Суббота, Декабрь 7, 2019
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов керуені хромтаулықтармен кездесті

Жұбанов керуені хромтаулықтармен кездесті

Мектеп бітіруші түлектерді мамандық таңдауға, нәтижелі жұмыспен қамту, кәсіптік оқумен қамтамасыз ету қоғамның, мектептің, ата-аналардың алдында тұрған басты мақсат.

Өз ісіңді таңдар алдында қандай мамандықтар бар екендігін және бұл мамандықтың не үшін керектігін біліп алу мектеп бітіргелі отырған түлектер үшін аса маңызды болып табылады. Мамандық жайлы толық түсінік алу үшін: «Маман иесі не істейді?», «Оның қызметінің нәтижесі неге алып келеді?», «Маман иесі қандай жағдайда жұмыс істейді?» деген сұрақтарға жауап таба алуы керек. Мамандық – бұл адамның ақылмен сүретін өмірі. Өзіңізді қызықтырған саланы қорғай білсеңіз және сонымен бірге өзіңіз де дамысаңыз, сонда ғана биікке жететініңіз хақ.  Бұл орайда Жұбанов университетінің «Жұбанов керуені» табиғи қазба байлықтарға бай өңірдің мектеп түлектерімен кездесті.  Күре жолдың бойында орналасқан кенді Хромтау  ауданы облыс үшін стратегиялық маңызы жоғары өңір. Оның үстіне Хромтау  елдегі моноқалалардың тізіміне енгені белгілі.

Мұндағы мектеп түлектерінің мамандық таңдауына қолдау көрсету, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын одан әрі дамыту, жергілікті жердегі кадр тапшылығын жоюды бірлесе шешу мақсатында жүргізіліп жатқан іс-шараға ауданның мектептері мен колледждері қамтылды. Аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Рустам Биржановтың айтуынша, аудан бойынша 27 мектеп және 1 колледж бар. 2019-2020 оқу жылында 280 түлек мектепті бітіріп, болашаққа қадам басқалы тұр.  Олардың 280-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірген.  Оның техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлайтын оқу орындарына баруға тілек білдіріп отыр.

Солардың бірі – Альбина Избағамбетова. Ол  Хромтау ауданындағы №7 Хромтау мектеп гимназиясының   түлегі. Анасының айтуы бойынша, тестілеуге дайындығын 9 сыныптан бастаған оқушы, Альбина таңғы 5-те тұрып, сабақтарына тыңғылықты дайындалады.   Бос уақытын да қалт жібермей, көптеген кітаптарды оқиды. Талапкердің ендігі мақсаты — Жұбанов университетіне оқуға түсу.  «Бізді білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымызға мың алғыс. Біздің осы күнге  жеткеніміз ата-анамызбен қоса, сол ұстаздарымыздың  да арқасы деп ойлаймын. Алдымызда үлкен сынақ күтіп тұр. Содан сүрінбей өтіп, армандаған жоғары оқу орнына түсіп кетсек деген жалғыз ғана тілегіміз бар. Студент атанып жатсақ, бұл тек біздің ғана жеңісіміз емес, ұстаздарымыздың да жеңісі», – дейді мектеп түлегі.

Жобаның  ең басты алаңы —  №6 Хромтау гимназиясы болды. Шара  басталар бұрын мектептің дәлізінде түлектер дәстүрлі «Мамандығыңды дұрыс таңда!» акциясына қатысып, білім бағдарламаларының көрмесімен және студенттік клубтардың жәрмеңкелерімен танысты. Мұнда мамандар болашақ түлектерге мамандық таңдау үшін көмек қолын созды. Сонымен қатар шара барысында университеттің белсенді студенттері оқу ордасы жайлы ақпарат беріп, академиялық ұтқырлық бағдарламасы туралы да сөз қозғады. Бұл шаралар одан әрі  мектеп оқушыларымен және ата-аналарымен кездесу жиынына ұласты. Аудан түлектерімен кездесуде университет ректоры Бауыржан Ердембеков мамандық таңдаудың өмірлік маңызын түсіндірді.  Сондай-ақ топ құрамында барған  университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров аталмыш оқу орнындағы мамандықтарға тоқталып,  1-курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мүмкіндігі, әлеуметтік көмекке мұқтаж студенттерге жәрдем көрсету үрдісі, гранттық қаржыландыру, оқу ақысындағы жеңілдіктер және университеттің халықаралық байланысы жөнінде  көпшілікті мазалайтын сұрақтарға жауап берді.

