Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Тәжірибе алмасу және жемісті ынтымақтастық

Тәжірибе алмасу және жемісті ынтымақтастық

Орынбор мемлекеттік аграрлық университетінің оқытушылары мен студенттері экономика және құқық факультетіне келді. Жұбанов университетінің «Құқықтану» кафедрасы ОМАУ заң факультетімен ғылыми-педагогикалық ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асыруды жалғастыруда.

Болашақ заңгерлер үшін пәнаралық байланыстар негізінде («Қылмыстық іс жүргізу құқығы» және «Құқық теориясының мәселелері») интерактивті бинарлы дәріс өткізілді.  Кездесу барысында «Қылмыстық құқық және қылмыстық іс жүргізу» кафедрасының меңгерушісі, Ресей заңгерлері ассоциациясының мүшесі Наталья Нарбикова және  Жұбанов университетінің доценті  Татьяна Алимпиева өз білімдері мен тәжірибелерімен бөлісті.

Федералдық судья,  аудандық соттың төрағасы, «Алтын із» криминалистика бойынша студенттік кинофильмдердің Халықаралық фестивалінің жеңімпаздарының ғылыми жетекшісі және ОМАУ-нің «Криминалистика» пәнінің оқытушысы Александр Горько Жұбанов университетінің аға оқытушысы Төремұрат Бисембиевпен бірге 4-курс студенттеріне арналған интерактивті семинар (криминалистикалық-батл) өткізді.

Криминалистика бойынша сайысқа белсенді қатысушыларға және жеңімпаз командаға факультет қонақтары сыйлықтар мен жүлделер табыс етті. ОМАУ студенттері криминалистикалық техника, соның ішінде сандық технологиялар — 3D принтер негізінде өз шеберліктерін көрсетті.

Педагогикалық тәжірибемен алмасу және оқу сабақтарын өткізу үшін орынборлық әріптестер дидактикалық үлестірмелі материалдар, оқу және емтихан режимдері бар «Оқиға орнын қарау» бағдарламалық виртуалды кешенін, СӨЖ (ОМАУ баспа орталығында шығарылған) орындау үшін «криминалистикалық техника» және «криминалистикалық тактика» атты жұмыс дәптерлерін, заманауи криминалистикалық чемодан, оқу фильмдері мен презентацияларын алып келді.

ОМАУ-нің  «Қылмыстық құқық және қылмыстық іс жүргізу» кафедрасының меңгерушісі Наталья Нарбикова Жұбанов университетінің студенттеріне ОМАУ заң факультетінің ірі іс-шарасына онлайн қатысуды және қашықтықтан қарым-қатынас жасау аясында ұлтаралық бірлік пен келісім мәселелерін талқылауды ұсынды.

Екінші жарты жылдықта қылмыстық іс жүргізу құқығы мен криминалистика бойынша Халықаралық олимпиада өткізу жоспарлануда.  Наталья Нарбикова өз кезегінде  екіжақты келесімшартқа сәйкес  Жұбанов университетінің заңгер-студенттері мен магистранттары «ЮрВолга» халықаралық жазғы жастар заң форумына, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, халықаралық және бүкілресейлік байқауларға (соның ішінде гранттық) қатыса алатынын тілге тиек етті.