Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Билер тағылымы

Билер тағылымы

Конференция

Көненің сөзі

Қазақта «Би бол немесе би түсетін үй бол!» деген тағылымды бір тәмсіл бар. Қашаннан даулы мәселелерде әңгіме түйінін екі-ақ ауыз сөзбен бітіретін билер ел ішінде құрметке бөленген.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер институты» атауымен республикалық ғылыми-практикалық конференцияның ұйымдастырылуы осы бір халықтық қалпымызды, көненің игі дәстүрін жаңғыртудың, жаңа буын, жас ұрпақ санасында түсінік орнатудың ізгі бір қадамы іспетті болды. Бұл ғылыми шараға облысқа еңбегі сіңген ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, тарихшылар, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, бұқаралық ақпарат қызметкерлері қатысты.

Конференция осы өңірдің өз заманындағы белгілі билері Сегізбай Қалыбекұлы мен Сарышоңай Алыбайұлы өмірі, олардың қоғамдағы ықпалы, атқарған рөлі тұрғысында өрбіді.

— Ұлы Дала өркениеті тарихында билер сотының құқықтық, саяси-әлеуметтік, тарихи-мәдени, рухани-дүниетанымдық, ұлттық-халықтық, философиялық құндылықтары айрықша. Мемлекеттің саяси және әлеуметтік жағдайын тек әдеттегі құқықпен ғана емес, рухани-мәдени салт-дәстүр негізінде де ұштастыра отырып қамтамасыз етуші бірден-бір құрылым ретіндегі рөлі зор.

Ұлы Даланың билері тереңдікпен, білімпаздықпен билік-кесім айтқан. Сөйтіп, ел ішіндегі жүгенсіздіктерді кісенсіз, зындансыз, абақтысыз сап тыйған. Тындырғанда да хатсыз, қарарсыз, ауызша жүзеге асырып, бітіріп отырған. Ол кезде бір бидің өзі осы күнгі соттың да, прокурордың да, полицияның да, өзге де құқық қорғау органдарының қызметтерін атқарған, — деп жиынды ашқан университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков қос тарихи тұлғаның қайраткерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екенін тілге тиек етті.

Конференцияда ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Қажығали Мұханбетқалиев «Ел мен жерге қызмет еткен тұлғалар» деген тақырыпта кеңінен ой өрбітті. Тарихи тұлға — Сырым Датұлы туралы роман жазған қаламгер сол заманның ахуалына көз жүгірте отырып, билік тізгінін берік ұстаған Сегізбай Қалыбекұлы және Сарышоңай Алыбайұлы туралы ой-толғамдарын өрістетті.

Ал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы  Ұлжан Ахметова «Билер билігінің сабақтастығы және Қалыбек би ұрпақтары» деген тақырыпта байыпты баяндама жасады.

— Сегізбай би өз заманында ақыл-жігерімен, билігімен, саясаткерлігімен тек қазақтарды ғана емес, көршілес Ресейді де мойындатқан. Онымен Қазақ хандығының бас ханы Әбілқайыр хан ұрпақтары — Нұралы, Ерәлі хандар да, өзге ел билеушілер де ақыл сұрап, пікір бөліскендігін атауымызға болады. Өйткені Сегізбай би билеген Әлімұлы рулары қай уақытта да елдің тірегі бола білді. Ол қашанда көптің қамын көздеп, ел бірлігіне қызмет жасады. Сырым Датұлы мен Ерәлі хан арасында қарым-қатынас шиеленіскен кезеңде де ол өзінің азаматтық ұстанымынан ауытқыған жоқ, — деді ол.

Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәулет Әбенов «Қазақ тарих ғылымының іргетасын қалаушы Бегежан Сүлейменов — Сегізбай, Сарышоңай билердің ұрпақтары» деген тақырыпта баяндама жасап, конференция көкжиегін кеңейте түсті.

Мәскеудегі Карл Либкнехт атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетінің 1938 жылғы түлегі, Алматыдағы шетел тілдері институтының алғашқы директоры болған, Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтында Қазақстан тарихы бөлімін басқарған  Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Бегежан Сүлейменов революцияға дейінгі қазақ тарихын терең және жан-жақты зерттеген ғалым.

Өткен жылы ғұлама ғалымның жақсы есімін жас ұрпақ санасында мәңгі сақтау мақсатында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің тарих факультеті  ғимаратына Бек Сүлейменовтің аты берілді.

Қос ғалым — философия ғылымдарының докторлары Амангелді Айталы мен Алтай Тайжанов билердің жалпы қоғам өміріндегі алатын орны туралы пайымдамаларын нықты мысалдармен жеткізіп, бүгінгі әңгіме арқауына айналған екі бидің ерекшеліктерін ашып көрсетті. Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Келдібай Еспағамбетов «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген халық даналығын алға тартып, билер дәстүрін сақтау, олардың үлгісін ұстану төңірегінде ой қозғады.

