Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қытай делегациясы Жұбанов университетінде болды

Қытай делегациясы Жұбанов университетінде болды

Бүгін Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо бастаған делегация Жұбанов университетінің басшылығымен кездесті.

Күншығыс елінен келген меймандардың қатарында ҚХР-дың Қазақстандағы елшісінің кеңесшілері Ли Чжун және Сунь Чандун,  Баспасөз қызметінің және дипломатияның екінші хатшысы Чэн Юй,  хатшы Ван Сян, Баспасөз қызметі және жалпы дипломатия бөлімінің атташесі Чжан Сяонан, елшіліктің атташесі Циу Лян бар.

Халықаралық кездесу барысында ректор Бауыржан Ердембеков университеттің тарихы мен бүгінгі жетістіктерін таныстырды. Өз кезегінде  Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо  алдымен  университет ректорына кездесуді ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, Чжан Сяо Жұбанов университетінің білім және ғылым саласындағы көшбасшы жоғары оқу орындарының қатарында екенін атап өтіп, әрі қарай ғылым және білім беру байланыстарын дамытуға өз үлесін қосуға дайын екендігін жеткізді.  «Сіздермен қауышқаным үшін мақтаныш сезімде отырмын, сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Осы тұста айта кетейін,  Қазақстандағы Конфуций институттарының ішіндегі дәрежесі жоғары деп Жұбанов университетіндегі Конфуций институтын айтпай кетсем болмас. Екі елдің  нығайған қарым-қатынасының арқасында Конфуций институтының мерейі әлі де өсе беретініне сенім білдіремін. Бұл тұста Сіздерің де үлестеріңіз мол. Бірлескен жобаларымыздың сәтті жүзеге асуына тілектеспін!», — деді.

Басқосу барысында Жұбанов университетінде 2010 жылдан бері жұмыс жасап жатқан Конфуций институтында қытай тілін үйренумен қатар, қытай тілі мамандарының біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу, ғылыми және мәдени шаралардың бағдарламаларын жүзеге асыру мәселелері де қамтылды.

Айта кетейік, Конфуций институтында 12000-нан астам студенттер оқиды, олардың көбі Қытай Халық Республикасының ең белді университеттерінде бакалавриат, магистратура, тілдік практика және студенттер алмасу бағдарламаларында білім алады. Кездесуге қатысушылар жоғары білікті мамандарды даярлау, дуальды оқыту жүйесінде біліктілікті арттыру және осы бағыттағы алдағы жұмыстар туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, кездесуде университет басшылығы мен Қытай елшісі мәдениет, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық мәселелері туралы  талқылады.

Екіжақты басқосу барысында университеттің стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі проректор Қуанышбек Шүңкеев Қытай елшісінің назарын ғылыми-зерттеу жұмыстарының перспективаларына және бірлескен зерттеу жобаларын жасауға аударды.

Кездесу соңында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Одан кейін Қазақстан Республикасындағы Қытай Елшісі Чжан Сяо Жұбанов университетінің студенттерімен кездесті. Мұнда жастар технологияны дамыту,  қытай тілін және ерекше кәсіптерді оқып үйренуге қызығушылық танытты. Елші  Чжан Сяо студенттермен кездесуде технологиялық жетістіктер, халықаралық ынтымақтастық кезеңдер туралы әңгімеледі.

Мұнан соң шетелдік делегация «Жұбановтар әлемі» мұражай үйінде  Қытай Халық Республикасының құрылуының 70 жылдығына арналған фотокөрмеге қатысады.