Пятница, Ноябрь 15, 2019
Басты > БАҚ біз туралы > Кемеңгер ғалымның дара тұлғасы ардақтала бермек

Кемеңгер ғалымның дара тұлғасы ардақтала бермек

Қарт тарихтың қай бетін ашсақ та, ұрпақ санасына ұлағат ұялатар сара жолға ұласқан соқпақтар сайрап жатыр. Елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қалу үшін жан аямай еңбек етіп, жанқиярлық ерлік көрсеткен тұлғалардың маңдай тері мен төгілген қанының табы айғызданған сүрлеулер… Сондай сүрлеу соқпақтан өтіп, өзіндік дара жолын қалыптастырған тұлғалардың бірегейі – Құдайберген Жұбанов.

Қазақ тілінің болашағы үшін қажырлы еңбек етіп, еліміздің тарихында өшпес із қалдырған, кейінгі ұрпаққа өзінің мол ғылыми мұрасымен танылған тума талант, тұңғыш лингвист-профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың 120 жылдығына және тектінің тұяғы, Ақтөбедегі линвистикалық мектептің негізін қалаушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Есет Құдайбергенұлы Жұбановтың 90 жылдық мерейтойын өткізу біз үшін үлкен абырой. «Жұбанов тағылымы» ғылыми-тәжірибелік конференциясы дәстүрлі түрде осымен 10-рет ұйымдастырылып отыр.

Халқымыздың «тіл тағдыры — ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры — ел тағдыры» деген ұстанымын жанына берік ұстап, осы жолға бар саналы ғұмырын арнаған тұғырлы тұлғалар – Құдайберген Жұбанов пен Есет Жұбановтың қазақ тіл білімі ғылымындағы зерделі зерттеулері мен құнды ойларын халқымыздың сарқылмас рухани байлығы деп білеміз.

Зерек зерде иесі Қ.Жұбановтың қазіргі ғалымдардан бір ерекшелігі – ол тілдің тек бір саласының аумағында қалып қоймай, тіл білімінің барлық саласына да қалам тартып, тілдің ішкі-сыртқы жағдайларының көп жұрт аңдай бермейтін тұстарын терең тани білген ғалым болды.

Небары 38 жасында қызыл қырғынның кесірінен қыршынынан қиылған, әлемдік лингвистиканың озық дәстүрін толық игерген ғалым қазақ тіл білімі мен түркология мәселелеріне қатысты «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» деп аталатын ғылыми еңбекті бастап, оны серияларға бөліп, 10 сериясын жазып бітірді. Әдебиеттанудағы аяқталмай қалған «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты мақаласында алғашқылардың бірі болып абайтанудың концепциясын түзді. Ал музыка тарихына қатысты «Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы жайлы» еңбегінде көтерілген мәселелер қазір де өзектілігін жойған жоқ.

Жетпіс жыл бойы елімізді билеген кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйенің ұстанған ұлтқа қарсы саясатының салдарынан халқымыздың тілі, тарихы мен мәдениеті айрықша қиын жағдайлардан өткені баршаға аян. Сондықтан ұлт тілінің қадірін терең түсініп, қазақ тіл білімінің қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан халқымыздың арда азаматы, ғұлама ғалым Құдайберген Жұбановтың ғылыми мұрасын бүгінгі ұрпаққа танытып, үнемі еске алып отырғанымыз жөн деп білеміз.

Биыл Құдайберген Жұбановтың ізін басып, ісін жалғастырған профессор Есет Құдайбергенұлы Жұбановтың туғанына 90 жыл толып отыр. Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында 1957-1991 жылдар аралығында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп жүрген Есет Құдайбергенұлы 1991 жылы туған жеріне оралып, қазіргі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өмірінің соңына дейін 15 жыл еңбек етті. Ол өз әкесінің есімі берілген оқу орнының алдыңғы қатардан көрініп, білікті  мамандар даярлауына, әсіресе, жаңадан ашылған қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының қанаты бекіп, тынысы ашылуына, Ақтөбедегі лингвистикалық мектептің қалыптасуына ерекше үлес қосты. Тұлпардың тұяғы Есет Құдайбергенұлы Ақтөбе жерінде жұмыс жасай жүріп, Жұбановтар мұрасы ұлт қазынасы екендігін дәлелдеп, әкесінің ғылыми мұрасын түгендеп зерттеуге басшылық жасады.

Өз кезінде тынымсыз ғылыми ізденісі нәтижесінде халық әдебиетінің тілдік ерекшелігін зерделеген зерттеулерімен танылған, қазақ тіл білімінде фольклор тілін зерттеген алғашқы ғалым Есет Құдайбергенұлы еңбектерінде түркі халықтарына кең танымал «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қобыланды батыр», т.б. жырлары стильдік-тілдік тұрғыда жан-жақты терең зерттелді. Есет Жұбанов – «Эпос тілінің өрнектері», «Қазақтың ауызекі көркем тілі», «Халық әдебиеті тілін оқытудың лингвостилистикалық аспектілері» атты зерттеулердің авторы. Сонымен қатар ол «Қазақ әдеби тілінің тарихи көздері» ұжымдық монография авторларының бірі болып, «Фольклор тілінің әдеби сипаты» тарауын жазып қалдырды.