Сегізбай би

Әдетте біз ілгеріректе ғұмыр кешкен атақты тұлғаларымыздың — батыр-билеріміздің, басқа да есімі ардақты, ел басқарған болыстарымыздың өз заманындағы дәрежесін дәлелдеу үшін көбінесе Ресей архивтеріне сүйеніп жатамыз. Сол ізбен сөзімізді өрбітетін болсақ, Сегізбай би туралы деректер де аз еместігі байқалады.

1783-1797 жылдар аралығын қамтыған Сырым бастаған қозғалыс тұсында Ресей империясы шенеуніктері Қазақ хандығының батыс өңірдегі беделді адамдарының тізімін жасаған екен. Сол іріктеліп алынған отыз адамның ішінде Сегізбай Қалыбекұлы алдыңғы қатарда көрінеді.

Уфа-Симбирск генерал-губернаторы О.Игельстром 1789 жылы 10 мамырда патшайым ІІ Екатеринаға жолдаған хатында: «Барлығына белгілі болғандай, қазақтар ақсақалдарын айрықша құрметтейді. Олар ақыл-кеңестерін береді, толықтай басқарады да. Сондықтан да қазақтар сот ретінде егде жастағы Сегізбай, Мопыра, Көккөз, Тұрмәмбет билерді сайлады» деп мәлімдеме жасайды.

Тарихшы Михаил Мяткин 1947 жылы жарыққа шыққан «Сырым батыр» атты еңбегінде Сегізбай есімін бірнеше рет атайды. Оның 1785 жылғы шілдеде Кіші жүз би-батырларының жиынына қатысқанын айта келе, онда жер, жайылым мәселелері, шекарадағы казак-орыс әскерлерінің озбырлығы талқыға салынғанын жеткізеді.

Сонымен бірге, Кіші жүз аумағында бас старшындыққа ұсынылған Сегізбай, Тұрмәмбет және Тіленшінің үшеуінің де халық арасында жасы жағынан да, қадір-қасиетімен де мықты екенін сипаттайды.

Сегізбай — сол тұстарда тархан атағын иеленген санаулы билік иелерінің бірі. Осы және басқа да көптеген жайларды өз зерттеулеріне арқау еткен ғалым, «Сарайшық» республикалық музей-қорығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар Ақтөбедегі конференцияға келе алмағанымен, өзінің сөзін бейнетаспа арқылы ұсыныпты.

— Бұл — маңызды ғылыми-тәжірибелік конференция. Ата-бабаны тану, олардың қоғамдық-саяси қызметтерін анықтау бүгінде тарихшылардың тікелей міндетіне айналуда.

Мен күн тәртібіндегі осы кезеңді зерттеп жүрген адаммын. Сегізбай, Сарышоңай билердің тарих беттерінде терең іздері жатыр. Олар қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына, сақталуына қызмет етті, Ресейдің отарлауына қарсы шықты, Хиуа шапқыншылығына тосқауыл қойды. Бұл деректерді біз Ресей архивтері арқылы нақтыладық. Енді онымен шектеліп қалмай, басқа жерлердегі мұраларды да қарастыруымыз керек.

Сегізбай би өз заманында қалың Шектінің аға биі ретінде танылды. Елдікті сақтау жолында, хандық билікті нығайту жолында қызмет етті. Сарышоңай туралы зерттеулер де мұрағаттарда жетеді. Енді оларды бірыңғай жүйеге келтіріп, ғылыми айналымға енгізуіміз керек. Бұл конференция алдағы жұмыстарымызды да айқындап береді деп ойлаймын,— деді ол.

— Сегізбай бидің Зорыбай, Сейітпембет, Өтеулі, Жаманқара, Нұрымбет атты бес баласынан тараған ұрпақтары өсіп-өнген, Шалқар ауданында, Ақтөбеде тұрады; еліміздің басқа аймақтарында да еңбек етіп жүргендері аз емес.

Алдағы 2020 жылы өмірден озғанына 225 жыл толатын қасиетті бабамыз — Шекті Сегізбай бидің халқына қызметінің тарихи тағылымы мәңгілік болмақ.

Ауданның бір топ еңбек ардагерлері мен тұрғындары халқының жарқын болашағы үшін бар ынта-ықыласымен еліне адал қызмет жасаған дара тарихи тұлға Сегізбай би Қалыбекұлының есімін Шалқар қаласының даму аймағындағы бір көшесіне беру туралы ұсыныс жасауда. Оның оң шешімін табатындығына күмән келтіруге ешқандай негіз жоқ. Сегізбай би есімін құрметтеу жастарды отансүйгіштікке баулу, тарихи тұлғаны дәріптеу бағытындағы атқарылатын игі шаралардың бастамасы болады деп ойлаймыз,— деді Шалқар ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы ауылшаруашылық саласының үздігі Қалмақан Төлеуов.

