Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Үкімет мүшелері жастармен кездесті

Үкімет мүшелері жастармен кездесті

Жұбанов университетінің  Жастар сарайының «Мәңгілік Ел» мәжіліс залында  Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары  Бердібек Сапарбаев,  Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жастармен кездесті.

Ақтөбелік жастармен  өткен басқосуда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты  Жолдауының негізгі бағыттары түсіндірілді. Бердібек Сапарбаев өз сөзінде білім беру, әлеуметтік қолдау және өзге де бағыттарға тоқталды.

 «Бәсекелестік барлық жерде болуы керек, әсіресе студенттер арасында. 2019 жыл ‒ Жастар жылы. Ол біртіндеп Еріктілер жылына айналады. Мен өңірлерге жиі барамын, жастармен кездесемін. Көптеген өршіл және мақсатты адамдарды көремін. Сіздерде барлық мүмкіндіктер бар. Ең бастысы ‒ жақсы білім алу мүмкіндігі бар. Енді ЖОО-лардың рейтингі түлектерді жұмысқа орналастыру және олардың нарықтағы сұранысы бойынша жасалады», — деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Кездесу аясында ҚР ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин жастар саясатын жүзеге асыру туралы айтты. Оның айтуынша, еліміздің барлық аймақтарында көмек көрсетуге бағытталған 200-ден астам ресурстық орталық, сондай-ақ жастар саясаты саласында 500-ден астам үкіметтік емес ұйым бар. Сонымен қатар, жас ұрпақты ынталандыруға және қолдауға бағытталған, Жастар жылы аясында қабылданған Жол картасы сәтті жүзеге асырылуда.

«Жол картасы 5 негізгі бағыттан тұрады ‒ бұл жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жастарды жұмыспен қамту, білім беру мен волонтерлікті дамыту, жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту, жас отбасыларды қолдауға, денсаулықты нығайтуға және әлеуметтік инклюзивтілікті қолдауға бағытталған шаралар кешені», — деді Данияр Есин.

Өз кезегінде, вице-премьер жастарға масылдық көңіл-күйді жоюға және жаңа цифрлық технологияларды игеруге, білім мен еңбекқорлыққа ұмтылуға кеңес берді.

«Жастарға мемлекеттік гранттар бөлінуде. Қазір жұмыс істейтін және дамитын уақыт. Оның үстіне мемлекет теңдессіз мүмкіндіктер жасап жатыр. Жыл сайын үш мегаполистің жас мамандарына мыңдаған жалдамалы пәтерлер беріліп, жаңа жұмыс орындары ашылады», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Кездесу барысында студенттер білім беруді, спортты дамыту,  жастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелеріне қызығушылық танытты.

Жиында жас кәсіпкерлер мен белсенді жастар өз тәжірибелерімен бөлісіп мемлекет тарпынан көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін алғыстарын білдірді.