірибелі маманның еңбек жолын жалғастыруды ата-аналар да қалапты. Олардың пікірінше, өткен дәуірдегі білім жүйесін меңгерген мұғалім, қазіргі кезеңнің де талабына жауап береді.

Алиса Төлеуова, ата-ана:

– Ата-ана ретінде, ата-аналардың атынан осындай білікті, ұлағатты, жоғары білімді мүғалімді көргіміз келеді. Жыл сайын республикалық, облыстық деңгейлерде жүлделерді иеленіп келеді. Қаншама оқушыларын, түлектерін білеміз.

Зейнеткерлік жасқа жеткен ұстаздардың өз ісін жалғастыруы – кадр тапшылығынан туындаған мәселе. Бүгінде өңірдегі мектептерге 100-ден астам мұғалім қажет. Негізінен, бастауыш сынып, ағылшын тілі, орыс тілі, математика, физика, химия, информатика және өзге де пән оқытушыларына сұраныс жоғары. Сондықтан қазір педагогтар даярлайтын бірқатар колледж және жоғары оқу орындарына тапсырыс көбейген.

Бауыржан Ердембеков, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры:

– Қосарланған мамандықтар ашылды. Физика-математика. Болашақта ол физикадан да, математикадан да сабақ береді. Химия-биологиядан да сабақ береді. География пәнінің де сағаты азайып бара жатыр. Географқа келмейді. Сондықтан бізде, тарих және география бөлімі ашылды. Болашақта георграфияның жақындау мамандығы биология — география бөлімін дегенді ашайық деп жатырмыз. Қоғам қандай мамандарды сұрайды, сол мамандықтарды ашуымыз керек.

Мамандардың айтуынша, мұғалімнің қызмет ету мерзімі, айлық-жалақысы және тұрмысын жақсарту мәселелері болашақта қабылданатын  «ұстаз мәртебесі» туралы заңда нақты айқындалуы тиіс. Қазір құжаттың жобасы қоғамда талқыланып жатыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев
https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/345389-stazdar-zejnetkerlikke-erte-shy-uy-m-mkin-be