Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жұбановтар рухы ұлықталды

Жұбановтар рухы ұлықталды

Елдің атын қашанда ер асқақтады, ұлт тарихының талай сырларын қойнауына бүккен Ақтөбе жері таланттыларға кенде емес. Осынау өлке атамекені саналатын Жұбановтар әулеті қазақтың ғылымы мен өнерінің биік бір белесі, қол жетпес асуы десек, еш қателеспейміз…

Оның басында тіл білімі бойынша Құдайберген Жұбанов, музыка саласында Ахмет Жұбанов тұр. Құдайбергеннен тараған ұрпақ Ақырап Жұбанов – сезімін қыл қаламмен өрнектеген дарынды суретші, Есет, Асқар Жұбановтар – әке жолын қуған талантты лингвистер, Ахмет Жұбановтың қызы Ғазиза Жұбанованың есімі қазақ музыкатану өнерінде ерекше аталады, ал ұлы Болат Жұбанов – есімі шет елдерге мәлім химия ғылымдарының докторы, академик. Бұл аталған жандар – Ақтөбе топырағынан өніп шығып, облысымыздың атын иісі қазаққа танытқан тағылымы мол тұлғалар.

Осындай тағлымды тұлғалардың рухын ұлықтау мақсатында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Құдайберген Жұбановтың 120 жылдығы мен  оның ұлы Есет Жұбановтың 90 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті.  Мерейтойға арналған шаралар университеттің Нұрпейіс Байғанин есімімен аталатын ғимаратында басталды. Мерейтойға ғалымның кенже баласы филология ғылымдарының докторы Асқар Жұбанов, биология ғылымдарының докторы Ажар Жұбанова, филология ғылымдарының кандидаты Ардақ Жұбанова, жазушы Қажығали Мұқаметқалиұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Жамал Манкеева, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінен доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сләмбек Оразалин, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің доценті Людмила Балахонская, Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Зиннур Сиразитдинов және тағы да басқа профессор-ғалымдар  мен зиялы қауым өкілдері, студенттер қатысты.

Жиналған қонақтар алдымен халық ақыны, жырау Нұрпейіс Байғаниннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Содан соң университеттің филология факультетінде ғалымның ғылыми мұрасын зерделеу мақсатында  профессор Есет Құдайбергенұлы Жұбанов атындағы конференц-зал ашылды. Салтанатты шараға қатысқан филология ғылымдарының докторы Асқар Жұбанов пен Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Қажығали Мұқаметқалиұлы қызыл лентаны қиып, жиналған жұртшылықпен ашылған кабинеттің ішін аралады.

Мұнда кабинетті таныстырған «Қазақ филологиясы» мамандығының 2-курс студенті Амангелді Иманғазиев: – Университетімізде 1991 жылы Құдайберген Жұбановтың ғылыми мұраларын зерттеу және идеяларын тарату мақсатында «Жұбановтану» ғылыми зертханасы ашылды. Ғылыми зертханаға Қ.Жұбановтың баласы, түрколог-ғалым, сол уақытта ҚР ҰҒА Тіл білімі институтынан Есет Құдайбергенұлы Жұбанов қызметке шақырылды. Есет Жұбановтың ғылыми жетекшілігімен «Жұбановтану» тақырыбына қатысты 10 кандидаттық және докторлық диссертация қорғалып, «Жұбановтану зертханасының еңбектері» сериясымен 20-дан астам ғылыми-танымдық еңбек жарияланды. Олардың көбі университетімізде ұстаздық қызмет етіп, алған тағылымдарын жастарға жеткізу арқылы жұбановтанушылар қатарын көбейтуге үлес қосып жүр… Сондай-ақ, мұнда Есет Құдайбергенұлының келбеті шебер сомдалған мүсін қойылған. Авторы – университет студенті Дәулет Нұфтуллин. Есет Құдайбергенұлының еңбектерімен және жетекшілігімен қорғалған докторлық диссертациялар qr код арқылы көрсетілген. Qr кодты ұялы телефондарыңызға анықтау арқылы электронды нұсқасын оқи аласыздар, – деді.

Алдағы уақытта конференц-зал болашақ жас ғалымдар мен мамандардың өзара пікір алысып, ғылыми шаралар өткізетін орынға айналады. Кабинетте Қ.Жұбанов әулетінің шежіресін, профессор Есет Құдайбергенұлының еңбектері мен ғалымның болашақ ұрпаққа үлгі боларлық сөздерін көруге болады. Мұнда университеттің оқытушылары мен студенттері профессор Есет Жұбановтың ғалымдық дара жолын айқындайтын мағлұматтар қорымен және жеке өміріне қатысты да мәліметтермен таныса алады.

