Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов Университетінде «Жұлдызды түлектер» бас қосты

Жұбанов Университетінде «Жұлдызды түлектер» бас қосты

2017 жылдың 29 қыркүйегінде Батыс өңіріндегі жетекші жоғары оқу орны Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінен сан тарапқа қанат қаққан, бүгінде елімізге танымал, өз саласында ойып тұрып орын алған жұлдызды түлектер бас қосты.

Салтанатты шараны университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы кіріспе сөзбен ашып, «Ақтөбе-құтты мекен» форумы аясында өткізіліп жатқан университет күндері аясында көптеген шаралардың жүзеге асып жатқандығын, түлектерімізбен қара шаңырақ арасында байланысты нығайта түсу, арадағы алтын көпірді қалыптастыру, «Түлектер ассоциациясын» құру сияқты жоспарларын алға тартты.

Жиналған қауым ұлы тұлғаны еске алып, университет ректоры бастап, университет ұжымы мен университет түлектері Құдайберген Қуанұлы рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Тағзым ету шарасынан кейін университет алаңына орналасқан «Жұлдызды аллеяның» ашылу салтанаты өтті. Маркетинг орталығының директоры Алтын Қуанышбекқызы: «Бүгін Жұбанов Университетінде «Жұлдызды түлектер» аллеясы ашылды. Бұл тек қана бастамасы. Біздің жұлдызды түлектеріміз өте көп. Оларда бұл аллеядан өз орындарынан табатын болады» дей келе, Конфуций институтының директоры Ли мырза мен елге танымал әнші Светлана Айтбаеваға «Жұлдызды аллеяның» лентасын кесу құрметін ұсынды.

«Жұлдызды аллеяда» 19 жұлдызды түлектердің студенттік шағы мен қазіргі шағының фотолары, университетте білім алған жылдары стендтерде бейнеленген. Жиналған түлектер шара соңында естелік кітабына тілектерін жазып, қолтаңбаларын қалдырды. Содан кейін шара қонақтары «Университеттің  7 кереметін» тамашалады.

Шара «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығының ашылу салтанатына ұласты. Университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы бұл орталықтың болашақта тек студенттерге ғана емес, қызметкерлерге де қызмет көрсететініндігіне, «Цифрлы университет» жобасы дайындалып жатқандығын, осы студенттерге қызмет көрсету орталығы сол жобаның бір тармағы екендігін айтып өтті.

Жұлдызды түлектер келесі нысан «Қ.Жұбанов» конференция залының ашылу салтанатына қатысты. «Қ.Жұбанов» конференция залының лентасын физика-математика ғылымдарының докторы Константин Цхай мен танымал әнші Қанат Айтбаев кесті. «Қ.Жұбанов» конференция залында студенттерге арналған дәрістен басқа, белгілі тұлғалармен кездесулер, семинарлар өткізілетін болады.