Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жаңа бағыт, жаңа бастама

Жаңа бағыт, жаңа бастама

ХХІ ғасыр – технология ғасыры болғандықтан, Қазақстан әлем бойынша ең жаңа деген оқу формаларын зерттеп, білім саласында үнемі жаңарту жасап келеді. Мемлекет басшысының  Жолдауында: «Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс» — деген болатын. Осы міндеттер аясында Жұбанов университеті бірқатар ірі бастамаларды жүзеге асыруда. Соның айғағы ретінде бүгін  аталған оқу ордасында Smart ARSU мобильді қосымшасы  іске қосылды.

Жоба авторларының айтуынша,  Smart ARSU мобильді қосымшасын Apple Store және Play Market-те көшіріп, жүктеуге болады. Бұл өте ыңғайлы және уақытты үнемдейді, білім алушылар үшін де, ата-аналар үшін қажетті қосымша. Әрдайым жаңарып отырады және пайдаланушыларға әр түрлі қызметтерді ұсынады.

Smart ARSU мобильді қосымшасы (қалалық қызметтер, университеттегі «Темірқазық» қызмет көрсету орталығы, электронды кітапхана, емхана, сонымен қатар сабақ кестесі, бос уақыт және басқалар) арқылы қолданушыларға интерактивті, ыңғайлы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Жаңа мобильді қосымшаның тұсаукесерінде  университет ректоры, профессор  Бауыржан Ердембеков Smart ARSU мобильді қосымшасы университетті және жалпы қаланы цифрландыру бойынша үлкен жұмыстардың бір бөлігі екенін атап өтті. Уақыт жетіспес заманда ұялы телефон арқылы керек ақпараттарға қол жеткізіп, мұнда  университет, оқу процесі туралы кез-келген ақпаратты табуға болатынын тілге тиек етті.

Студенттер алдында сөз сөйлеген университет басшысы білім алушыларды қосымшаның жұмысына және одан әрі дамуына белсенді қатысуға шақырды.

Сондай-ақ, Smart ARSU пайдаланушылары сабақтардың, үйірмелер мен іс-шаралардың кестесін ыңғайлы форматта көре алады. Және   университеттің жаңалықтарын бақылап, ғимараттар мен жатақханалар, оқу бөлімдері туралы ақпараттар ала алады.

Айта кету керек, Smart ARSU-да таңдалған  мәзірге байланысты барлық пайдаланушыларға push-хабарламалар жіберіледі, бұл оларға университеттегі барлық оқиғалар туралы білуге ​​мүмкіндік береді.

Ғылыми-инновациялық бағдарламалар департаментінің директоры Беріхан Ісбектің айтуынша, аталған  қосымша басқа пайдалы қызметтермен толықтырылады. Бұл студенттерге жатақханада тұруға немесе университеттегі «Темірқазық» қызмет көрсету орталығының басқа да әр түрлі өтініштерін алуға, оқу ақысы мен қарыздары туралы, кітапхана қорындағы кітаптар туралы білуге ​​мүмкіндік береді.