Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Атақты суретшілердің көрмесі ашылды

Атақты суретшілердің көрмесі ашылды

 Бүгін Жұбанов университетінде қазақтың тұңғыш профессор-лингвисі Қ.Жұбановтың 120 жылдығы мен ғалым Е.Жұбановтың 90 жылдығына арналған Минск суретшілері Татьяна Сиплевич, Ольга Крупенкова, Ольга Терещенко шығармаларымен ұсынылған «Беларусь  экслибрисі» халықаралық көрмесі ашылды.

Университеттің «Көркем еңбек және дизайн» кафедрасы ұйымдастырған халықаралық көрме Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл көрмеге  қылқалам шеберлерінің  100-ге жуық гравюрасы мен экслибристері қойылды.

Беларусь  экслибрисі тарихы 1533 жылы алғаш рет ана тілінде кітаптар шығарған Френсис Скоринаның есімімен байланысты. Беларусь экслибрисінің өнері үнемі жаңа аттармен толықтырылады, олардың қатарында Арлен Кашкуревич, Геннадий Грак, Юрий Яковенко, Александр Григорьев, Роман Сустовтың, Александр Улыбин, Владислав Квартальный, Анна Тихонова-Йорданович, София Пискунь, Глеб Сидор сынды атақты суретшілер де бар.

Салтанатты жиында университеттің Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров көрменің ашылу салтанатымен құттықтап, мерейтой аясында ұйымдастырылған көрменің мақсатын тілге тиек етті.

Көрменің кураторы, танымал экслибрист, график суретші, «Көркем еңбек және дизайн» кафедрасының оқытушысы Мәрзия Жақсығарина: «Кез келген суретші  шығармашылығында өзіндік қолтаңбасы болуын қалап, көп ізденеді.   Соның арқасында кейбір суретшілер өз  еңбегін өте шебер, ерекше қылып жасап шығады. Жұмыстардың басым бөлігі қара және ақ түсті линогравюра техникасында орындалған. Бірақ жұмыстардың ішінде түрлі-түсті гравюралар мен офорттар да кездеседі. Сондықтан элиталық өнерге жататын экслибрис және графика көрмесін тамашалауға мүмкіндік мол», — дейді. Көрме кураторының айтуынша,  көрмені 2019 жылдың желтоқсан айының соңына дейін тамашалауға болады.

Жұбанов университетінің басшылығының қолдауымен өткізілген шараға  университет студенттері,  оқытушылар  және «Ақбөбек» білім беру орталығының, №40 жалпы орта білім беретін мектебінің, Қ.Медетов атындағы Мәртөк балалар өнер мектебінің, №1 Хромтау орта мектебінің,  №4 Хромтау орта мектебінің,  Бадамша балалар өнер мектебінің  100-ден аса оқушылары қатысты.