Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Шетелде білім алу» маусымы ашылды

«Шетелде білім алу» маусымы ашылды

Жұбанов университетінің Студенттер сарайында «Шетелде білім алу» маусымы  ашылды. Алдымен Студенттер сарайының фойесінде білім алушылардың шетелдегі білім-ғылым жетістіктері көрмесі,  тілдік орталықтар көрмесі, серіктес университеттерді таныстыру көрмесі, шетел тілдеріндегі кітаптар мен  басылымдар көрмесі өтті.

Аталған оқу ордасының  4-курс студенті Анастасия Межанова әлеуметтік желілерде «Біз мұндай мүмкіндіктің туып отырғанына өте қуаныштымыз!» деген эстафетаны бастады.  Анастасия онда академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысу туралы айта келе, ол бұл баға жетпес тәжірибе, білімнің үлкен қоры және жаңа достар табу мүмкіндігі  екенін жеткізді. Анастасия өткен жылы Башқұртстанның ең беделді университеттерінің бірінде Башқұрт мемлекеттік университетінде оқыды және қазіргі уақытта Польшадағы Эразмус+ бағдарламасы бойынша  Войцех Корфанты атындағы Жоғарғы Силезия Жоғары экономика мектебінде (Катовице) оқиды.

Экономика және құқық факультетінің студенті А.Межановадан  басқа Жұбанов университетінің жүздеген студенттері жыл сайын шетелде білім алуға мүмкіндік алады. Осы жылы халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысушылар саны 120-дан астам студентті құрады.

Қазіргі таңда аталған оқу ордасы әлемнің жетекші 150 университетімен, соның ішінде Америка, Еуропа және Азия, ТМД елдерінің (Польша, Түркия, Литва, Латвия, Франция, Болгария, ҚХР және Корея, Ресей Белорусь, Қырғызстан т.б.) жоғары оқу орындарымен өзара ынтымақтастық орнатып, студенттердің шетелде білім алуына көп мүмкіндіктер ашып отыр.

Шетелде білім алу маусымының ашылуы аясында шетелдік серіктес университеттердің презентациясы жасалды. Айта кетейік,  2018 жылдың өзінде 9 елдің білім беру және ғылым саласындағы 34 жоғары оқу орындарымен меморандумдарға қол қойылды. Шетел тілдерін тереңдетіп оқыту студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысудың басты бөлігі болып табылады. Сондықтан университетте ағылшын, қытай (Конфуций Институты), корей (Корей тілі орталығы), түрік және поляк тілдері (Поляк мәдениеті мен тілі орталығы) курстары өткізілуде.  2018 жылы Жұбанов университетінің 600-ден астам студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрамы шет тілі курстарына қатысты.  Оның ішінде 534-і студент қытай тілі курстарына, 45-і студент корей тілі курстарына, 54-і студент түрік тілі курстарына, 21-і студент поляк тіл курстарына, 22-і студент жазғы тілдік курстарға қатысты. Сондай-ақ, «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының қолдауымен Ұлыбританиядан оқытушылар шақырылды.

Халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры Гүлжан Шоқымның айтуынша, университеттің халықаралық қызметінің тағы бір маңызды көрсеткіші — бұл профессорлық-оқытушылық құраммен алмасу және шетелдік ғалымдарды тарту.  «2018 жылы алыс және жақын шетелдерден дәріс және тәжірибелік сабақтар, ғылыми және әдістемелік семинарлар, мастер-класстар мен дөңгелек үстелдер өткізу, PhD докторанттарының диссертациялық жұмыстарына басшылық жасау, ЖОО-ның ғылыми зерттеулеріне қатысу үшін 18 ғалым шақырылды. Біздің университеттің 4 оқытушысы Набережные Челны мемлекеттік педагогикалық университеті мен Орынбор мемлекеттік университетінің (РФ) әріптестерімен білім алушыларға дәріс және практикалық сабақтар өткізу арқылы кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.

Алдағы уақытта Жұбанов университеті әлемнің іргелі жоғары оқу орындарымен терезесі тең дәрежеде  білім беру сапасын арттыруда көздеп отыр. Соның көрінісінде, академиялық ортада жоғары оқу орнының беделін арттыру үшін оқу ордамыз QS World University Rankings” әлемдік рейтингіне енуді мақсат етіп отыр.  

Біздің мақсатымыз – әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті, еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие, қазақстандық патриотизм рухында тәрбиеленген мамандарды дайындау», -деді Гүлжан Тыныштықбайқызы.

Шетелде білім беру маусымының ашылу салтанатына қатысқан Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков шетелде жаңа білім алудың, тәжірибе алмасудың және шет тілдерін үйренудің маңыздылығына тоқталып, студенттерге бұл заман талабы екенін баса айтты. Сондай-ақ, ректор университет беретін мүмкіндіктерді атап, студенттерді белсенді болуға шақырды Сөз соңында университет басшысы  белсенді академиялық ұтқырлық бағдарламасының координаторлары мен INVO еріктілер тобының үздіктерін марапаттады.

Кездесу аясында жиналғандарға ақпараттық-түсіндірмелік электронды жұмысы туралы айтылып, шетелде оқуға қызығушылық танытқан студенттер тіркелді.

«Шетелде білім алу» маусымы  ашылуына орай, шетелде оқып келген немесе қазір оқып жатқан білім алушылар #internationalarsu хештегі арқылы эстафета ұйымдастыруды бастады, ал «Балалар университетінің» жас студенттері әлемнің әр түрлі елдерінде оқитын жас жұбановшыларға қосылу идеясын қабылдады.