Среда, Октябрь 18, 2017
Басты > Менің Ақтөбем > Ғарышқа адам ұшқан шақта…

Ғарышқа адам ұшқан шақта…

«Он шақты киіз үй қатар тігілген. Кең қоныс. Айнала шопандар ауылы. Сағат 7 шамасы еді. Қой қырқатын агрегат әлдеқашан-ақ іске қосылыпты. Жұмыс басында колхоздың партия ұйымының секретары Наурызбаев, колхоз председателінің орынбасары Күзенов, қой фермасының меңгерушілері Қалисин мен Мұрынбаев жолдастар жүр екен. Агрегаттың он төрт қайшысы түгелдей жұмыс істеп тұр. Жаңа ғана аяғы буылып, сөре тақтайдың үстіне тасталған қой лезде жеңілденіп, сілкініп, ұшып тұрып кетіп барады. Қайратты қолдар қайшыны жүнге сүңгіте салғанда, қойдың ту сыртының жүні түгелдей мап-майда болып түсе қалады. Ең алда колхозшы Дәулетбай Құрманғазин келеді екен. Ол кісі күніне 100-120 қойды қырқатынын қасындағылар мақтан ете айтады».

Бұл — өткен ғасырдың 60-жылдарының басындағы қазақ ауылының бір көрінісі, біздің облыстың Байғанин ауданы Жданов атындағы ауылшаруашылық артелінен жазылған репортаж.

Бұл жолдардың авторы — биыл туғанына 75 жыл толып отырған көрнекті ақын Сәбит Баймолдин. Оның «Күзем» атты қысқа да нұсқа репортажы облыстық «Социалистік жол» газетінің 1960 жылғы 24 қыркүйектегі санында жарық көріпті. Біз облыстың сол кездегі тыныс-тірлігіне аталған басылымның 1960-1962 жылдардағы тігінділері арқылы үңілген едік: КСРО халқы әлемдегі ең қуатты держава атағы үшін жанталасып, ғарышқа адам ұшырып, поселкелер — қалаға, қалалар алып құрылыс алаңына айналып, кешегі ұсақ артелдер фабрикалар боп қайта түлеп, бұрын адам қолымен істелген шаруаларға жаппай машиналар кірісе бастаған тұста, компартия саясатына сай, қазаққа бұйырғаны — «Қой санын елу миллионға жеткізейік!», «Миллион қозы өсірейік!» деген ұрандар соңындағы тірлік болды…

Қала келбеті

1960 жылы Қазақстан республиканың құрылғанына 40 жыл толуын тойлауға әзірленіп жатты. Осы тұста газеттерде әр қала, елді мекендерге қатысты 1917 жылмен салыстырғандағы көрсеткіштер жиі жарияланған. Мысалы, Ақтөбе қаласында 1917 жылы үш дәрігер болса, 1960 жылы 180 дәрігер еңбек еткен. Сонымен қатар, қаладағы ашылғанына үш жыл болған медицина институтында 1200 студент оқыған. Бұл тұста облыс орталығында емханалар саны 16-ға жеткен. Олардың ішінде «алдыңғы қатарлы медициналық аппаратурамен жабдықталған», ең жақсысы — Зауыт поселкесіндегі 150 орындық емхана болып саналған.

1960 жылы қалада жалпы білім беретін 20 мектеп болған. Оның біреуі — қазақ, үшеуі — аралас, біреуі — мектеп-интернат, басқалары орыс мектептері еді. Сол жылы 520 орындық жаңа мектеп іске қосылған. Мектептерді қамқорлыққа алған кәсіпорындар күшімен 40 класс бөлмесі салынып, үш ауысымды оқу жойылған.

Осы жылы қалада жалпы алаңы 40 мың шаршы метр болатын көп қабатты үйлер, 500 жеке тұрғын үй құрылысы жүргізілген. 600 орындық екі залды кинотеатр ғимаратының, жаңа тұрмыстық комбинаттың пайдалануға берілуі үлкен жаңалық ретінде қабылданды.

Қаладағы тас төселген көшелердің жалпы ұзындығы — 75 шақырымға, ал асфальт төселген көшелердің жалпы ұзындығы 15 шақырымға жетті. Қала төңірегінде 80 гектар жерге алғаш рет орман алқабы егілген. Су құбырларының жалпы ұзындығы 100 километрден асқан, сонымен бірге, кәріз желісін жүргізу басталыпты…

Радиолы, электрлі ауылдар…

Бұл тұста ауыл келбеті де өзгерген еді. Мысалы, Ключевой ауданындағы Амангелді атындағы колхоздың орталығы былай суреттеліпті: «Амангелді атындағы колхоздың орталығы жылдан-жылға көркейіп келеді. Биылғы жылдың өзінде мұнда он шақты тұрғын үй, бір нанхана салынды. Колхозшылардың үйлеріне ғана емес, мастерской мен мал қораларына да электр желілері тартылды, сөйтіп, мереке қарсаңында колхозды ауылдың орталығы Ильич шамының нұрына бөленді.

Электр станциясының іске қосылуымен радио торабы да жұмыс істей бастады. Қазір радиосыз, электр жарығы қосылмаған колхозшы үйі жоқ». (Социалистік жол», 1960 жыл, 26 қазан.)

Бұл сол тұстағы ауылдардың көпшілігіне тән көрініс еді.

Телевизия орталығы іске қосылды

Ол кезеңдегі ең үлкен жаңалықтардың бірі — 1960 жылдың күзінде, 28 қазанда Ақтөбе телевизия орталығының іске қосылуы болды.