Содан соң мерейтой меймандары мен университет ұжымы «Бастау» телерадиокешенінің ашылу салтанатына қатысты. «Бастау» радиосы мен телестудиясының мақсаты – студенттерге «Филология» мамандығы бойынша журналистиканы оқыту дағдыларын дамыту, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және университет имиджін көтеру, жұртшылықпен байланыс орнату үшін телевизиялық және радиостудияларды тиімді пайдалану.  «Бастау» телерадиокешенінде 21 адам қызмет етеді. Оның ішінде журналист болуға талпынған жиырма студент кастинг арқылы іріктеліп алынып, қазіргі таңда өздеріне жүктелген жұмыс бойынша қызмет атқаруда. Мұнда жұмыс жасайтын студенттер радио және телехабар таратып, университетте әр факультеттің жаңалықтарымен таныстырады. «Бастау» телерадиокешені өз жұмысын қыркүйек айынан бастап, тыңдар құлақ пен көрер көзге «Қайырлы таң, ARSU», «Университет жаңалықтары», «Бүгінгі күн – тарих», «Кешкі подкаст», «Шытырман», «Саяхат», «Философиялық көзқарас» сынды арнайы дайындалған бағдарламаларды ұсынады.

Мерейтой қонақтары «Zhubanov cinema» кинотеатрында әкелі-балалы Жұбановтарға арналған деректі фильмді тамашалап, мерейтойға орай жарық көрген кітаптардың тұсаукесер рәсіміне қатысты. Онымен қоса мерейтой аясында «Жұбанов жылыжайының» ашылуы, «Қ.Жұбанов әлемі» көрме-галереясы, жыр мүшәйрасы, ээсе байқауы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, университеттің сәулеттік келбетін арттыру, абаттандыру, көгалдандыру мақсатында «Жасыл  желекті Жұбанов» атты ағаш егу акциясы өтті. Ғалымның мерейтойына орай университет ауласында 120 түп ағаш егілді.

Бұдан соң ғалымдар Жастар сарайының мәжіліс залында Құдайберген Жұбановтың 120 жылдығы және оның ұлы Есет Жұбановтың 90 жылдығына арналған «Жұбанов тағылымы» атты дәстүрлі Х халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда бас қосты.  Конференция Құдайберген Жұбанов ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Конференцияға қатысушылар ғалым еңбектерінің тіл және тіл теориясы, қолданбалы лингвистика, лингвистиканың қазіргі бағыттары, фольклор, әдебиет және Абайтану сынды өзге де салалармен байланыстылығын ортаға салды. Сондай-ақ ғалымның, оның ұлы Есет Жұбановтың биік тұлғасы, әке мен бала арасындағы ғылыми сабақтастық та конференцияда негізгі әңгіме өзегіне айналды. Конференцияға жүзден астам мақалалар мен ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің, еліміздің жоғары оқу орындары ректорларының құттықтау хаттары мен жеделхаттары келіп түсті.

Мәжілісте алдымен облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан орынбасары Аманғали Бердалин қазақ тіл білімінің феномені, ғұлама ғалым Құдайберген Жұбанов пен оның ізін жалғастырушы ұлы, көрнекті лингвист, профессор Есет Жұбановтың мерейтойларына орай ұйымдастырылған конференцияның ашылуымен құттықтады. Бұдан кейін конференцияның ұйымдастырылуына бастамашы болған университеттің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков сөз сөйледі.

– Қазақтың маңдайалды ғалымы, алаштың арда азаматы Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың 120 жылдық мерейтойы, сонымен қатар, атаға тартып туған ұл, әке жолын жалғастыра алған, белгілі ғалым, ұстаз – Есет Құдайбергенұлы Жұбановтың да 90 жылдық мерейтойы құтты болсын! «Жұбанов тағылымы» ғылыми-тәжірибелік конференциясында биыл 10-рет бас қосып отырмыз… Өмірі мен кәсібі халықтың рухани азығына айналған Құдайберген Жұбановтың  есімі 1990 жылы университетке беріліп, сол жылдардан бүгінге дейін маңдай алды жарық шамымызға айналып отыр. Игі іске мұрындық болған белгілі тұлға, профессор Мұхтар Ғалиұлы Арынның еңбегі тарихнама қуыстарында бір сөйлем болып қалмауы тиіс. Х «Жұбанов тағылымы» ғылыми-тәжірибелік конференциясының нәтижесінде қабылданған қаулы бүгінгі жасалып жатқан дүниелердің негізі…

