Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Astana Hub — Ақтөбеде

Astana Hub — Ақтөбеде

Кәсіпкерлік

Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі өкілдері Ақтөбеде өңірлік стартаптарды дамыту бағдарламасын таныстырды.

Бүгінде Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің сарапшылар командасы бір айдан бері ел аймақтарын аралап, технопарк қызметін таныстырып, технологиялық кәсіпкерлік мәдениетін ілгерілету үшін Startup Sapary бағдарламасын жүзеге асырып жүр.

Астаналық мамандардың айтуынша, Startup Sapary бағдарламасы бүгінде  Ақтөбеден бөлек, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Павлодар, Орал, Өскемен, Талдықорған, Тараз, Түркістан өңірлерімен қоса, республикалық маңызы бар үш қала — Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте таныстырылыпты.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері, оқытушылар құрамымен кездесу барысында Astana Hub технопаркінің  сарапшысы Айвар Құрманов IT саласында идеялары бар жас кәсіпкерлер үшін екі күндік «Стартап мектебі» тегін курсын өткізді. Семинарға стартап-жобаларды дамыту бойынша білім алғысы келетін және өз идеяларын барынша қысқа мерзімде іске асыруға ниетті бастаушы және әрекет етуші кәсіпкерлер де қатысты.

— Курстың мақсаты — тыңдаушылардың стартапты құру және дамыту әдістемесі туралы тұтас түсінігін қалыптастыру, идеядан бастап әлемдік нарыққа масштабтауға дейінгі гипотезаларды тексеру. Стартап мектебінің міндеті — еліміздің талантты және табысты кәсіпкерлерін тарту, оларға классикалық бизнес алдында технологиялық кәсіпкерліктің артықшылығын көрсету, — деді  Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің атқарушы директоры Әділет Нұрғожин.

Кездесу барысында өңірлік стартаптарды дамыту бағдарламасымен қоса, Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің таныстырылымы өтті.

— Astana Hub-тың миссиясы — адамдардың мәселелерін ІТ шешімдер арқылы жақсартуға ниет білдірген және білетін адамдарды біріктіру. Технопарк жағдайында біз ІТ технология арқылы қоғам, мемлекет немесе бизнес мәселелерін шешетін кәсіпкерлерді біріктіреміз. Ақтөбеге жасаған сапарымызда біз аймақтық стартап қалыптастыру және инновациялық экожүйені құруды да жоспарладық. Бұл — стартап жобаларды дамыту бойынша білім алғысы келетін дарынды студенттерді, іскер мамандарды және перспективті ІТ-компанияларын анықтауға және өз идеяларын барынша қысқа мерзімде іске асыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні біздің команданың құрамында ақтөбеліктер де бар. Біз әрбір аймақтық ІТ-хаб пен стартаптарды қолдауға дайынбыз. Еліміздің барлық аймағында стартаптармен жұмыс жасау тәжірибемізді бөлісу жөнінде үлкен жоспарымыз бар. Ол үшін Startup Sapary бағдарламасы әзірленді, — деді технопарк өкілі.

Astana Hub командасы сапарларының қорытындысында инновациялық экожүйенің ағымдағы жай-күйіне, өңірдің инфрақұрылымы мен салаларын цифрландыруға IT-қоғамдастықтың дайындық деңгейіне бағалау жүргізуді де жоспарлап отыр. Осыған байланысты әрбір өңірді дамыту бойынша жеке ынтымақтастық жоспары әзірленетін болады.

Арайлым НҰРБАЕВА

https://aqtobegazeti.kz/?p=81139