Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ақтөбеде «Ел үміті» Тұңғыш Президент-Елбасы Қорының марафоны өтті

Ақтөбеде «Ел үміті» Тұңғыш Президент-Елбасы Қорының марафоны өтті

 Бүгін  Ақтөбеде алғаш рет талантты, еңбекқор жастарды қолдауға арналған  «Ел үміті» жастар  Тұңғыш Президент -Елбасы  Қорының марафоны өтті.

Ауқымды форумға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин арнайы қатысты.  Жас таланттар мен көшбасшыларды қолдауға арналған жоба шарасына Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарының 3000-ға жуық белсенді жастары қатысты. Бұл – жеке тұлға ретінде жан-жақты дамып, өз ісінің білікті маманы болған, ел дамуына өз үлесін қосып жүрген жастар.

Бердібек Сапарбаев белсенді жастарға алғысын білдіріп, сәттілік тіледі. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарды қолдау мен дамытуға үлкен көңіл бөлді. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды қолдап, 2020 жылды еріктілер жылы деп жариялады», — деді Бердібек Сапарбаев.

Марафонға жеке өз жолын бастап жатқан жалынды жастармен қатар, білім мен ғылым, бизнес және медицина, мәдениет пен спорт, экономика және қоғамдық өмірде биік белестерге жеткен, өз тәжірибесімен бөлісе алатын жас мамандар да қатысты. Айта кетейік, олардың арасында Жұбанов университетінің жастары да мен білікті мамандары да бар.  Ақтөбедегі марафон – Елбасының «Ел үміті» бастамасының аясында өткізілген алғашқы шаралардың бірі. Бастама талантты балалар мен жастарды кешенді қолдауды көздейді. Бұл үшін бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев марафонның ашылу салтанатында «Ел үміті» жастарға әлеуметтік лифт болатынын жеткізді.

«Біз әлемнен артта қалмауға тиіспіз. Бұл ретте мемлекет көп нәрсе жасап жатыр. «Жас Кәсіпкер», «Жас Маман», «Болашақ», «Дарын» және басқа да бағдарламалар бар.
«Ел Үміті» бастамасы аясында жастарды қолдауға арналған бірқатар жобаны қолға аламыз. Әр баланың өзіндік таланты бар. Оны тек ашу керек. Сондықтан, ең алдымен, қазір әр аймақта «Дарын» орталықтары күшейтілетін болады. Әр баланың әлеуетін ашу үшін, қайда оқи алады, неге көбірек бейім екенін анықтау үшін диагностика жасалады. Одан бөлек тағы да басқа  жобалар болады. Мысалы, шетелде  — Кремний алқабына, Сингапурға сапарлар, Кембриджге оқыту турлары. Қазір бұл мәселелерді пысықтап
жатырмыз»,-деді Әсет Исекешов.

Салтанатты шарада Жұбанов университетінің өкілдері  Айгүл Рыстығұлова,  Людмила Мясникова, Нұргүл  Жантурина, Азамат Үсейнов, Нарқозы Қартжан еңбекте жоғары жетістіктерге қол жеткізгені үшін марапатталды.

Шара барысында қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісті. Оларды еңбек етіп, ізденуге шақырды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан түрлі бағдарламалар мен қолдаулар үшін алғыстарын жеткізді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел үміті» бастамасын Қор үкімет, облыс әкімдіктері мен бизнес-қауымдастық және Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырады.

«Қоныс» спорт сарайында өткен кеш  қазақ эстрадасы жұлдыздарының өнер көрсетуімен аяқталды.