Оның ұйымдастыруымен университетте «Жұбановтану» зертханасы жұмыс істеп, осы жерден бірнеше ізденушіге жетекші болып, ғылыми жұмыстар қорғатты. Есет Жұбановтың ғылыми жетекшілігімен «Жұбановтану» тақырыбына қатысты 10-ға жуық кандидаттық және докторлық диссертация қорғалып, «Жұбановтану зертханасының еңбектері» сериясымен 20-дан астам ғылыми-танымдық еңбектер жарияланды.

Мұғалжар жерінде дүниеге келіп, есімі елге танылған Құдайберген Жұбанов пен Есет Жұбановтың кейінге қалдырған зерттеулері халқының рухани қазынасына айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын құндылықтарының бірі деп білеміз.

Ғалымның ғылыми мұраларын зерттеу, кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында қара шаңырақта «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығы ауқымына Жұбанов мұражайы қосылып, ғылыми-техникалық тілді дамыту, қазақ тілінің технократиялық парадигмасын айқындау, жаңа технологиялық процестегі мәтіндерді түзу бағытындағы жүйеге көшті.

Мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру жұмысы аясында іске асқан «Менің таңдауым — Жұбанов» жобасының нәтижесінде университетімізде білім алатын студенттер саны биыл 15 мыңнан асты. «Жұбанов жылуы» еріктілер тобы құрылып, қараусыз қалған қариялар мен жетім балаларға мейірімін төгуде.

Университетте 80 мыңнан астам түлектің басын қосқан «Жұбанов түлектері ассоциациясы» жұмыс істейді, ал «Жұбанов кітапханасы» сериясымен университет ғалымдарының таңдамалы 22 кітабы шығарылды.

Университеттің ландшафттық келбетін жақсарту мақсатында «Жасыл желекті Жұбанов» ағаш егу акциясы ұйымдастырылды. Акция жалғасын тауып, ғалымның мерейтойына орай университет ауласында 120 түп ағаш егіледі. Сонымен қатар биолог мамандардың теориялық білімін практикамен ұштастыруды көздеген «Жұбанов жылыжайы» ашылмақ.

Жастар жылы аясында «Жұбанов жастары аллеясы» ашылып, жастарды қолдау мақсатында жыл сайын «Жұбанов жастарды шақырады» акциясы ұйымдастырылады. Нәтижесінде соңғы 3 жылда университетке 200-ге жуық жас маман жұмысқа алынды. «Жұбанов – ғалымдар ордасы» акциясы аясында ғылыми белсенділігі жоғары кадрлар университетке шақырылуда.

Инвесторларды тарту, меценаттармен жұмыс жүргізу мақсатында «Zhubanov-қа жомарттық» акциясы жүргізілуде.

Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Баянауыл, Семей, Жидебай, Қарқаралы, Қарағанды елді мекендерін қамтитын «Жұбановтан – Абайға» ғылыми-танымдық экспедициясы ұйымдастырылды. Талантты студенттерді қолдау мақсатында жыл сайын университет тарапынан Қ.Жұбанов атындағы білім гранты мен стипендиясы бөлініп келеді.

Алға, Қобда, Темір, Байғанин аудандарын аралап шыққан Жұбанов керуені ғалымның кіндік қаны тамған Мұғалжар ауданына жол тартады.

Мерейтой аясында тұңғыш рет ғалым шығармаларының толық академиялық жинағы жарық көрді, республикалық және аймақтық БАҚ-та ғалым туралы мақалалар жарияланды, сондай-ақ Жұбановтар отбасына арналған ақпараттық фотостенд жасалды, жұбановтанушылар Ақтөбе телеарнасының «Біздің тарих» телебағдарламасына сұхбат берді, Қ.Жұбанов пен Е.Жұбановтың библиографиялық көрсеткіштері жаңартылды, Қ.Жұбанов туралы суретшілер көрме-галереясы мен «Жұбанов әлемі – оқушы көзімен» эссе байқауы ұйымдастырылды. Сонымен қатар мектеп және колледж оқушылары, ЖОО студенттері мен магистранттарының қатысуымен өтетін «Ең үздік жұбановтанушы» конкурсы жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Мерейтойлық іс-шаралар шеңберінде Есет Жұбанов атындағы конференц-зал ашылады, көпфункционалды «Жұбановтану» сайты іске қосылып, «Жұбанов университетінің хабаршысы» ғылыми журналының мерейтойлық саны таныстырылады.

Осы ретте Қ.Жұбановты тану және таныту жолындағы игі істер әлі де жалғасын табары сөзсіз.

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры

https://aqtobegazeti.kz/?p=80396