Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Жұбанов шаңырақтары» мега жобасы құрылды

«Жұбанов шаңырақтары» мега жобасы құрылды

Өнер орталығының конференц-залында «Жұбанов шаңырақтары» мега жобасы аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония арасында өзара ынтымақтастық, әріптестік қарым-қатынас орнату туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Негізгі мақсат — ұлт болашағы — жастардың зияткерлік, рухани және шығармашылық әлеуетін жандандыру.
Жиын барысында аталған қос ұжымның басшылары Бауыржан Ердембеков пен Елубай Кенжалиев «Жұбанов шаңырақтары» мегажобасының құрылуы жөнінде айта келе, жастарды мәдениетке, өнерге тарту керек екендігіне тоқталды.
— Елдің рухани дамуы мен кемелденуі үшін ең маңыздысы мәдениет саласы екені мәлім.
Жастар оқудан тыс уақыттарында театрдағы, филармониядағы мәдени шараларды тамашалап, рухани азық алуы керек. Халқымыздың ұлттық мұрасымен сусындап, жырларын біліп жүрсе, қоғамға өз үлестерін қосатын, өнерді бағалайтын азамат болары сөзсіз, — деді Е.Кенжалиев өз сөзінде.
Мәдени шара тұңғыш лингвист ғалым Қ.Жұбановтың — 120, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 75 жылдығына арналған «Жұбанов жұлдыздары» атты мерекелік концертіне ұласты.
Кеш «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблінің (көркемдік жетекшісі — С.Закария) орындауында «Бұлғын-сусар» халық күйіне қойылған «Аққу» би ансамблінің (көркемдік жетекшісі — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Г.Мәмбетова) өнерін тамашалаудан басталып,ҚР Мәдениет саласының үздігі Орал Байсеңгірдің орындауында Е.Ашықбаевтың өлеңіне жазылған Н.Жүсіповтің «Ағайынды Жұбановтар» әніне жалғасты. Сахнада университет студенттері мен кәсіби өнерпаздар қосылып ән шырқады. Сондай-ақ әнші Дулат Айтжанов пен студент Ақтілек Рамазанова орындаған «Жұбановтар көшесі» әнін жұртшылық ерекше ықыласпен қабылдады. Кеш Н.Жүсіпов пен О.Байсеңгірдің «Жұбанов жұлдыздары» әнімен аяқталды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК

https://aqtobegazeti.kz/?p=80631