Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > ШЫНШЫЛДЫҚ – ТЕКТІЛІК ҚАСИЕТ немесе әлеуметтік шындық негізі шынайылық

ШЫНШЫЛДЫҚ – ТЕКТІЛІК ҚАСИЕТ немесе әлеуметтік шындық негізі шынайылық

Үмбетқан Сәрсембин,философия ғылымдарының кандидатыӘл-Фараби сомдаған адамның тұлғалық болмысына тән он екі қасиеттің бірі шыншылдық. Адамның кісілік болмысына тән бұл қасиет қашан да қоғам алдында бәрінен де жоғары тұрады. Қоғамда шындық өмір сүрмесе, мемлекет, қоғам тарапынан шынайылық бағаланбаса, ел өмірінде мәдени өзгеріс, даму болған емес. Мәдени өзгерістің негізінде қоғамдық сана түрлерінің дамуы, қоғамның рухани кемелденуі жатыр. Шынайылық әлеуметтік дамудың шеңберінде қабілет пен тәрбие, білім, еңбек, кәсіп, әділеттілік сынды жеке адамның рухани қасиеттерімен ұштасатын әлеуметтік құндылықтардың өмір сүруін қамтамасыз етіп отырады.Шындық әлем, қоғам, адам болмысын біріктіріп отыратын ұғым. Шындықсыз мүмкіндік жоқ. Кез келген әлеуметтік дамудың құбылыстарын негіздеп отыратын мүмкіндік шындық арқылы көрінеді және адам өмірінің рухани келбетін айқындаушы мәнге айналып отырады. Шындық болмаса, білім де жетілмейді, білімнің де негізге алатыны шындық. Тарихқа қарайтын болсақ, нағыз зиялы адамдар шындық үшін жігерін сарқа жұмсаған. Себебі білім ілімге айналып, адамзатқа тегіс тарамаған уақытта шындықты тану, жалған нәрселерден сақтану мүмкіндігі қоғамда бірдей тегіс бола бермеген. Осының салдарынан ойшыл адамдар игілік (білім, өнер) жолында, ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырып отыруда, ел мүддесіне аянбай еңбек етуді дәстүрге айналдырған. Уақыт бар жерде өмір бар, өмір бар жерде шындық өмір сүреді, кез келген жаңа уақыт шеңберінде орын алатын, пайда болып жатқан және сақталып отыратын (өмір сүретін) құбылыстар, яғни, тарих, уақыт өрісіндегі кез келген тәжірибе оның бойындағы шындығы арқылы құндылыққа айналады. Сондықтан, шындықты тану үшін қоғамның болмысында шыншылдық қасиет болуы қажет. Бұған қатысты әл-Фараби, «шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік-жалған мен суайттарды жек көру керек» – дейді. Тұлғаның жауапкершілігі мен бостандығын дәріптеу, насихаттау бағытында жазылған еңбектер тарихта аз болмаған. Барлығы да қоғамдық сананы жаңғырту мен күшейтуде, оның тұтастығын, ұлттың бірегейлігін сақтауда Отанының мүддесін қорғайтын ұлттық сананы нығайтуға негізделіп отырған. Қай уақытта болмасын, әлеуметтік танымның құндылығы мен ақиқаттылығы сол қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің дұрыс зерделеніп, шындықтың құндылыққа айналып отыруымен ерекше көзге түседі. Қазақ мәдениетінде жыраулар мен билердің дәстүрі арқылы әлеуметтік шындық зерделеніп, қоғамдық ортада жаман әдеттерге жол бермеу мақсатында рухани қасиет үлгілері ұрпаққа насихатталып отырған:
Ай, Хан ием, мен айтпасам, білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
Қымыз ішіп қызарып,
Мастанып, қызып терлейсің,
Өзіңнен басқа хан жоқтай,
Елеуреп неге сөйлейсің?!
Қорған салдың бейнет қып,
Қызметшің жатыр ішіп-жеп,
…Оны неге білмейсің?!.
