Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университеттегі жүздесулер

Университеттегі жүздесулер

Республикалық «Туған жер» форумы аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде көптеген кездесулер өтті.

28 қыркүйек күні Мәжіліс залында «Ел мақтаныштары» атты жиын ұйымдастырылды. Университет студенттері Олимпиада чемпиондарымен кездесті. Кездесуге Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, 1981 жылғы әлем чемпионы, қазақтың даңқты палуаны Жақсылық Үшкемпіров, тағы бір даңқты палуанымыз, Атланта Олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко, Сидней Олимпиадасының чемпионы, боксшы Ермахан Ыбрайымов, 2003 жылғы әлемчемпионы, боксшы Галиб Жафаров, грек-рим күресінен биылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мейрамбек Айнағұлов және белгілі бапкер Қайыржан Бекенбаев келді.

Жиынды университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков ашып, қонақтарға жылы лебізін жеткізді.

Қонақтар атынан алдымен сөз алған Жақсылық Үшкемпіров өз ізбасарлары —тәуелсіз қазақ елінің бүгінгі спортшыларының жетістіктерін мақтаныш тұтатынын айтты. Сонымен бірге ол:

— Тәуелсіздік — халқымыздың басты бақыты. Бабаларымыз осы күнге жетуді армандады. Тәуелсіз еліміздің абыройын асқақтату жолында жастарымыз аянбай тер төгеді деп сенемін, — деді.

Осы жиында университет ректоры Жақсылық Үшкемпіровке — «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің құрметті профессоры» төсбелгісін, ал Юрий Мельниченко мен Ермахан Ыбрайымовқа«Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне — 50 жыл» мерекелік медалін табыстады.

Физика-математика ғылымдарының кандидаты Жәрдемғали Шүкіров, әнші Қанат және Светлана Айтбаевтар, университет қабырғасында білім алып, бүгінде түрлі салаларда жемісті еңбек етіп жүрген т.б. түлектер осындай кездесулерге қонақ болып келді. Олар өздерінің студенттік шақтарынан қызықты естеліктер айтып, жастар сауалдарына жауап берді.

 А.САРЫБАЙ.

источник