Мерейтой аясында «Белорус экслибрисі» халықаралық сурет көрмесі, аймақтық пікірсайыс турнирі, «Қ.Жұбанов әлемі – оқушы көзімен» эссе байқауы, «Жас Жұбановтанушы» факультетаралық сайыс платформасы, «Ең үздік деректі фильм» байқауы, суретшілердің көрме-галереясы, дәріс концерттер, әдеби-танымдық кештер, спартакиадалар, экскурсиялар және ғалымдардың зерттеулеріне арналған апталық сағаттар ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, күні кеше ғана «Жұбанов шаңырақтары» мега жобасы аясында Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы мен университет арасындағы әріптестік қарым-қатынастар саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, «Жұбанов жұлдыздары» атты көлемді мерекелік концерт өтті. Арнайы зертханадағы қазақтың жарық жұлдызына айналған әке мен бала еңбектерінің библиографиялық көрсеткіштері жаңартылды. Университеттің ландшафттық келбетін жақсарту мақсатында «Жасыл желекті Жұбанов» ағаш егу акциясы ұйымдастырылды. Акция бүгін де жалғасын табады, ғалымның мерейтойына орай университет ауласында 120 түп ағаш егіледі. Жергілікті биолог мамандардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруды көздеген «Жұбанов жылыжайы» да бүгін ашылмақ. Алға мен Қобда, Темір және Байғанин аудандарын аралап шыққан «Жұбанов керуені» ертең ғалымның кіндік қаны тамған Мұғалжар ауданына жол тартады.

Бүгін Құдайберген Жұбановтың ізін басып, ісін жалғастырған профессор Есет Жұбанов атындағы конференц-зал ашылды. Тұлпардың тұяғы Есет Құдайбергенұлы Ақтөбе жерінде жұмыс жасай жүріп, Жұбановтар мұрасы ұлт қазынасы екендігін дәлелдеп, әкесінің ғылыми мұрасын түгендеп зерттеуге басшылық жасаған. Осы ретте Құдайберген Жұбанов пен Есет Жұбановты тану және таныту жолындағы игі істер әлі де жалғасын табары сөзсіз. Мұғалжар жерінде дүниеге келіп, есімі елге танылған Құдайберген Жұбанов пен Есет Жұбановтың кейінге қалдырған зерттеулері халқының рухани қазынасына айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын құндылықтарының бірі деп білеміз. Бүгінгі конференция жұмысына сәттілік тілеймін, конференцияның берері мол болатынына сенімдімін!, – деді Б.Ердембеков.

Конференцияда филология ғылымының докторы, профессор Асқар Жұбанов «Қ.Құдайберген Жұбанов – қазақ филологиясының тұңғыш профессоры, Есет Құдайбергенұлы Жұбанов – қазақ тіл білімінде өзіндік орны бар тұлғалардың бірі» тақырыбында баяндама жасады. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Жамал Манкееваның ғұлама ғалым зерттеулеріндегі когнитивтік сананың тілдік көрінісі талданған зерттеуін жұртшылық ерекше қызығушылықпен тыңдады.

– Құдайберген Жұбановтың ғылыми мұрасының мәнді тұстары көпке дейін дұрыс ашылмай келді. Бірақ ғалымнан тәлім алған шәкірттері І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ы.Маманов, Ғ.Мұсабаев сияқты ғалымдар қазақ тіл білімін шын мәнінде үлкен жүйеге жеткізді. Ал қазір тіл білімінің ғылыми негіздері кеңінен зерттеліп жүр. Ғалым балалары әкесінің ғылыми идеясын кеңейтіп, жалғастырып жатқанына да куә болып отырмыз. Ғалымның ұлы Асқардың базалық білімі математик болса да әке жолын жалғастырды. Ол кісінің ғылыми ауқымы өте кең. «Компьютерлік лингвистика» деген өзекті мәселені көтеріп, қазақ тіл білімін жаңа бір деңгейге көтеруге бар күшін салып жүр. Тек қана қазақ тіл білімінде емес, түркітануда әлі қалыптаса қоймаған осы саланы терең зерттеуде, – деді ол. Бұдан кейін аталған басқосуға қатысқан философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов «Қ.Жұбанов тіл философиясының ұлттың рухани жаңғыруындағы орны туралы» тақырыбында ой өрбітті.

