Пятница, Ноябрь 22, 2019
Басты > Жаңалықтар > «Жұбанов керуенінің» кезекті көші

«Жұбанов керуенінің» кезекті көші

Қоғамға қажетті мамандық таңдау – басым бағыттардың бірі.  Жалпы алғанда, адам өзінің болашақ кәсібіне түрлі жолдармен келеді. Біреулер үшін ол арманының орындалуы, енді басқалар үшін жаңалыққа, дербестікке талпыныс десек, кейбіреулердің алдында әйтеуір бір маман иесі атану міндеті тұрады. Ал, түптің түбінде мамандық таңдау үшін адам өз бейімділігін тануы қажет.  Дұрыс таңдалмаған мамандық адамның өзіне де, қоғамға да кері әсерін тигізеді. Бұл ретте Мәртөк ауданына барған «Жұбанов керуені» өзекті мәселеге тұздық болды.

Шара барысында университеттің кәсіби мамандары аудан түлектеріне дұрыс мамандық таңдауда бағыт-бағдар беріп, тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, мұнда кәсіби бағдар беру және қабылдау комиссиясының мамандары ҰБТ шарттары мен ережелері туралы  әңгімелеп, түлектердің барлық сұрақтарына жауап берді.

««Жұбанов керуені» жобасы университет ректоры Бауыржан Ердембековтің қолдауымен  өткізіліп отыр.  Үстіміздегі жылдың қазан айында бастау алған шара өңіріміздің 6 ауданына барды. Біз әлі де қалған аудандарға баруды жоспарлап отырмыз. Өйткені, біз жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, дұрыс мамандық таңдауына көмек көрсетуіміз керек… Мамандық таңдау – өмірдегі өз орныңды табудың алғашқы баспалдағы. Оған бейжай қарауға болмайды…

Сонымен қатар Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты жаңалықтарды да түсіндіру — біздің мақсатымыз. Осы ретте айта кетейін, жалпы  жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет (қаңтар, наурыз, маусым-шілде, тамыз) өткізіледі және алғашқысы қаңтардағы ҰБТ-ға қатысу үшін өтінім 2019 жылғы 1-15 желтоқсан аралығында қабылданады. Ал, ҰБТ-ны сәтті тапсырған 11-сынып оқушылары ЖОО-ға ақылы шартты негізде түсе алады», — дейді Кәсіби бағдар беру және қабылдау бөлімінің басшысы Рауан Жалтырбаева.

Оның айтуынша, ағымдағы жылғыдай, ҰБТ сертификатымен бірге әрбір бітірушіге білім беру бағдарламалары топтарының тізімі, бөлінетін гранттар саны, сондай-ақ өткен жылғы грант тағайындау конкурсының нәтижелері көрсетілген ақпараттық парақ беріледі. Бұл ақпараттық парақ талапкерге болашақ мамандығын таңдауда көмектеседі.

Бүгінгі  сапар барысында жоғары оқу орнына түсемін деген әрбір түлекке барлық көмек көрсетілді. Жоба ұйымдастырушылары бұл жолы да аудан түлектерін сый-сыяпатсыз қалдырмай, университетте білім алып жатқан Мәртөк ауданының үздік студенттерінің ата-аналарына да құрмет көрсетті. Ал, аудан жұртшылығымен кездескен университет ректоры Бауыржан Ердембеков Мәртөк ауданының үздік түлектері, пәндік олимпиада жеңімпаздары Дидар Әбиге, Қуат Сапарбаевқа, Әсемай Елтаеваға Құдайберген  Жұбанов атындағы білім грантының сертификаттарын табыстады. Сондай-ақ, алдағы жылы ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына үлес қосу мақсатында «Абайтану» атты авторлық кітабын ауданның  барлық  мектептерінің кітапхана қорына сыйға тарту етті.  Ал, жобаның «Мамандығыңды дұрыс таңда!» атты дәстүрлі акциясына қатысушылар арасынан 3 мектеп бітіруші түлекке Жұбанов университетінің оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік сертификаттары тапсырылып, бағалы сыйлықтар таратылды.

