Суббота, Декабрь 7, 2019
Басты > Жаңалықтар > Таңдау сізден – сапалы білім бізден!

Таңдау сізден – сапалы білім бізден!

Мамандық таңдау — бұл өмірдегі күрделі шешімнің бірі. Бұл әсіресе, бітіруші түлектердің бас ауыртар басты проблемасы. Шыны керек, бүгінде мамандықтың түрі көп. Таңдау жасауда талас туатыны да сондықтан. Өз ісіңді таңдар алдында қандай мамандықтар бар екендігін және бұл мамандықтың не үшін керек екендігін біліп алған жөн. Әрине, мамандық таңдағанда маманға тек қана білімі мен іскерлігі ғана емес, сондай-ақ оның қабілеті мен жеке қасиеттерін дамыту деңгейін жағынан да қандай талаптар қойылатынын білу маңызды. Бұл ретте Жұбанов университетінің «Жұбанов керуені» шұғылалы Шалқар өңірінің түлектерімен кездесті.

Шалқар өңірі — Ақтөбе облысының ең ірі де іргелі ауданының бірі, өзіндік тарихы бар байырғы мекен.  1925 жылы қала атағын алған ауданның 50 мыңға жуық халқы бар.  Ол оңтүстігінде Қызылорда облысымен, батысында Байғанин ауданымен, солтүстік алабында Мұғалжар және Ырғыз аудандарымен шектеседі.  Ал, Мұғалжардан бастау алған үлкенді – кішілі өзендер, шағалалы көк теңіздей Шалқар көлі  — шалқарлықтарға Тәңір сыйлаған баға жетпес табиғи байлық.  Киелі Шалқар өңірінен талай дарабоздар шыққаны белгілі. Айдай әлемді аузына қаратқан ғұлама да, дұшпанын жер жастандырған батыр да, көмейінен нұр төгілген ақыны мен жыршысы, күміс көмей әншісі шұғылалы Шалқар елінің орнын бекемдеп, абыройын асқақтата түседі.

Шара  басталар бұрын №8 жалпы орта білім беретін мектептің мәжіліс залының дәлізінде мектеп түлектерін Жұбанов университетінің өкілдері білім бағдарламаларының көрмесімен және студенттік клубтардың жәрмеңкелерімен таныстырды. Болашақ түлектерге мамандық таңдау үшін көмек қолын созды. Одан кейін мектепке жиналғандар мәжіліс залында салтанатты шарада бас қосты.

Жиынды алғысөзімен ашқан Шалқар ауданының әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев ауданға барған Жұбанов университетінің басшылығына алғысын айтып, жас түлектерге өзінің жылы лебізін жеткізді. «Бүгінгі басқосуды рухани жаңғырудың шынайы көірініс деп атауға болады. Өйткені, адамзат тарихында білім мен ғылымнан биік байлық болған да емес, болмайды да. Қазақ ғылымына үлес қосқан тіл білімі саласындағы алғашқы профессор, түркітанушы, небәрі 38 жыл ғана өмір сүрген Құдайберген Жұбанов есімін асқақтатқан бұл керуеннің мақсаты – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мектеп оқушыларының қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшу екендігі бәрімізге түсінікті.

Жұбанов университеті – республика көлемінде ең мықты 10 жоғары оқу орындарының қатарында. Сондай беделді оқу орны бүгін бізбен бірге мамандықтар көрмесін өткізіп, жастарға жол көрсетіп, жақсы маман болып қалыптасуына мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан бұл «Жұбанов керуені» мен шалқарлықтардың  кездесуі әр ата-ана, мұғалім және оқушы үшін өте маңызды деп білемін», — деді А.Қонақбаев.

Амангелді Қонақбаевтың  айтуынша, Шалқар ауданы бойынша 2018-2019 оқу жылында түлектердің 84-і Жұбанов университетіне оқуға түссе, оның  46-сы грантпен оқып жатыр.

Мінберде сөз алған университеттің Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров: «Құрметті Бауыржан Нұралыұлы! Қадірлі батырлар елі, қойнауы құтты мекен – Шалқар жері! Алтын орда дәуірінен бастау алатын терең тарихтың қазыналы беттерінде есімдері алтын әріптермен жазылған Бақтыбай, Қайдауыл, Көтібар, Бекет батырлар мен дуалы ауызды Мөңке, Әйтеке, Жетес сынды аталы сөз иелерінің түп тамыры Шалқар  топырағында қонақ болу біз үшін үлкен мәртебе. Жұбанов университетінде қызмет ететін 1000-нан аса қызметкер мен  16 мыңға жуық Жұбановшы студенттердің атынан басшылық пен аудан халқына алғыс айтамын», — деді.

Рахым Ағыбайұлы Мемлекет басшысының Жолдауындағы бірнеше мәселелерге тоқталып, аталған құжатта білім беру саласына басымдық берілгенін айтты.