Асанқайғының ханға айтқан сөздері (өз заманындағы әлеуметтік мәселелерді ханның есіне салып отыру ғана емес), ел басқарған адамдар арасындағы шынайылықты ұрпаққа үлгі етіп көрсетуімен тарихи мәнге ие. Мемлекетіне жаны ашитын адам алдыменен оның мүддесіне жауапкершілікпен қарайды. Халыққа дұрыс қызмет етуде қоғамның мұң-мұқтажын ескеріп, шындықты айту азаматтық парыз. Тарихтағы қазақ зиялылары осы қасиетімен мемлекет пен халықты біріктіріп отырған. Кімнен қандай қате кетіп жатыр, қоғамның кемшілігі неде? Не нәрсе мемлекет, қоғам тарапынан ескерілмей келеді? Мемлекет, қоғам мәселесі осылайша қазақ ойшылдарының үнемі назарында болған. Олардың ұғымында күні бұрын ескеріліп, зерделеніп отырмаса, қоғамға қатысты мәселелер дұрыс шешілмейді, бірінен соң бірі туындап, жалғаса береді.
Шындық, шынайылық және адам мінезіне тән шыншылдық қасиет тарихи уақыттағы қоғам болмысының басты белгісі және оның ерекшеліктерін айқындап отыратын қасиеттің бірі. Жаугершілік заманда уақыттың өзі ұрпақтан рухани қасиеттерді талап етіп, оны әлеуметтік құндылыққа айналдырып отырады. Егер, қоғамда жасанды дүниелер орын алып отырса, ел уақыт талабына ілесуден ұтылады. Осы себептен қоғам жаңа уақыт талабына ілесуде одан ұтылмау үшін шынайылықтың қадір-қасиетін ескеріп, ортақ құндылыққа айналдырып отыруы тиіс. Кісілік қасиеттер жеке адамнан бастап, ұлттың тағдырын шешеді деген терең ұғым қашан да өркениетті елдің ұлттық санасында өмір сүрген. «Шындық – бұл ерлікке тәрбиелеудегі ең бір құнарлы құрал. Өтірік – ақырында тіпті нағыз шындыққа сәйкес келетін ресми материалдарға да сенімсіздік тудыратын ең зиянды у. Өтірік, шынайы емес, әсірелеп жазылған мақалалардың беретін пайдасынан зияны көп. Біздің тілшілердің арасында мұндай жел ауыздар құдайға шүкір (дәлірек айтқанда, сайтанға шүкір) жеткілікті» – дейді Бауыржан Момышұлы.
Адамның жеке-дара болмысын (осы кісілік болмысқа тән рухани қасиет үлгілерін) айқындап отыратын шынайылық, шыншылдық ұлттың болашағына қатысты нәрселерді жүйелі зерделеп, оның түйінін әріден көруден шығады. Мәселені әріден көру дегеніміз, бұл жекелеген адамдардың өз болашағын елдің болашағы деп түсінуі және атақ, абыройын онымен байланыстырып отыру болып табылады. Адам шынайылықты бағалау арқылы рухани өмірдегі қайшылықтарды бір-бірінен ажыратып отырады. Тарихта ізгілігімен қалатын кез келген тұлғаның көзқарасы, ұстанымы және рухани тағылымы шындықтың жаршысы, шынайылықты жақтаушы мәнге ие. Яғни, ұлт зиялылары әділеттілікті жақтаушы, оны әлеуметтік ортада сақтап отыру, қоғамның санасына сіңіріп отыру қызметіне ие. Уақыт орамында жүретін шынайы дүниелер мемлекет тарапынан ескеріліп, уақытында халыққа жеткізілмесе, қоғамда ұлттық идеяның, білім түрлерінің өмір сүруі қиын. Ұлттық идея болмаса, бірегейлік пен бірлік, ортақ мақсатқа жұмылу тағы болмайды. Өйткені, шындық ақиқаттың алаңы. Шындықтың негізінде әділеттілік бағаланады
Әділеттіліктің таразысы – жаратылыс. Адам баласы осыдан үлгі алып отыруы тиіс. Бұған қатысты қазақ даналығында былай делінген: «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Бұл шындыққа жақын, әділеттілікке ден қоятын адамдардың шындығы жойылмайды деген мағынаны білдіреді. Мәселен алаш зиялыларының мұраларынан ұлт зиялыларының дүниетаным, ақиқатты ұғыну арқылы шынайылықтың табиғатын иеленіп отыратындығын ұғыну қиын емес:
Рақатсыз өтсе де өмір-жасым,
Бұл жөнімнен құдайым айырмасын.
Ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң,
Жарым жолдан қайтпаспын қарындасым!
Су да болар ол жолда, тау да болар,
Жаудың оғы – жайған тор, ау да болар.
Мынау пайда, мынасы зиян демек,
Ол ерліктің ісі емес, сауда болар?!. Шынымен де, Ахмет Байтұрсынов жазғандай, ерліктің ісі адамнан шындық пен шынайылықты қатар талап етеді. Шындық, бұл дұрыс мақсатқа жетудегі құрал, адамның мақсаты мен тілегінің жалпыға ортақ мәнмен ұштасуы, ал, шынайылық сол мақсатты орындаудағы мүмкіндік, адам бойындағы қасиеттер оның шыншылдығымен бірігеді. Осы рухани қасиет үлгілері дәріптеліп, қоғамның бойынан көрінгенде ғана қоғам өзінің игіліктерін иеленіп отырады. Интеллигенция шындығы қоғамға қауіп, дағдарыс әкелетін кедергілерді жеңуден, соған бөгет болып отырудан көрінген.
Ізгілікке бағытталған іс қашан да кедергілерге кезігіп отырған. Әлеуметтік, жеке адам болмысының негізіндегі қайшылықтар өмірде бар құбылыс, бұл үнемі кез келген дамудың өрісінде кездеседі. Қарама-қарсылық және қайшылық заңын өткермей, адам да, қоғам да дамудың жаңа сатысына өткен емес. Осы себептен зиялылар өз қоғамының болашағына қайшы келетін нәрселерді зерделеп, кедергілермен күресуге қашан да мүдделі. Қоғамға дағдарыс, үлкен зардап әкеліп отыратын нәрселерге қарсы тұруда жеке адамның шынайылығы ерекше қызмет атқарады. Себебі, уақыт жағдайында қоғамның әділ сыншысына айналып отыратын шындыққа қоғам, тарихи уақыт құбылыстары, ұлт зиялыларының шындығы мен шынайы іс-әрекеті арқылы жетеді және ел мүддесінің дамуына кедергі болып саналатын нәрселердің қайталанбауына ықпал етіп отырады. Ұлт зиялыларының тұлғалығының рухы осында.
Ұлт зиялыларының шындығы өз заманында қасақана еленбеуі немесе қоғамынан ығыстырылуы мүмкін. Бірақ, жаңа уақыттың арасын жалғайтын шынайылық, тарих өрісінде жататын шындық түрлерін аршып, оның білімін жарыққа шығарып отырады. Ахмет Байтұрсынов жазып кеткендей:
Шалдығатын, шаршайтын жерлер де бар,
Шалдыққанға мұқалмас ерлер де бар.
Қайраттанып, қажымай тырмыссаң да,
Шыққызбайтын жолыңда өрлер де бар.
Шаршайды деп ойлама шалдыққаннан,
Ұзақсынып жатпаспын жалыққаннан.
Жұрт қолымнан келмесе өкпелемес
Барым сақтап, мен аяп, алып қалман.
Шыншылдық, бұл ақиқатты ақылмен ұғыну, шыншылдық бұл имандылық, ар-ұяттың болуы, намысшыл, мейірімді болу. Сонымен қатар, шыншылдық дегеніміз адалдық, рухани тазалықтан шығатын қасиет, қоғам, ұрпақ алдында абыройлы болу, рухани тереңдікті иелену. Шындық пен шынайылық қатар өмір сүрген қоғамда бірлік бар. Әлеуметтік ортада бірлік болмаса, қоғамға шынайылық жақындамайды. Бұған қатысты қазақта «ауруын жасырған өледі» деген мақал бар. Қоғамды тұтас организм десек, сол организмнің саулығына жауапты мемлекет, қоғамның түрлі саласында жүретін адамдар – зиялылар. «Кімде кім жаман болса замандастарының бәрі жауапты» дейді Абай. Мемлекет пен зиялылардың шынайы қызметінің негізінде қоғам рухани дағдарыстан айналып өтеді (дағдарыстан арылып отырады). Зиялылардың ұстанымы қоғамға анық көрінген жерде (шынайы көзқарастары мен қызметі жүрген) әлеуметтік мәселелер ақыл таразысына бағынып, қоғам мен мемлекеттің мүддесіне икемделіп (жүзеге асып) отырады. Керісінше зиялылар институты қалыптаспаған қоғамда әлеуметтік мәселелер күні бұрын дұрыс зерделенуі қиын.
