Пятница, Ноябрь 22, 2019
Басты > Жаңалықтар > Студенттер қатарына қосылды

Студенттер қатарына қосылды

Жұбанов университетіне жаңа леп қосылды. Кеше ғана мектеп табалдырығында білім алып, үлкен арман әлемін шарлап, жоғары оқу орнына түссем деген ізгі ой қалықтаған буын, бүгінде студент атанып, арманның ақ тұлпарын мініп, білім әлемін шарлауға дайын тұр. Жас толқын жастардың жанарынан жарқын болашақ, үлкен арман-мұраттар байқалады. Осыған орай Жұбанов университетінде жаңа оқу жылының жарқын оқиғасы бірінші курс студенттеріне арналған «Менің таңдауым – Ақтөбе» атты  салтанатты шарасы ұйымдастырылды. Ауқымды студенттік мереке филология  факультетінің басшылығының, профессорлық-оқытушылық  құрамының және студенттердің қатысуымен өтті.

Көп жылдан бері қалыптасқан дәстүр бойынша жоғарғы курс студенттерінің негізгі мақсаты — осы кешті есте қалатындай етіп ерекше өткізу. Себебі, көбі бұл күнді кейін, есейе келе, студенттік ғұмырдың қызықты сәттерінің бірі ретінде мәңгілік есте сақтайды. Сонымен қатар бұл мерекелік шараға қатысу алғашқы күндерден өзіңді көрсетуге, жаңа достар табуға және курстастарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

Салтанатты шараның шымылдығы филология факультетінің студенті, жас ақын Асылбек Абдрахманұлының  арнауымен  ашылды. Бірінші курс студенттерін құттықтай келген университеттің әнші-бишілері мен «Шабыт» көңілді тапқырлар алаңының әзілкештері өнер көрсетіп, жиылған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, кеш барысында факультет студенттері ән мен биден шашу шашып, көрермен қошеметіне бөленді.

Мінберде филология факультетінің деканы, профессор Күлзат Садирова бірінші курс студенттерін мерекемен құттықтады. «Латын тілінен аударғанда «студент»  сөзі «оқуға ынта» мағынаны дегенді білдіреді, ал «филолог», «филология» гректің «сөзге ғашықтық» деген сөзінен шыққан…. Сіз кім болсаңыз да, қазақ, орыс, шет тілдерін білетін маман, аудармашы, тіпті  әдебиеттанушы болсаңыз да  барлық ғылымның, ілімнің тілі тілсіз болмайды. Сондықтан сіздердің тілдік түйсіктеріңіз терең болсын және өте нәзік болсын деп тілеймін!», — деді. Сөз соңында факультет деканы факультеттің үздік студенттерін Алғыс хаттармен марапаттады.

Айта кету керек, бүгінде филология факультетінде 1500-ге жуық студент оқиды. Олардың 473-і бірінші курс студенттері, ал оның 11-і  үздік атестатқа бітірген студенттер және 22-сі «Алтын белгі» иегерлері.