Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мерейлі мерейтойға арналды

Мерейлі мерейтойға арналды

Тұғырлы әулеттің тұмары болған әулеттер мен жеке тұлғалар баршылық. Жиырмасыншы ғасырда осындай ұлт биігіне көтерілген әулеттің бірі және бірегейі – Жұбановтар отбасы. Соған орай бүгін Жұбанов университетінде қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық негізін салушы, қазақ филологиясының тұңғыш профессоры, ағартушы-ғалым, қоғам қайраткері Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың және филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі әдебиетші-ғалым Есет Құдайбергенұлы Жұбановтың мерейтойы өткізілді.
Мерейтойға арналған шаралар Нұрпейіс Байғанин есімімен аталатын ғимаратта басталды.
Мерейтойға жиналған қонақтар алдымен халық ақыны, жырау Нұрпейіс Байғаниннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Содан соң филология ғылымдарының докторы, профессор Есет Құдайбергенұлы Жұбанов атындағы конференц-залдың ашылу салтанатына қатысты. Салтанатты шараға қатысқан филология ғылымдарының докторы Асқар Жұбанов пен Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Қажығали Мұқаметқалиұлы қызыл лентаны қиып, жиналған жұртшылықпен ашылған кабинеттің ішін аралады.
Аталмыш конференц-зал Ақтөбе өңірінің тарихи тұлғалары тілші-ғалым Қ.Жұбановтың 120 жылдық және Е.Жұбановтың 90 жылдық мерейтойларына байланысты өткізілетін іс-шаралар негізінде ғалымдарға тағзым етіп, есімдерін ұлықтау, ғылыми мұрасын зерделеу мақсатында ашылды. Мұнда алдымен «Қазақ филологиясы» мамандығының 1-курс студенті Нұрсерік Тәуекелов танымал тұлғаға арнаған жүрекжарды өлеңін арнады. Одан кейін кабинетті таныстырған «Қазақ филологиясы» мамандығының 2-курс студенті Амангелді Иманғазиев: «1991 жылы Құдайберген Жұбановтың ғылыми мұраларын зерттеу және идеяларын тарату мақсатында «Жұбановтану» ғылыми зертханасы ашылды. Ғылыми зертханаға Қ.Жұбановтың баласы, түрколог-ғалым, сол уақытта ҚР ҰҒА Тіл білімі институтынан Есет Құдайбергенұлы Жұбанов қызметке шақырылды. Есет Жұбановтың ғылыми жетекшілігімен «Жұбановтану» тақырыбына қатысты 10 кандидаттық және докторлық диссертация қорғалып, «Жұбановтану зертханасының еңбектері» сериясымен 20-дан астам ғылыми-танымдық еңбек жарияланды. Олардың көбі университетімізде ұстаздық қызмет етіп, алған тағылымдарын жастарға жеткізу арқылы жұбановтанушылар қатарын көбейтуге үлес қосып жүр…
Ал бұл стендте Есет Құдайбергенұлының еңбектері мен Есет ағайдың жетекшілігімен қорғалған докторлық диссертациялар qr код арқылы көрсетілген. Qr кодты ұялы телефондарыңызға анықтау арқылы электронды нұсқасын оқи аласыздар», — деді.
Ғалым атындағы коференц-залда Есет Құдайбергенұлының келбеті шебер сомдалған мүсін қойылған. Авторы – университет студенті Дәулет Нұфтуллин. Сондай-ақ, кабинет қабырғаларына Қ.Жұбанов әулетінің шежіресі, профессор Есет Құдайбергенұлының өмірбаяны, қызмет жолы, еңбектері мен алған наградалары жазылып, ғалымның болашақ ұрпаққа үлгі боларлық сөздері көрсетілген. Кабинеттің ашылуында Асқар, Ардақ Жұбановтар да сөз сөйлеп, университет ұжымына ризашылықтарын жеткізді.
Айта кетейік, аталған конференц-залда университеттің оқытушылары мен студенттері профессор Есет Жұбановтың ғалымдық дара жолын айқындайтын мағлұматтар қорымен және жеке өміріне қатысты да мәліметтермен таныса алады. Алдағы уақытта конференц-зал болашақ жас ғалымдар мен мамандардың өзара пікір алысып, ғылыми шаралар өткізетін орынға айналмақ.
Содан соң қонақтар мен университет ұжымы «Бастау» телерадиокешенінің ашылу салтанатына қатысты. Жұбанов университетінде ашылған «Бастау» радиосы мен телестудиясының мақсаты — студенттерге «Филология» мамандығы бойынша журналистиканы оқыту дағдыларын дамыту, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және университет имиджін көтеру, жұртшылықпен байланыс орнату үшін телевизиялық және радиостудияларды тиімді пайдалану. «Бастау» телерадиокешенінде 21 адам қызмет етеді. Оның ішінде журналист болуға талпынған 20 студент кастинг арқылы іріктеліп алынып, қазіргі таңда өздеріне жүктелген жұмыс бойынша қызмет атқаруда. Мұнда жұмыс жасайтын студенттер радио және телехабар таратып, университетте әр факультеттің жаңалықтарымен таныстырады.
Телерадиокешеннің ашылуында университет студенті Мұрат Қуаныш сөз сөйлеп, оқу ордасының басшысына алғысын жеткізді. «Құрметті Бауыржан Амангелдіұлы! Сіздің осы уақытқа дейін университет үшін атқарған ерен еңбектеріңізді көзбен көріп үлгі алып келеміз. Осынау жастар жылында біздей студенттерге болашақта білікті журналист болып қалыптасуымызға тағы да зор мүмкіндік беріп, бізді қолдап, осындай студия ашып беріп отырсыз. Сізге мың алғыс!», — деді ол.
«Бастау» телерадиокешені өз жұмысын қыркүйек айынан бастап, тыңдар құлақ пен көрер көзге «Қайырлы таң, ARSU», «Университет жаңалықтары», «Бүгінгі күн – тарих», «Кешкі подкаст», «Шытырман», «Саяхат», «Философиялық көзқарас» сынды арнайы дайындалған бағдарламаларды ұсынады. Сондай-ақ телерадиокешеннің арнайы bastauradio.kz сайты ашылып, инстаграм және Вконтакте әлеуметтік желісінде де өз жұмысын көрсетуде. Сол арқылы жас журналистердің дайындаған арнайы материалдарын аталған кешеннің сайтынан тыңдап, әлеуметтік желідегі парақшаларынан көруге болады.