«Бүгінгі жас ұрпақтың бойында топырақтан дарыған даралық барына сенімдімін. Сол асыл қасиеттерді дамыту мен өмір жолында адам атын абыроймен өткеруге жәрдемдесу сіз бен біздің парызымыз. Күн тәртібінен түспей келе жатқан өткір мәселелердің бірі — білім беру сапасы Елбасы жолдауында қайта, қайырыла көтерілді. Ол заңды да. Маман дайындауда нарықпен байланыстың аздығын мойындауымыз керек. Кәсіби бағдар беру жұмысын жаңа бағытқа бұру туралы мәселені, кеше ғана өткен тамыз конференциясында тілге тиек еткен болатынбыз. Мамандық таңдауда ата-анамен қоса мектептегі пән мұғалімдерінің де рөлін күшейту керекпіз. 8,9 сыныптан бастап баланы икемі бар мамандығына жетелесек, Қазақстанда 21 мыңға жуық жеткіншек жұмыссыздар санын толықтырмас еді.

Президент қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтап бара жатқанын, ауылдық жерлерде білікті педагог кадрлардың тапшылығын атап өтті. Ауыл мектебі, оның ішінде шағын қамтылған мектептерді маманмен қамтамассыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол кеше ғана тамыз кеңесінде сөз болған университетте ашылған қосарланған мамандықтар.  Бұл арада Президент көтеріп отырған құны 90 млрд «Ауыл – ел бесігі» жобасымен қайта жандандыруды тілеп тұрған құны 20 млрд-тық «Дипломмен ауылға» жобасын үйлестіре іске асыру – біздің міндет. Жас маман берекелі ауылға ғана аңсары ауады», — деді ол.

Сондай-ақ, университет проректоры оқу орнының тыныс-тірлігімен таныстырып, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, университетте атқарылған жұмыстар туралы кеңінен тарқатып өтті.

«Еңселі елімізде айрықша ден қоятын тағы бір тақырып — Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Бұл жерде біз Абай тойын тойлауды өз өңірімізбен — Ақтөбемен байланыстыруымыз керек. Ақынның арғы аталары Ырғызбай, Кеңгірбайлар осы батыста дүниеге келген. Атақты Досжан қазірет пен Құнанбайдың достығы, Абай шығармашылығы туралы алғаш фундаментальді ғылыми мақала жазған Құдайберген Жұбанов. Бұл мақала Абай туралы жазылмақ болған үлкен еңбектің жұрнағы ғана… Міне, осы сынды тақырыптарды қаузау біздің, ақтөбелік зерттеушілердің Абай тойына қосқан үлесіміз болмақ. Университеттегі «Руханият және Абайтану» орталығы жоспарлы түрде осы жұмыстармен айналысуда.  Ақынның бұрынғы шыққан кітаптарын қайта шығарып, сапалысы бар, сапасызы бар аудармаларын жинақ еткеннен ұтарымыз шамалы. Абайтанушы ғалым ретінде өз ойларымды жинақтап, арнайы құрылған комиссияға жолдадық.

Қазақтың қайраткері Мұхтар Ғалиұлы Арын Абайдың мұрасын зерттеуде, насихаттауда қыруар жұмыс атқарып, сол Абайдың ауылына аттанған сапарында дүниеден өткенін жақсы білесіздер. Жақсы ағаның игілікті ісін жарты жолда қалдырмау мақсатында, университет биыл «Жұбановтан — Абайға» деген Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Баянауыл, Семей, Жидебай, Қарқаралы, Қарағанды елді мекендерін қамтитын ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырды. Абай мерейтойына орай облыстық деңгейде осы елдің рухани жаңғыруына бел шешпей тер төгіп жүрген жандардан құралған «Ақтөбеден – Абайға» деген ауқымы кең экспедицияға айналдырсақ деген ұсынымыз да айтылды», — деді Р.Бекназаров.

Сөз соңында университет проректоры Р.Бекназаров университет Кеңесінің шешімімен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан 5 мектеп түлегіне Құдайберген  Жұбанов атындағы білім грантының сертификаттарын табыстады.

Сондай-ақ, аудандық мәдениет үйінде өткізілген «Мамандығыңды дұрыс таңда!» акциясына қатысушылар арасынан 3 мектеп бітіруші түлекке Жұбанов университетінің оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік сертификаттары тарту етілсе, аудан барлық мектептеріне Б.Ердембековтің  «Абайтану» атты кітабы кітапхана қорына табысталды. Шарада университетте білім алып жатқан Шалқар ауданының үздік студенттерінің ата-аналарына құрмет көрсетіліп, Жұбанов университетін бітірген  белсенді жас мамандарға да университетінің ректоры атынан алғыс жарияланды.

Аудан жұртшылығымен кездескен «Жұбанов керуені» жобасының өкілдері оқу ордасындағы 140 білім бағдарламаларымен таныстырып, жаңадан ашылған мамандықтарды да атап өтті. Сондай-ақ, сол мамандықтардың қоғамдық қажеттілігі мен болашағын түлектерге толық түсіндірді.

Еске салсақ, қазіргі таңда аталған университетте Шалқар ауданынан 500-ге жуық студент оқиды, оның 422-сі күндізгі бөлімде білім алуда, оның ішінде Мемлекеттік білім гранты бойынша 111 студент оқуға қабылданды.