Сарышоңай би

Заманында сөзі өтімді, өзі өнегелі болған Сарышоңай би Алыбайұлы ХVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың алғашқы ширегі аралығында ғұмыр кешіп, өз алдындағы ілгері буын өкілдері — Сырым, Сегізбай, Мұратбек, Қаратау, тағы басқа танымал тұлғалардың мектебінен өтеді. Мына жағы орыс, мына беті Хиуа, Бұхара аумағындағы әртүрлі мәселелерді шешуге араласады. Ата жолы — би заңдарын ұстанып, елішілік дау-дамайларды соны негізге ала отырып шешкен.

Сарышоңай он жеті жасында руаралық түсінбестікті шешуге ақсақалдармен бірге барып, дау төркінін анық аңғарған соң үлкендерден билік айтуды сұрап алады.

Көпшіліктің рұқсатымен ортаға шыққан ол: «Әлім — үйім дер едім, Шөмен — елім дер едім. Елдеспек бар да, жауласпақ жоқ. Достаспақ бар да, қастаспақ жоқ. Айтыңдаршы, ағайын! Бір шаңырақ астында бір түтіннің иісін иіскеп отырғандарға жанжал не керек? Бір ауа жұтып, бір сумен сусындаушыларға дау не қажет? Дауласуға сырт жетпей ме? Жауласуға жау аз ба? Құдай бізді араздастыру үшін туыстырған жоқ, татуластыру үшін туыстырды ғой. Ақылға келейік, ағайын!» деп тебірене сөйлепті. Жас жігіттің шын көңілден шыққан билігі жүйесін табады, жиналған екі жақтың адамдары да сабырға келіп, осы түйінге тоқтам жасайды.

Сарышоңай би Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқан. 1797 жылы құрылған хан кеңесінің тұрақты мүшесі болуы да оның белсенділігін, қайраткерлігін көрсетсе керек. Тарихи деректер Сарышоңайдың қазақ-орыс қарым-қатынастарын реттеуге барынша ықпал еткен, араласқан би болғандығын да айғақтайды.

Ол 1798 жылдың күзінде Сырым батырмен бірлесе отырып Қазан көпесі М.Шехмұратов арқылы орыс патшасына құпия түрде хат жолдап, казак-орыстардың шектен шыққан озбырлығы мен қиянатын тоқтатуға пәрмен етуін талап етеді. Өмірінің соңына дейін қазақ халқының тәуелсіздігі жолында Сырым батырмен ниеттес, пікірлес болады.

Сарышоңай бидің ел үшін атқарған есепсіз қызметін балалары, Арынғазы сұлтанның тірегі-жолдасы болған Қасым, Отаралы, немересі Нияз билер лайықты жалғастырғаны айтылады.

* * *

Себепсіз салдар жоқ. Сегізбай, Сарышоңай билер туралы әңгіме бізге тарихымыздың тағы да тың парақтарын зерттей түсуге жетелейді. Байқап қарасақ, аталған бабалардың да арты бос тұрмағаны сезіледі. Солардың бір жалғасы — Нияз би Отаралыұлы туралы филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сабыржан Мұхтаровтың сындарлы зерттеуі оқырманға көп мағлұмат береді.

Біз айтып отырған ұлы тұлғалардың бабасы Қалыбек туралы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып айтылып келе жатқан бір әпсана бар. Онда: «Анасы Қалыбекке жүкті кезінде биенің жаңа сауға сүтінің көбігіне жерік болыпты. Сол кездегі ақсақалдар бұған қарап, «бұл бала сөз қадірін білетін, тілді болар-ау» деп болжамдаса керек» делінеді. «Қалыбекті қалам беріп, дауға қой» деген тіркес кейінірек жалғасын тапқан.

Осы төңіректегі ұлағатты әңгімелер елдің қадірлі бір азаматы Бақыткерей Әдіманұлының бастамасымен «Қалыбек би ұрпақтары» деп аталатын жинаққа біріктіріліпті. Бұны да бір ұлағатты іс деп қабылдадық.

…Би болу үшін ең алдымен сөз қадірін білуің керек. Ал Қалыбек ұрпақтары осы дәстүрді берік ұстанып, Сегізбай, Сарышоңай бабалар салған жолмен биліктің биігінен күні бүгінге дейін көрініп келеді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ

https://aqtobegazeti.kz/?p=81229