Өз кезегінде мектеп түлектері де болашаққа таңдаған мамандықтары төңірегінде әңгімеледі. Олардың армандары асқақ, мақсаттары биік…

Болашақта елдің дизайн саласына өз үлесін қосқысы келетін Нұрлан Қаршыға «Дизайн» мамандығын таңдап отыр. Талабы таудай жас №4 жалпы орта білім беретін мектептің түлегі. «Жұбанов университеті – менің армандайтын оқу орындарымның бірі.  ҰБТ тапсырған соң осында түсуді мақсат етіп отырмын. Бүгін біздің ауданымызға келген  «Жұбанов керуені» жобасында өзім қалаған мамандық жөнінде көптеген мағлұматтар алдым. Болашақта Жұбанов университетін бітіріп, дизайнер болып жұмыс жасағым келеді. Маған осы университеттің белсенді жастары ұйымдастырған концерттік іс-шара мен білім бағдарламаларының көрмесі қатты ұнады», — деді бізге берген сұхбатында.

Ал, Марина Нұғыманова Аққайың орта мектебінің түлегі. «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығын таңдап отыр. Мақсаты – терең білім алып, өз ісінің кәсіби шебері атану. Сондай-ақ, болашақта ел әлеуетін арттыруға үлесін қосу.  «Бүгін «Жұбанов керуені» жобасының ұйымдастырған «Мамандығыңды дұрыс таңда!» акциясы аясында  университеттің оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік сертификатының иегері атанып отырмын. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Қуанышымда шек жоқ… Осындай шараны ұйымдастырған ұйымдастырушыларға көп рахмет. Енді Жұбанов университетіндегі жас жұбановшылардың қатарын толықтыратын болдым», — деді (күліп).

«Жұбанов керуені» жобасына қатысқан Мәртөк ауданының әкімі  Ермек Кенжеханұлы ұрпақтардың ертеңіне елеулі үлес қосып, түлектердің дұрыс мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру үшін арнайы Мәртөк ауданына атбасын бұрған «Жұбанов керуені» жобасына шынайы алғысын білдірді. Маңызды кездесу барысында жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнату мақсатында аудан әкімі Ермек Кенжеханұлы мен ректор Бауыржан Ердембеков меморандумға қол қойды.  Содан соң №2 мектеп гимназиясында университеттің филология факультетінің «Шетел филологиясы және аударма ісі», «Ағылшын және неміс тілдері» және «Теориялық және қолданбалы тіл білімі» кафедраларының филиалдарының ашылуына қатысты. Онда мектеп директоры Бақытгүл Абдуллина мен университет басшысы  екіжақты келісімшартқа отырды. Кафедра филиалдарын ашу мақсаты – университеттің болашақ студенттерінің ғылым мен білімге ұмтылысын күшейту, пәндік негізде кеңестер беру және мектеп ұжымы мен факультет ұжымының тәжірибе алмасуын жүзеге асыру, теориялық білім мен практикалық дағдыны бірлесе қалыптастыру. Бұл мақсаттағы бірінші шара «Жаңартылған білім бағдарламасы: сыни тұрғыда оқыту», «ХХІ ғасыр мұғалімінің дағдылары» семинар-тренингін өткізу арқылы жүзеге асты. Семинар-тренинг соңында қатысушыларға сертификаттар берілді.

Айта кетейік, осындай келелі кеңестер айтылған жобаға  ауданның 27-і мектебінің басшыларымен қатар, 300-ге жуық түлек пен олардың ата-аналары қатысты.

Ұйымдастырушылар жас түлектерге дұрыс мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын одан әрі дамыту, жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнату, жергілікті жердегі кадр тапшылығын жоюды бірлесе шешу мақсатында ұйымдастырылған жоба өз жемісін береді деп сенеді.