Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбановтар мерейтойына арналды

Жұбановтар мерейтойына арналды

Елдің атын қашанда ер асқақтады, ұлт тарихының талай сырларын қойнауына бүккен Ақтөбе жері таланттыларға кенде емес. Осынау өлке атамекені саналатын Жұбановтар әулеті қазақтың ғылымы мен өнерінің биік бір белесі, қол жетпес асуы десек, еш қателеспейміз. Оның басында тіл білімі бойынша Құдайберген Жұбанов, музыка саласында Ахмет Жұбанов тұр. Құдайбергеннен тараған ұрпақ Ақырап Жұбанов — сезімін қыл қаламмен өрнектеген дарынды суретші, Есет, Асқар Жұбановтар — әке жолын қуған талантты лингвистер, Ахмет Жұбановтың қызы Ғазиза Жұбанованың есімі қазақ музыкатану өнерінде ерекше аталады, ұлы Болат Жұбанов — есімі шет елдерге мәлім химия ғылымдарының докторы, академик. Бұл аталған жандар — Ақтөбе топырағынан өніп шығып, облысымыздың атын иісі қазаққа танытқан тағылымы мол тұлғалар.

Міне соған орай, қазақ ғылымы мен өнерінде өшпес із қалдырған, тамыры тектіліктен нәр алған әулетті ұлықтау мақсатында қаламыздағы Жұбановтардың есімі берілген мекемелердің бірлесуімен «Жұбанов шаңырақтары» мега жобасы  бастау алған  болатын.   Соның айғағы ретінде Құдайберген Жұбановқа 120 жыл, Есет Жұбановқа 90 жыл және Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияға 75 жыл мерейтойларының  аясында бірқатар шаралар өткізілді.

Алдымен қаладағы Өнер орталығының мәжіліс залында  Жұбанов университеті мен Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының басшылары  екіжақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандумға қол қойды. Ондағы  мақсат – Елбасының «Жастар жылына» орай облысымыздың рухани-мәдени өміріне жаңа серпін беретін еліміздің болашағы — жас ұрпақты әлемдік классикалық жауһар туындылармен сусындатып, патриоттық сезімге баулу, оларға ұлттық дәстүрлі өнерді дәріптеп, жастарға тәлім-тәрбие беру.

Мұнда пайымды пікірлер мен орамды ойларын ортаға салған қос тарап басшылары  ортақ іс-шаралар мен жоспарларды нақтылап, екіжақты келісімді орнатты. Келелі келіссөзбен, мазмұнды меморандум бекітілген басқосудан  кейін, Өнер орталығының концерт залында «Жұбанов жұлдыздары» атты   мерекелік шарамен өз жалғасын тапты. Бұл шараға Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның, Құдайберген Жұбанов университетінің, А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжінің  студенттері мен басшылары, қала тұрғындары қатысты.

Концерттік бағдарламада еліміздің ұлттық мәдениетіне елеулі үлес қосқан тұлғалар танымал композиторлардың танымал шығармаларын орындады.   Сахнада ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, ҚР Мәдениет саласының үздіктері Орал-Қосай Байсеңгір, Жұлдыз Нұрқасымова, филармония әншілері Еркебұлан Құмаров, Ерхан Алданазаров, Айбек Мақашев, Дина Ниязова, Жәнібек Бекбосынов, Нұртас Омаров,  сонымен қатар  университет және колледж студенттері  өнер көрсетті.  Бұл кеште танымал композиторлардың шығармаларын орындаған әрбір орындаушы көрерменге шын мәнінде рухани кеш сыйлады. Кешке жиналған халық бар ынтасымен сүйсіне тыңдап, ыстық ықыластарын ду қол шапалақпен жеткізді.

Концерт көрермендері өз кезегінде осындай игі шаралар өткізген ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.