Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбановқа жұбановшылар құрмет көрсетті

Жұбановқа жұбановшылар құрмет көрсетті

Бүгін қос ғалымның мерейтойына жиналған қонақтар Жұбанов университетінің Мұхтар Арын атындағы ғимаратында жаңа кабинеттер мен жаңа нысандардың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Алдымен меймандар кәсіби-шығармашылық факультетіндегі Самат Қазиев атындағы оқу-әдістемелік кабинетінің лентасын қиды.
Мұнда Жұбанов университетінде ұзақ жылдар бойы білім саласында қажырлы еңбек етіп, артына өшпес із қалдырған Самат Қазиевтің шәкірттері ұстазының өмір жолынан сыр шертті. Айта кетейік, бұл оқу-әдістемелік кабинетін ашуға ұстаздың шәкірттері бастама танытқан. «Бүгін міне елге есімі танылған Жұбановтардың мерейтойы аясында Самат ағайымыздың атында оқу кабинеті ашылып отыр. Ең бастысы — бұл келешек жастарға өнеге болары сөзсіз…
Самат Жұмағалиұлы – Жұбанов университетінде қызмет еткен белгілі тұлғалардың бірі. Осы университеттің дамуына ұстазымыздың сіңірген еңбегі зор деп ойлаймыз. Самат Жұмағалиұлы Қазиевтің түлектері бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет етіп жатыр. Біз де бүгінгі ұрпақпен келешекте мақтанатын болайық», — деді шәкірттері.
Мерейтойға жиналған көпшілік аталған факультеттегі ІТ кабинетімен танысып, №1 спорт кешіндегі альпинистік қабырғаны тамашалады. Кабинеттердің ашылуына университет басшылары, белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, студенттер қатысты. Факультет жанынан ашылған кабинеттер жиһаздармен, компьютерлік техникалармен, көрнекі құралдармен, оқу құралдарымен жабдықталған.
Ресми рәсімнен соң университетте «Биология» мамандығының білім алушыларының теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, жылыжай кешенінде ғылыми зерттеулер жүргізуіне жағдай жасап, ғылымға деген ынталарына жол ашу мақсатында «Жұбанов жылыжайы» ашылды.
Жылыжай – өсімдіктерді жыл бойы өсіруге мүмкіндік беретін кешен, жалпы аумағы – 150 м², ұзындығы — 25 метр, ені — 6 метр, ал биіктігі – 3,5 метр. Мұнда жыл бойы өсімдіктердің алуан түрлері өсіріліп, зерттеледі. Сонымен қатар жылыжай кешені дипломдық және магистрлік жұмыстар жазу үшін қажетті ғылыми зерттеулер мен эксперименттер жүргізуге аса қолайлы жер. Кешенде университет оқытушылары далалық-практикалық семинарлар және практикумдар жүргізеді. Сондай-ақ, «Өсімдіктер морфологиясы және анатомиясы», «Ботаника», «Фитоцеонология», «Өсімдіктер физиологиясы» сабақтарында алған білімдерін практикалық жағдайда бекітуге мүмкіндік алады.
Биолог мамандардың айтуынша, жылыжай кешенінде әртүрлі инновациялық технологиялар пайдаланылады. Аталмыш нысанда университет аумағын көгалдандыру үшін қажетті декоративті өсімдіктердің көшеттерін өсіруге болады. Өсімдіктерді топырақсыз өсіріп, ол үшін ағаш үгінділерін пайдалану қажет. Білім алушылардың көкініс дақылдарын өсіруге деген қызығушылықтарының артуына септігін тигізеді.
Бүгінгі мерейтойлық шара аясында «Жасыл желекті Жұбанов» ағаш егу акциясына қатысқан қонақтар университет аумағындағы саябаққа ағаш егіп, игілікті істер атқарды. Айта кетейік, мерейтойға орай 120 көшет отырғызылды. «Жасыл желекті Жұбанов» ағаш егу акциясы университеттің сәулеттік келбетін жақсарту, абаттандыру, көгалдандыру, қоршаған ортаның таза болуына атсалысуға шақыру мақсатында ұйымдастырылады. Содан кейін мерейтой қонақтары университеттің бас ғимаратындағы Жұбановтар отбасына арналған ақпараттық фотостендті тамашалады.
Мерейтой аясында қазақтың тұңғыш профессор-лингвисі Қ.Жұбановтың 120 жылдығы мен ғалым Е.Жұбановтың 90 жылдығына арналған жыр мүшәйрасы өтті. Филология факультеті ұйымдастырған жыр додасына 20-ға жуық ақын қатысты. Мүшәйраның мақсаты – қазақ тіл білімін негізін қалаушылар Құдайберген Жұбанов пен Есет Жұбановтың шығармашылығын насихаттау, жас таланттардың ақындық өнерін қолдау. Мүшәйра ережесі бойынша 16-35 жас аралығындағы ақындар екі өлең жолдауы керек болды. Бірінші өлең Қ.Жұбанов пен Е.Жұбановқа арналса, екінші өлең – еркін тақырып болуы тиіс. Жыр бәйгесіне ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Гүлімай Әбішқызы, университеттің «Қазақ әдебиеті» кафедрасының оқытушылары Әлия Ұлықпанова мен Айбат Өмірбаев қазылық етті. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4-курс студенті Амангүл Досмұхаммедова ие болды. Бірінші орынды филология факультетінің 4-курс студенті Әлихан Жақсылық еншілесе, екінші орынға аталаған факультеттің 2-курс студенті Самғар Орынбай лайық деп танылды. Жүлделі үшінші орын «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығының 1-курс студенті Анжелика Утепбергеноваға бұйырды. Жыр додасының соңында қатысушылар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар табысталды.
Жұбановтар мерейтойына арналған шаралар соңы университет ұстаздары мен студенттері қатысқан мерекелік концертпен түйінделді.