Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Бағдат — әлем чемпионы

Бағдат — әлем чемпионы

Бахрейн корольдігінің астанасы Манама қаласында аралас  жекпе-жектен өткен әлем чемпионатында 52 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз  Бағдат Жұбаныш чемпион атанды. Ақтөбелік спортшы турнир барысында төрт жекпе-жек өткізіп, барлығында да қарсыластарынан басым түсті.

Мұнда  50 мемлекеттен 2000-ға жуық жекпе-жек шебері сегізбұрышқа шықса, Қазақстан ұлттық құрамасынан 70 спортшы қатысты. Оның бесеуі — ақтөбелік спортшылар.  Бағдат екінші кезеңде жергілікті спортшы Магомед Шейховты ұтып,  жартылай финалда ресейлік Адам Хамхоевпен рингке шығып, алтын медаль сарапқа салынатын жекпе-жекке жолдама алды. Ал финалда командалық әріптесі, қазақстандық Қазбек Сағыннан мықты екендігін дәлелдеді. Бұл — Бағдаттың әлем чемпионатындағы екінші алтыны. Бұған дейін 2018 жылы осы Бахрейн жерінде қарсылас шақ келтірмей, тұғырдың ең биік сатысына көтерілген болатын. Аралас жекпе-жектен облысымыздың мақтанышы Бағдат Asian Open 2019 және World Open 2018 турнирлерінде  де үздік  шыққан.

Ақтөбедегі «Еркін күш» кәсіпқой спорт клубында Айбек Шоқпытовтың жетекшілігімен жаттығатын ол. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 2-курс студенті, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Осы жылы Халықаралық аралас жекпе-жек федерациясы 23 жастағы Бағдат Жұбанышты ММА бойынша ерлер арасында «Жылдың үздік спортшысы» номинациясына ұсынған болатын.

Бахрейндегі әлем чемпионатында  Бағдаттан бөлек, 61,3 келі салмақта Амангелді Дастан мен Тыныштық Жәнібек қола жүлдеге ие болды.

                                                                                             Бекет АЙСҰЛТАН

https://aqtobegazeti.kz/?p=81038