Айта кетейік, осындай келелі кеңестер айтылған жобаға  ауданның 35 мектебінің басшыларымен қатар, 400-ге жуық түлек пен олардың ата-аналары қатысты. Ауданның барлық мектебі  қатысқан шара жұмысы болашақ студенттер мен ата-аналардың зор қызығушылығына ие болды. Жастардың кәсіби тұрғыда терең білім алып, мықты маман атанулары үшін жасалып жатқан игі шараларға ата-аналары да алғыстарын жеткізді.

Университеттің баспасөз қызметіне сұхбат берген ата-ана Амангүл Айтқожина: «Жасыратыны жоқ, ауданда болашақтың тірегі  — жастардың толыққанды білім алуына жан-жақты жағдай жасалған. Білім беру сапасы да жылдан – жылға артып келеді.  Сонымен қатар, талапкерлер  ЖОО-на облыс әкімінің грантына ие болуда… Біз сияқты әр ата-ана әр жастан бастап, баланы мамандыққа дайындайды. Соның ішінде басым бөлігі көбіне мынау 10-11 сыныпта, соңғы күні  ҰБТ-ға бір-екі ай қалған кезде ойланады.  Яғни, баланы бастан бақылаған жөн, әрбір ата-ана ұрпағының болашағы үшін жастайынан көңіл бөлгені абзал деп ойлаймын. Сонда ғана күні ертең мамандық таңдау оңай болады. Одан бөлек, менің ойымша  қандай мамандыққа сұраныс көп болатынына да  көңіл бөлу қажет. Ол қолына диплом алған маманның жұмыссыз қалмауына кепіл… Осының барлығы да балаларымыздың келешекте бәсекеге қабілетті білікті маман болып қалыптасулары үшін жасалып отыр. Сондықтан бүгінгі  Жұбанов университетінің «Жұбанов керуені» жобасының кәсіптік бағдар беру бағытында өткізіліп отырған іс-шаралары  мектеп бітіруші түлектер үшін зор мүмкіндік деп ойлаймын» — дейді.

Салтанатты шараның соңында №8 жалпы орта білім беретін мектепте кәсіпкерлік негіздеріне арналған курстар мен шеберлік сабақтары өтетін «Көркем еңбек және дизайн» кафедрасының филиалы ашылды. Аталған филиалда жоғары оқу орнының оқытушылары мен мектеп мұғалімдерінің бірлескен жұмысы жоспарлануда. Сонымен қатар кәсіпкерлік негіздері бойынша курстарды, шеберлік кластарын, тренингтерді және университет оқытушыларымен ашық практикалық сабақтарды ұйымдастыру мен өткізу көзделіп отыр.  Мұнда кафедраның аға оқытушылары Майра Сутеева «Жаңа мамандықтар бойынша семинар» жайында презентация жасаса, Қонысбек Қобланов «Компьютерлік графика» тақырыбында шеберлік сағатын өткізді. Сонымен қатар, мектеп базасында мұғалімдерге арналған Үздіксіз білім беру институтының тренинг-семинарлары өтті.

Аталған жиын соңы түстен кейін аудандағы В.Н.Цеханович атындағы №1 БЖСМ базасында және  Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінде жалғасын тапты. Мұнда «Дене шынықтыру және спорт» және «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының филиалдары ашылып, ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Кафедра филиалын ашудағы басты мақсат — оқу процесін нақты өндіріске барынша жақындату, тәжірибеге бағытталған білім беруді жүзеге асыру, кадрлық және материалдық-техникалық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, білім алушыларды қатыстыра отырып бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, профессорлық-оқытушылық құрамының біліктілігін арттыру негізінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау сапасын арттыру.

Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінде ұлттық өнерімізді сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу және қазақ күйлерінің тарихын таныту, орындау, әдіс-тәсілдерін үйрету мақсатында «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының аға оқытушысы Абдрашид Раимбергенов оқушылармен кездесіп, «Қазанғап күйлерінің ерекшеліктері» тақырыбында домбырадан шеберлік сағатын өткізді. Шеберлік сағат барысында Абдрашид Ысқақұлы Қазанғаптың өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен мазмұнды әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, халқымыздың ұлттық аспабы домбыраның, күйдің қасиеті туралы айта кете, атақты күйшілер туралы баяндап берді.

«Тәжірибе алмасу – шеберлікті шыңдай түсетін мүмкіндік.  Cаз мектебінің оқуушылары кәсіби маманның сабағына қатысып, ерекше әсер алды деп ойламын. Әсіресе, біз де, оқушыларымыз да қазақтың қара домбырасының қыр-сырларын үйреніп, көптеген жаңа мағұлматтарды меңгердік. Осындай мағынасы да мәні зор шеберлік сабақты өткізген Абдрашид Ысқақұлына алғысымыз шексіз», — дейді аудандық саз мектебінің директоры Зульфира Абилова.

Кездесу соңында дәстүр бойынша университет өнерпаздары әннен шашу шашып, көпшілікті әуезді әннің әуеніне бөледі.