Тарихтағы қазақ қоғамында ұлттық табиғаттың үлкен бір бөлігі батырлық болған. Қоғам мен зиялылар шындығы осы қасиеттен шығып, ұлттық мүддеге бағытталып отырған. Қоғамда шындық, адам болмысынан шынайылық кетсе, оның қалай өзгеріп, қалай күйрейтіндігін жырауларымыз айтып кеткен:
Қылығың жалған туысқан,
Қырт пен мылжың ағайын.
Бәрінен де дауасыз
Өсекті қайтіп бағайын?
Мақтан күйшіл бүркіттей,
Бабын қалай табайын?
Жағымпаз сөз әркімге
Жұмсайтұғын малайым.
Бәрі тегін жер тезек,
Қайсысын таңдап алайын? –
Асыл сөзден бұл кетті.
Қазақ жырауларының тағылымында қоғам мықты болуы үшін оның бойында аталы сөз сақталуы керек. Аталы сөз (бойындағы) шындығымен сақталады. Сөзден шындық кетсе, қоғамдық сана өзгереді (әлсірейді), ұлттың рухы төмендейді. Ұлттық сананың күші қоғамдық сананың деңгейін сақтап, қалпына келтіріп отыруында. Қоғамда аталы сөздің рухын сақтайтын, үлкенді сыйлайтын ойы терең, талғамына берік адамдар.
Үлкендердің сөзінде шындық болмаса, қоғамның рухани болмысының тайыздайтынын қазақ ойшылдары айтып кеткен. Жыраулардың танымында қоғам болмысының беріктігі бұл жастардың өмірге ақыл, тәрбие арқылы бағыт алып отыруы болып саналады:
Келемеж қылып атасын,
Алмай ақыл батасын,
Мойнына алмай қатасын,
Шаруа десе, жирендеп,
Өсек десе, сүйреңдеп,
Қымыз аңдып қыдырып,
Бейпіл сөзге сыдырып,
Жалаңдасып ұл кетті.
Өмірдің шындығын түсіну үшін адам рухани өмірдің шынайы болмысын көзбен көріп, тәжірибені бойға сіңіріп өсуі қажет. Мәселен, қазақ хандары батырдың батылдығын шыңдауда, оның бойындағы шынайылыққа ерекше мән беретін болған. Олардың тарапынан шындық, әділдік үшін күресуде адамға ең бірінші күш беретін қасиет шынайылық болып есептелген. Батырлық, жаумен шайқасудағы тапқырлық, шеберлік осы қасиет арқылы көзге түседі. Батырдың бойындағы шынайылық пен шыншылдық қасиетке көзі жеткенде ғана, оған үлкен сенім артып, ұлт ісіне қажетті істерді табыстайды.
Қазақ руханиятында аталы сөздің шындығы көп жағдайда өмір шындығынан туындап отырған. Өмір шындығы бұл әділеттілікті, туралықты негізге алады және осы құндылықтар арқылы адамзаттың болмысын таразылайды. Адам болмысының өмір, уақыт, қоғам шындығы негізінде таразыланып отыруы бұл жақсы мен жаманның, шындық пен жалғанның ара-жігін ажыратумен тең. Дүние-мүлік өмір сүру үшін қажет, ал, ұлт пен елдің абыройын арқалайтын нәрсе ел басқаратын адамдардың рухани байлығы. Бұған қатысты жырау данамыз Дулат Бабатайұлы былай дейді:
Аңдығаны жілік боп,
Тілегені бүлік боп.