Аталмыш шараға білім беру ұйымдарының басшылары мен  аудан әкімі Нағымжан Алдияров та қатысты. ««Жұбанов керуені» ауыл-аймақтарды аралап, үлкен мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Университет жаңалықтарын тыңдап, білім бағыттарымен танысу  біздің түлектеріміз бен мұғалімдер үшін үлкен мүмкіндік. Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек. Адамзат қашанда биіктікті білекпен емес, біліммен бағындырған. Ел болашағы білімді ұрпақтың қолында. Елімізді келешекте түрлі белестерден алып өтетін – сіздерсіздер! Сондықтан алған білімдеріңізді еліміздің,  облысымыздың, ауданымыздың гүлденуіне жұмсап, қабілеттеріңізді көрсетуге күш салады деп сенемін!», — деді аудан әкімі.

Басқосуда аудан әкімі Нағымжан Алдияров пен ректор Бауыржан Ердембеков жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнату мақсатында  ынтымақтастық меморандумға қол қойды. Екі жақты келісім соңында университет басшысы аудан әкіміне Құдайберген Жұбановтың 120 жылдық мерейтойына орай шығарылған  конференция материалдары мен шығармалар жинағын табыс етті.

Сапар барысында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған ауданның 3 түлегі  Құдайберген Жұбанов атындағы білім грантының сертификатына ие болса, «Мамандығыңды дұрыс таңда!» акциясына қатысушылар арасынан 3 мектеп бітіруші Жұбанов университетінің оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік сертификатының иегері атанды.  Сонымен бірге университет басшылығы тарапынан оқу орнының қабырғасында жүріп, түрлі салада жетістікке жеткен талантты  студенттердің ата-аналары да Алғыс хаттар иеленіп, құрметке кенелді.  Одан бөлек  университет түлектері, ауданның белсенді жас мамандары да марапаттан тыс қалмады. Солардың бірі – Жеңіскүл Бошанова. «Мен экономика және құқық факультетінде «Менеджмент» мамандығы бойынша білім алып,  2013 жылы Жұбанов университетінің түлегі атандым.   Алдымен, жоғарғы оқу орнының білім беру жүйесінің заман талабына сай әрі сапалы екендігін атап өткім келеді. Біліктілігі жоғарғы мамандар мен ұстаздар білім алушыларға  өздерінің таңдаған салалары бойынша берік негіздеме беріп, теория мен практиканы сабақтастыра отырып, білікті мамандарды қалыптастырды. Осы орайда жоғарғы оқу орнының басшылығы мен ұстаздар қауымына алғысымды білдіргім келеді. Жұбанов университетінің қабырғысында алған біліміммен болашақта әлі де алға қойған мақсаттарыма қол жеткізіп, егемен еліміздің қарқынды дамуына өз үлесімді молынан қосатыныма сенімдімін», — деді ол.

Кеш соңы университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің белсенділері дайындаған шағын концерттік бағдарламаға ұласты.

Ауданға сапар соңында Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков, техникалық факультетінің деканы Ерлан Жұмағалиев, «Мұнай-газ ісі» кафедрасының меңгерушісі Бауыржан Келаманов Хромтау тау-кен техникалық жоғарғы колледжінде  болып, колледж студенттерімен кездесті. Мұнда ақтөбелік делегация колледждің материалдық базасымен танысып, жерасты шахтасы іспеттес оқу бөлмесін көрді. Дуалды оқыту арқылы қат мамандарды дайындайтын оқу орнының материалдық-техникалық күйіне жоғары баға берді.  Сонымен қатар университет басшысы  Бауыржан Ердембеков пен Хромтау тау-кен техникалық жоғарғы колледжінің директорының міндетін атқарушы  Марал Биржанов техникалық және кәсіптік білім беру, білім беру бағдарламасындағы өзара әрекеттестік, оқытушылар және студенттер арасындағы тәжірибе алмасу мақсатында ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Бұдан бөлек ауданда университеттің Үздіксіз білім беру институтының мамандары мен тарих факультетінің профессорлық-оқытушылық құрамы ауданның №6 Хромтау гимназиясында  мұғалімдерге арналған  тренинг-семинарлар өткізді.

Болашаққа қадам басқалы отырған мектеп түлектерінің мамандық таңдауына оң ықпалын тигізетін осындай іс-шаралардың болуы жарқын болашақтың бастауы.