Бұл оқиғаға облыстық газеттің 1 қараша күнгі нөмірінің тұтас бір беті арналды. Телеарна таратқан қазақ тіліндегі алғашқы хабарлардың бірі — облыс тарихына қатысты «Өзгерген өңір» атты телеочерк екен. Бұл жөнінде «Алғашқы әсер» атты мақалада былай деп жазылыпты: «Өткен сенбі күні Ақтөбе студиясы байқау ретінде телехабарларын көрсете бастады. Бұл күнді біз де асыға күткен едік. Студия коллективінің екі күнгі берген хабарларын көріп, алған алғашқы әсерлерімізді газет бетінде айтуды жөн көрдік.

Сенбі күні берілген «Өзгерген өңір» атты телеочерк, оны беру техникасындағы кейбір кемшіліктерді айтпасақ, игі әсер қалдырды. Очерк облыстың Совет өкіметі жылдарында қарыштап алға басқандығын баяндайды…

Студияның жексенбі күні берген телехабарлары ішінде балаларға арналған «Сенің езілген бауырларың», «Алғашқы кітапшалар» атты шағын материалдар балаларға үлкен әсер ететіндігі сөзсіз». Аты көрсетілмеген көрермен соңында: «Қорыта айтарымыз, телевизия студиясының жас коллективі өздеріне жүктелген абыройлы да жауапты сыннан тәуір өтті» — деп, өз бағасын беріпті.

Ақтөбе телевизия орталығы бастапқыда 50-60 шақырым қашықтыққа арналыпты.

Нұрпейіс Байғаниннің туғанына — 100 жыл

1960 жылы облыс халқы Нұрпейіс Байғаниннің 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Мәдениет мекемелері түрлі шаралар ұйымдастырып, газет беттерінде Нұрпейіс Байғанин шығармашылығына арналған мақалалар, естеліктер басылды. Солардың арасында бізге ақынның хатшысы болған Қуандық Шаңғытбаевтың естелігі ерекше ыстық.

Қуандық Шаңғытбаевтың «Нұрекең туралы есте қалғандар» атты естелігінен үзінді ұсынғанды жөн көрдік:

«1942 жылдың ноябрі… Осы ауыр апталардың бірінде Алматының Горький атындағы паркінде танк қорына қаражат жинау мақсатында жексенбілік өткізілді. Алматы артистерімен бірге бұл жексенбілікке астана жазушылары да қатысып, өлеңдерін оқыды.

Парк аллеяларының бірінде бір топ ақынның ортасында қардай аппақ қою жібек сақалы аршын төсін тегіс жапқан, қыран иықты, ізгі жанарлы қарт тұрды. Бұл Нұрпейіс Байғанинді менің алғаш көргенім еді. Ол қалтқысыз күліп, сыпайы әзілдесіп тұр екен. Жаңылмасам, дәл сол жолы Мұқтар Әуезов Нұрпейістен «аран» деген қазақ сөзінің мәнін, қайдан шыққанын білмейсіз бе деп сұрады.

— Басқа жерде қалай екенін білмеймін, — деп, Нұрпейіс әуелі кешірім сұрап алды да, содан кейін ерте кезде киік ұстау үшін алдын ала кең далаға айналдыра терең ор қазып, киік үйірлерін сол ор ішіне қаумалап, қуып тығатынын, ол орды «аран» деп атайтынын түсіндірді…». («Социалистік жол», 1960 жыл, 19 қазан)

«Жеңістердің жеңісі»

Ол кезеңнің ең үлкен жаңалықтарының  бірі — 1961 жылғы 12 сәуірде Гагариннің ғарышқа ұшуы еді. Ақтөбеліктер мұны зор шаттықпен қабылдаған. Өзінің «Керемет» деген өлеңінде ақын Мұқтар Құрманәлин: «Осы ғой, достар, осы ғой, Жеңістердің жеңісі» — деп тебіренеді.

Ал ферроқорытпа зауытының №1 қорыту цехының қорытушысы Алпысбай Оразалин қуанышын: «Біз космосқа бірінші болып совет адамының ұшатынына әлдеқашан-ақ сенгенбіз. Бірақ сол күнді асыға күтуші едік. Міне, бүгін сол асыға күткен күн келді. Жаңа хабар, бұрын болмаған жаңалық біздің бойымызға жаңа жігер құйғандай болды. Біз замандасымыз Юрий Алексеевич Гагариннің ұзақ өмір сүруіне тілектестігімізді білдіре отырып, өз ісімізде жаңа табыстарға жете беруге серт етеміз» — деп жеткізген екен…

Батыс Қазақстан өлкесі

Никита Хрущевтің түрлі аумақтық өзгерістер жасауға құштар болғаны белгілі. 1962 жылы 3 мамырда Батыс Қазақстан өлкесі құрылды. Гурьев және Батыс Қазақстан облыстарымен бірге, біздің облыс та өлке құрамына енді.

Батыс Қазақстан өлкесінің жер аумағы Франция, Грекия және Швейцарияны қоса алғанға тең саналды. Өлке халқының саны 1,167 мың адам болды. Мұнда 7 қала, 35 аудан, 203 колхоз бен 126 совхоз, түрлі салалар бойынша 180-ге жуық кәсіпорын бар еді. 1962 жылғы жалпы өнім көлемі 328, 5 миллион сомға жеткен.

Ауыл шаруашылығына қарасты жерлер көлемі 62 миллион гектардан асты, оның ішінде 3,3 миллион гектар жерге егістік егілді.

Батыс Қазақстан өлкесінің құрылуына байланысты бұрынғы Батыс Қазақстан облысы енді «Орал облысы» деп аталатын болды. Өлкенің орталығы — Ақтөбе қаласы боп бекітілді. Өлкені алдымен — Ф.Коломиец, кейіннен Н.Журин басқарды.

Батыс Қазақстан өлкесі 1964 жылғы 1 желтоқсанда таратылды.

Әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

источник

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *