Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Өңірлік университет — мүмкіндіктер мекені

Өңірлік университет — мүмкіндіктер мекені

Бүгін университеттің   физика-математика факультетінде лингвист-ғалым Құдайберген Жұбановтың 120 жылдығына орай «WELCOME TO IT» шарасы ұйымдастырылды.

Айта кетейік, аталған факультетте былтырғы оқу жылында робототехника, IT Zone, 3D модельдеу кабинеттері ашылса, биылғы оқу жылында осы кабинеттер заманауи құрылғылармен толықтырылып, студенттік зертханаларға айналды. Факультетте дуальді білім беру күшейтілді, «Компьютерлік инженерия» жаңа инновациялық мамандық ашылып, оқу процесіне тартылған жұмыс берушілер мен  өндіріс өкілдері саны артты.  Сондай-ақ, күні кеше қаладағы  №72 IT мектеп лицейінде «Информатика және ақпараттық технологиялар» кафедрасының тағы бір филиалы ашылды.

Бүгін «WELCOME TO IT» шарасына жиналғандар алдымен IT жобалар көрмесімен, IT тақырыппен байланысты жаңа кітаптар көрмесімен танысып, Workshop, Роботтар жарысы мен үйірмелер жәрмеңкесін тамашалады.  Мұнда жиналғандарға жас бағдарламашылар, IT-клубы қауымдастығының мүшелері өздері құрған жобалар туралы әңгімеледі.  Аталмыш шара аясында 3D модельдеу бөлімінің жас зерттеушілері өз жобаларының үлгілерін көрсетті. «Мен медицинада 3D модельдеудің мүмкіндіктерін қолданғым келеді, бұл болашақ үшін өте қажет. Бүгін біз кішкентай жүректің моделін жасадық», — деді, «Ақпараттық жүйелер» мамандығының 3-курс студенті Азамат Сансызбаев.

Білім алушылардың IT  жобалар көрмесін тамашалаған университет ректоры Бауыржан Ердембеков  әрбір студентке көмек көрсетілсе әр сала бойынша мықты кәсіпкерлер шығатынына сенім білдірді және ынталылардың тың идеясына жан-жақты демеу білдіретіндігін жеткізді. «Кез келген идеяларыңызға қолдау көрсетуге дайынбыз. Бастысы ұсынатын жобаларыңыз қолданушыларға қолайлы, әрі түсінікті болуы керек», — деді Бауыржан Аманкелдіұлы.

Ал, ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде ғылыммен айналысатын жастардың саны артып келеді. Мәселен, күні бүгінге дейін физика-математика факультетінің көптеген студенттері облыстық, республикалық, халықаралық ғылыми-зерттеу шараларының жеңімпаздары атануда.

Инновациялық технологиялар паркінде орналасқан жаңа заманауи құрылғылармен жабдықталған «Компьютерлік желілер», «Ағындық мәліметтер аналитикасы және машиналық оқыту» зертханасының ашылуына қатысты.  Жаңадан қолданысқа берілген зертханалар ғаламторға қосылу мүмкіндігімен және қажетті бағдарламалық қамтамасыз етумен,  заманауи моноблоктармен жабдықталған. Мұнда Жұбанов университетінің студенттері жүйелік басқару туралы практикалық білім ала алады.

Айта кетейік аталған шараларға университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, құрылым басшылары, студенттер, магистранттар, Балалар университетінің  білім алушылары қатысты.