Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Олимпиада чемпиондары Жұбанов университетінде қонақ болды

Олимпиада чемпиондары Жұбанов университетінде қонақ болды

Ағымдағы жылдың 28 қыркүйек күні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған «Ақтөбе — құтты мекен» халықаралық форумы өтуде. Мұндай үлкен шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр, бұл шара — облыс басшылығының бастамасы. Аталмыш шара аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті де атсалысып,  «Ел мақтаныштары» атты олимпиада чемпиондарымен кездесу өткізді. Бұл туралы Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып,EDUNEWS.KZ ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Бүгін университеттің Мәжіліс залында грек-рим күресінің палуаны, спорт шебері, Халықаралық спорт шебері, Еңбек сіңірген спорт шебері, алтын медальге иеленген қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада ойындарының чемпионы Юрий Мельниченко, боксшы, халықаралық спорт шебері, Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ыбрайымов, жерлесіміз, аты әлемге әйгілі бокшы Галиб Джафаров, Грек-рим күресі бойынша ҚР еңбегі сіңген спорт шебері Мейрамбек Айнағұлов, Грек-рим күресі бойынша жаттықтырушы, Қайыржан Бекенбаев сынды тұлғалар қонақ болды.

Жиынға Ақтөбе облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы, университеттің Кәсіби-шығармашылық факультетінің студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

Кездесу барысында алғысөз алған Университет ректоры, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы Ердембеков: «Құрметті әріптестер, құрметті қонақтар! «Туған жер» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысында «Туған жерге тағзым!» акциясы жүзеге асырылуда. «Ақтөбе — құтты мекен» форумы аясында университетімізде бірнеше шаралар өткізіліп жатыр. Осындай шара барысында Сіздермен қауышып отырғанымызға қуаныштымыз, қош келдіңіздер», — деп, келген қонақтарды таныстырып өтті.

Одан соң грек рим күресінің палуаны, спорт шебері, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Әмірбекұлы Үшкемпіровке сөз берілді, ол: «80-жылдары өткен Мәскеу Олимпадасында спортшы Серік Қонақбаев екеуіміз алтын мен күміс алып, әлемге қазақты таныттық. Ал, қазір тәуелсіз мемлекет болдық. Ол тарих болып қалды. Біз үшін бұл — ұмытылмас жайт. Осыған жеткен де армында, жетпеген де арманда. Біздің ұрпағымыз мықты болады. Көптеген спортшыларымыздан Олимпида чемпиондары шығады. Мен оған сенемін. Бұл — бабаларымыз армандаған дүние. Осыны бағалауымыз керек», — деді чемпион.

Сөз барысында Ермахан Сағиұлы да Ақтөбе облысымен мақтанатынын, университетіміздің студенттері, оқытушылары мен түлектері арасынан биік спорттық жетістіктерге жеткен, чемпион атанған және түрлі жарыстар мен олимпиадаларға қатысқан университет мақтаныштары туралы да айтып өтті.

Кездесу кезінде университет студенттері сұрақтарын қойып, өз пікірлерін білдірді.

Аталмыш жиында университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы келген қонақтарға алғысын жеткізіп, Жақсылық Үшкемпіровке «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің құрметті профессоры» төсбелгісін және «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне 50 жыл» мерекелік медалін Юрий Мельниченко мен Ермахан Ыбрайымовқа табыстады.

Кездесу барысында атақты спортшылар студенттерге өздерінің өмірі мен түрлі сайыстардағы жеңістері туралы айтты. Және де жастарға салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға шақырды, қазіргі жастардың алғырлығы мен патриоттық сезімі жоғары екенін атап өтті. 

Мұндай кездесуге мені ардагер ретінде шақырып, көрсеткен сыйластықтарыңыз мені қуантып отыр. Сондықтан университет ұжымы мен басшылығына алғысымды білдіремін, — деді, Жақсылық Әмірәліұлы. Сөз соңында  университет ректорына да  өз сыйлығын табыс етті.

Жиын соңында университеттің 2-курс студенті Бақтыбай Ислам «Көк тудың желбірегені» әнін орындап,  университет ұжымы мен студенттері  олимпиада чемпондарымен естелік суретке түсті.

источник