Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Берері мол басқосу

Берері мол басқосу

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз хатшысы, коммуникация сарапшысы, блогер,  медиа-тренер Ақерке Берлібай коммуникациялық менеджмент және әлеуметтік желіні қалай жүргізу керектігі туралы Жұбанов университетінде 8 сағаттық семинар-тренинг өткізді.

«Цифрлық» медиа дәуірінде (әлеуметтік желілер, мессенджерлер) барлық әлем бойынша ақпаратты таратудың жылдамдығы бірнеше есеге ұлғайған кезде ақпараттық сын-қатерлерге толық ден қойып, дербес шешімдер қабылдау үшін қажет құзыреттер мен дағдыларды дамыту мақсатында өткізілген семинарға университет басшылығы мен қызметкерлері қатысты.

Басқосу барысында медиа-тренер Ақерке Берлібай алдымен Жұбанов университетінің статистикасын жасағанын, оның ішінде аталған  оқу орнының қай қызметкері  желіде белсенді екенін тілге тиек етті. «Тренинг кезінде университет өкілдеріне  әлеуметтік желі арқылы жұмыс жасау  тәсілін түсіндіреміз. Себебі,  кейбір тұлғалар желіні қалай қолдану керектігін білмейді. Мәселен, инстаграм желісінің құралдарын түсінбейді. Сонымен қатар университет өкілдеріне  желіні мүмкіндігінше өзі жүргізіп және парақшаны  ресми емес, қарапайым тілмен жүргізуге  кеңес береміз. Осы және өзге де мәселелер туралы кеңінен айтамыз», — деді А.Берлібай.

Ақерке Берлібайдың айтуынша, семинарға қатысушылар  коммуникациялық менеджмент, әлеуметтік желіні жүргізу, БАҚ-пен қарым-қатынас орнату бағытында сабақ алады.  Сонымен қатар тренинг барысында Ақерке Берлібайқызы университет басшылығы мен қызметкерлеріне әлеуметтік желі арқылы жұмыс жасау тәсілін айтып, посттар мен суреттерді дұрыс орналастыру тәртібін үйретті.  «Алдымен әлеуметтік желіні қалай дұрыс қолдану керек? деген тақырыпқа тоқталайын. Біз қазір әлеуметтік желіні өте салақ қолданамыз. Оқырмандарды жұмысыңыз туралы жазылған посттар қызықтырмайды. Оған өзіңіз туралы, балалық шағыңыздағы  әдемі естеліктер  туралы жазғаныңыз қызық. Бұл аталған посттарға ғана емес, салынған суретке де байланысты. Таңертеңгі уақытта көпшілігі: «Қайырлы таң! Бүгінгі күн сәтті өтсін» деп өз суретін салады. Иә, әрине дұрыс. Бірақ, оның күнделікті салып отыруы адамды жалықтырып жіберетінін ескеріңіз.

Тың тақырып іздеңіз. Білікті саясаттанушы Ерлан Қарин инстаграм желісіне Елбасының суреті салынған ақ футболканы киіп тұрған суретін жариялады. Бұл дегеніміз үнемі трендте болу. Тікелей эфирге шығып отыру да маңызды. Бастапқыда көрермендеріңіз көбейгенімен, қозғаған тақырыптарыңыз іш пыстырса, кейін оқырмандарыңыз азая береді. Сол себепті, эфирде пайдалы ақпаратпен бөлісіңіз. Мәселен, мен дәл қазір тренинг өткізіліп жатырғаны туралы салсам, оны көрермен өзіне сақтап алар еді. Мотивация беретін посттарды жиі салып тұрыңыз. Тек жұмысыңыз туралы айта бермей, қызықты тақырыптарды да қозғаңыз. Қазір − раxат. Таргет арқылы жұмысыңызды мықты жарнамалай аласыз. Сіз оны саларда қандай аудитория керек екенін, қанша күнге салатыныңызды да  таңдай аласыз. Ең мықты таргет жасаушы Нұрлан Байділдәдан үлгі алаласыздар (күліп)», — деді А.Берлібай.