Момынды сорып сүлік боп,
Арам дауға келгенде,
Жел жетпейтін күлік боп,
Қонақасы бермесе,
Ат-шапқанға ілік боп,
Параны көздеп би кетті.
Қоғам үшін шынайылықтың өрісі бір. Шынайылықтың өрісі ол ізгілік, қоғамыңа еткен ісіңнің ұрпағыңа ізгілік болып оралуы. Елдің игілігіне қызмет қылу жолында ел, қоғам болып игілік болып табылатын нәрселерді танып отыру маңызды деген алаш зиялылары. Әлихан Бөкейханов жазғандай, «Жалғыз жүріп өз басын қорғаса, кісі бәледен құтылады. Көппен жүріп өз басын қорғаймын десе, көпті құдыққа тығады. Көп мақсаты иін тіресіп, тізе қосып, бір жүрсе табылады». Бұның мағынасы қоғамның әр мүшесі өзінің жеке басына жауапты, талғамына берік, әділеттіліктен аттамай жүрер болса, одан артық қоғамға тиетін пайда жоқ. Адамның өзі арқылы өзгеге көмектесетіні, сүйенетіні шындық болуы тиіс. Бұған қатысты Абай, «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады» дейді. Тағыда қайталап айтар болсақ, ұрпақтан-ұрпаққа табысталатын негізгі мұра тіл мен жер, дін мен дәстүр. Ал, уақыттың шындығы, тұлғалар болмысындағы шынайылық осы құндылықтармен бірге өмір сүреді. Ал, ұлттық мүддеден тысқары жүрген істің адамға абырой бере бермейтіндігі қазақ даналығында түйінделген.
Адам баласы қаншама уақытты артқа тастап, түрлі тарихи кезеңді басынан өткізгенімен, әділеттілік пен шындық, білім мен еңбек, ақыл мен ойлау бір-бірінен алшақтап кеткен емес. Себебі француз ойшылы Альбер Камю айтқандай, «Әділетсіздікке бейтарап болу мүмкін емес. Адам әділетсіздікпен не күреседі, не серіктес болады». Шыншылдық тектілік қасиет, адамның жақсылығы мен жамандығы осы қасиет арқылы көрінеді. Халық, келер ұрпақ зиялыларын осы қасиеті арқылы қабылдайды, тағылымын саналы түрде жадында сақтап отырады.
Тарих пен ұрпақты, ұрпақ пен мәдени болмысты біріктіріп отыратын рухани қасиет үлгілері тарихи кеңістік пен уақыт аясындағы тұлғалық (ұлттық) құндылықтарға тәуелді. Шындықтың қоғамда өмір сүруі, ұрпақтың шыншыл болып тәрбиеленуі және шынайылықтың қоғам тарапынан бағаланып отыруы үшін мемлекет пен зиялылардың арасында рухани байланыс болуы қажет. Қазіргі таңда ұлттық мүддені қорғаудың бір құралы ғылым, мемлекетте ғылым дамуы қажет, ғылымды дамытатын жастар мемлекет тарапынан іріктеліп, таңдалуы тиіс. Қоғам болмысының рухани жағынан дағдарысқа ұшырауы қоғамдағы ұлттық идеологияның жоқтығынан білінеді. Себебі, ғылымның сапасы білімнің сапасына тәуелді, ал, білімге сапа әкелетін адам, тәрбие, мәдениеттілік. Парақорлық, ғылыми атақ құр сәнге айналғанда, өнердегі бәсекелестік, бәсекеге қабілеттілік жүрмейді. Өнер, білім жолындағы кәсіби бәсекелестікке ұмтылыс болмаған соң, мемлекетте ғылым дамымайды, ғылымға жақын, қоғамға қажет адамдар өнер, ғылым жолынан қашықтап отырады. Осы себептен ойшыл адамдар шыншылдық қасиетке ерекше мән беріп, оны дәріптеуді ұрпаққа өсиет етіп отырған.

 

http://akikat.kazgazeta.kz/?p=10501