– Тіл философиясын түсіну үшін және түсіндіру үшін бізге тілдің танымдық, дүниетанымдық жағын қарастырғанымыз абзал. Олай ететін болсақ тіл, тіл танымы жалаң, немесе, абстрактілі болуы мүмкін емес. Ол ұлттық тіл, ұлттық таным болып нақтыланады. Профессор Құдайберген Жұбанов пікірінше, «Адамзат тіл арқылы табиғаттағы барлық заттар мен құбылыстарға атау береді. Ұлттық таным мен ұлт тілінің бірлігі, байланысы осы арада тоғысады. Егер халықтық дүниетанымы тіл арқылы жетпесе, қоғам да, мәдениет те дамымаған болар еді. Демек, тілдің дамуы да, басқа тілдерден өзгешелігі де қоғамдық өмірмен, шаруашылық кәсіппен, мәдени – рухани дамумен тығыз байланысты. Әрбір ұлт өкілдерінің парасат – пайымы, білім деңгейі, көзқарасы мен менталитеті, өзіндік дүниетанымы, болмысты тануы, игеруі тілде бейнеленеді, тілде сақталады. Ендеше, Ата-бабадан мирасқа қалған баба тілі – адамдар арасындағы қатынас құралы, немесе, ой-санамыздағы әлемнің бейнесі ғана емес, сонымен қатар көнеден келе жатқан тарихи танымды да жеткізуші.

Біз мынадай жайға ерекше назар аударғанымыз жөн. Қ.Жұбанов тіл философиясын қарастырғанда оны ұлт болмысымен бірге қарастырады. Өйткені, адам бойында жалпы адамзатқа ортақ белгілермен қатар, ұлттық ерекшеліктер де бар. Мысалы, Жылау мен Күлуді сол тілмен сөйлемейтін адамдар да түсінеді, ал тілді тек сол тілмен сөйлейтін қоғам ғана түсінеді. Музыканы да сол елдің музыкасын білмей-ақ түсінуге болады. Бірақ бұл жылау мен күлуден өзгеше. Өйткені, ұлттық музыкада ұлттың эстетикалық, басқаша айтқанда әдемілік, әсемдік әлемі де көрніс табады. Профессор Жұбановша айтсақ, «Әр елдің музыкасы сол елдің өзінің мінез-құлқына лайық болады, жауынгер түрік музыкасының жауынгерлік рух беретін түрде болатыны да сонан». Бұл тұжырымның тиянақтылығына Құрманғазының «Адай» күйін, Ахмет Жұбановтың пафосты «Би» күйін еске түсіру арқылы да көз жеткізе аламыз…

Шын мәнінде де, тіл – адам баласының барлық табыстарын және жетістіктерін, сондай-ақ рухани даму деңгейін білдіреді. Бүгін де, ертең де табысты боламыз десек рухани тұрғыдан жетілуіміз керек. Біздің рухани жаңғру бағдарламамыз, бізді осы жолға бастайды деген үміт зор. Профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбанов болса осы бастаудың басында тұрған тұлғалардың бірі және бірегейі, – деді А.Тайжанов.

Ғылыми жиында  Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Қажығали Мұқаметқалиұлы, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сләмбек Оразалин, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің доценті Людмила Балахонская, Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Зиннур Сиразитдинов және филология ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің филология факультетінің деканы Күлзат Садировалар баяндама жасады. Жалпы, конференцияда жан-жақтан келген ғалымдар қазақтың тіл ғылымын, әдебиет пен музыка, түркология сынды ғылым салаларының негізін салған Қ.Жұбановтың еңбектерін зерттеудегі түрлі пікірлерін айтты.

Пленарлық мәжіліс соңында жоғары оқу орнының басшысы «Жұбановтану» саласына атсалысып, еңбек сіңіріп жүрген бір шоғыр ғалымдарды марапаттады. Қ.Жұбановтың 120 жылдық мерейтойына орай «Университетті дамытудағы еңбегі үшін» медалі филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұбановқа, «Өтежан Нұрғалиев» медалі Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Қажығали Мұқаметқалиұлына, Қ.Жұбановтың 120 жылдық мерейтойына орай «Қ.Жұбанов» медалі филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Манкееваға, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжановқа, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ардақ Жұбановаға, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрбол Сәдуақасқа, «Қазақ әдебиеті» каферасының аға оқытушысы, магистр Әлия Ұлықпановаға және ағайынды Жұбановтар мемориалдық музейінің директоры Ұлболсын Мұхамбетоваға салтанатты түрде табысталып, университетте жоғары тәртібіне қоса оқу үлгерімімен қоғамдық жұмыстарда ерекше көзге түскен төрт студентке «Жұбанов атындағы» грант және жеті білімгерге Жұбанов стипендиясының сертификаттары ұсынылды.
Мұғалжар ауданының маслихат хатшысы Роза Мусенова аудан әкімінің атынан әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан мұғалжарлық төрт студентке білім грантын сыйлады. Жұбановтар мерейтойына арналған шаралар соңы университет ұстаздары мен студенттері қатысқан мерекелік концертпен түйінделді.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің

Media орталығының маманы
https://bilimdinews.kz/?p=70979