ВКонтакте, ютуб, инстаграмм, фейсбук. Сегіз сағаттық  семинарда аталған желілерде жұмыс жасау тәсілдері де үйретілді. Сондай-ақ, медиа-тренер  әлеуметтік желіде жеке тұлға болып қалыптасудың маңыздылығы туралы да  әңгімеледі. «Бренд бізге не береді? Әр адам өз есімін өзі қалыптастырады. Егер сіз өз есіміңізбен әлеуметтік желіде жақсы танылсаңыз, бұл сіздің жеке брендіңіз. Мәселен, менің брендім − баспасөз хатшысы. Сол секілді әрбір адамның өз бренді болады. Сіздің жеке брендіңіз сізді өзгелерден ерекшелендіріп тұруы қажет. Жалпы бренд бізге не береді? Біріншіден, өзіміздің кім екенімізді көпшілік алдында дәлелдеуге уақыт жоғалтпаймыз. Маған біреу келіп: «мына студент жақсы, жұмысқа ынтасы бар» деп айтса, әрине, мен оның әлеуметтік желісін қараймын. Ол қаншалықты белсенді? Немен айналысады? Толық ақпаратты фейсбук пен инстаграм парақшасы арқылы білемін. Әрине, ұнаса міндетті түрде жұмысқа аламын. Міне, дәл қазір көбі осылай істейді. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында әлеуметтік желісін жүргізуіне қарап жұмысқа алады. Мысалы, мен көп жұмысқа солай шақырту алғанмын», — деді.

А.Берлібай өз кезегінде жеке  брендін қалыптастыру үшін жеке тұлғаға төрт бағыт (функционалды, әлеуметтік, ақыл және рухани белсенділік) бойынша жұмыс жасау қажеттігін айтты.  Сонымен қатар брендтің әлеуметтік желідегі орнына тоқталды. «Сіз − керемет танымал тұлғасыз. Ал сіздің айналаңызда сіз секілді жандар көп. Олардан сіз немен ерекшеленесіз? Атап айтсақ, сіздің әлеуметтік желіде дұрыс таңдалған суретіңіз, есіміңіз бен лауазымыңыздың дұрыс жазылу да сізді ерекшелендіреді. Суретіңді үнемі өзгерте берсеңіз, оны оқырман есінде сақтай алмайды. Тұрақты суретіңіз және тұрақты атыңыз тұруы керек. Көпшілік мені тегім арқылы таниды. Қазір инстаграмда уақыт деген шектеу жоқ. Сіз күндіз де, түнде де сурет сала аласыз. Алайда, инстаграм мынадай жүйе орнатқан. Сіздің салынған суретіңіз бен постыңыз көп лүпіл жинап, пікірлер болса, оқырман оны міндетті түрде қарайды», — деді.

Айта кетейік, заманауи технологиялар ғасырында әлеуметтік желілердің дамуын, әсіресі, жастар тиімді қолдануда. Танымалдығыңды арттырып, оны табыс көзіне айналдыру үшін, өз брендіңді қалай  алға бастыру қажеттігі жайындағы кеңестерімен Ақерке Берлібай келесі күні Жұбанов университетінің студенттерімен бөлісті.

Онда студенттер ақпаратты оқырманға жеткізудің форматтары туралы мәлімет алды, блогерлік, әлеуметтік желілер, пиар ұйымдар туралы білді, «контент-маркетинг» (посттардың мазмұны), «фото-видеоконтент», «рубрикатор» ұғымдарымен танысты.

Студенттермен кездесуде «Біріншіден оқырмандар қауымын анықтап алған жөн. Осыыған сәйкес қай бағытта жұмыс істейтінің анықталады. Біздің ойымызша, жастар тек ойын-сауық контентін дамытпай, қызметіне сай  танымдық ақпаратты алға тартулары тиіс»,дейді Ақерке Берлібай.

Басқосу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын еркін қойып, тиісінше жауаптарын алды.