Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Халықаралық ынтымақтастықты нығайту

Халықаралық ынтымақтастықты нығайту

Каунастағы (Литва) Ұлы Витовтас университетінде жаһандық QS саммитінің нәтижесі «QS in Сonversation. Халықаралық ынтымақтастық арқылы танымалдылықты арттыру: ұтқырлық, тану, брендинг» тақырыбында Қазақстан жоғары оқу орындарының Ректорлар Кеңесінің мүшелері мен Литва университеттерінің жетекшілерінің бірлескен отырысы өтті.

Ауқымды шараға академиялық қауымдастық көшбасшылары – жоғары оқу орындарының ректорлары, білім, ғылым, өнер, журналистика, бизнес, экономика және денсаулық сақтау саласындағы өкілетті ғалымдар мен сарапшылар, халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналды. Сонымен қатар Литва денсаулық ғылымдары университеті, Миколас Рёмерис университеті, Витаутас Магнус университеті, Каунас технологиялық университеті, Клайпеда университеті, Литва спорт университеті, бизнес университеті және тағы да еліміздің басқа  оқу орындарының ректорлары қатысты. Олардың қатарында  Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков те бар.

QS in Сonversation халықаралық білім беру саммитінде Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков Витаутас Магнус университетінің ректоры Юозас Аугутиспен кездесті. Еске салсақ, 2017 жылы Жұбанов университеті Витаутас Магнус университетімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын. Қос  университет басшысы жаратылыстану ғылымдары мен IT саласындағы бакалавриат бағдарламаларына арналған UIB екінші диплом  алу бағдарламасының орындалу барысын талқылады. Сондай-ақ, сапар барысында Бауыржан Аманкелдіұлы  академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша қазір Литвада оқып жатқан Жұбанов университетінің студенттерімен әңгімелесті.

QS in conversation — бұл жоғары білім саласындағы жаһандық міндеттерді талқылауға, әлемдік қауымдастықты нығайтудағы университеттердің рөлін анықтауға, халықаралық жоғары білім беру жүйесіндегі трендтерді талқылауға және тағы да басқа аса қажетті мәселелерге бағытталған әлемдік маңызы зор жиын.

​Жиында халықаралық ынтымақтастық арқылы жоғары оқу орындарының танымалдығын арттыру әдістері, БАҚ-пен байланыс жолдары қарастырылды және студенттерді кәсіпкерлік дағдыларын дамыту арқылы жұмысқа орналастыру, креативті ойлау, жеке брендинг, сонымен қатар рейтингтер арқылы бәсекеге қабілетті кеңістікте ЖОО-ның өз сәйкестігінің жетістіктері талқыланды.  Сондай-ақ, маңызды кездесу барысында Қазақстан-Литва ғылыми серіктестігі халықаралық рейтингтердегі даму стратегиясы және қолданылған индикаторлар жүйесіне шоғырланатын, білім беру нақтылығының саясатын қалыптастыратын, ғылыми мақалалар бойынша бірлескен жұмыс аясындағы ынтымақтастық, G-Global алаңында желілік университетті құру және осы алаңдағы қауымдастық мәселелері қарастырылды.

Гранттық қаржыландыруға арналған жобаларды ұсыну, бірлескен білім беру консорциумдарын құру, PhD даярлау деңгейіндегі ынтымақтастық, Эразмус арқылы бірлескен жобалар бойынша жұмыс істеу, бірлескен конференциялар, Жазғы мектептер, тағылымдамалар және ғылыми зерттеулер өткізу үшін зерттеушілерді өзара тығыз ынтымақтастыққа, тәжірибе алмасуға және бірлескен іс-шараларға қамтуға көп көңіл бөлінді.

Екі күнге созылған  Саммитке қатысушылар «Университет & БАҚ-пен байланыс», «Университеттік брендинг: бәсекелестік кеңістікте өз жолын табу», «Рейтингтер арқылы Брендинг: QS қалай барынша пайдалану керек» және т.б. тақырыптарды талқылады.