Среда, Октябрь 18, 2017
Басты > Менің Ақтөбем > «Орденді облыс» атанған жылдар…

«Орденді облыс» атанған жылдар…

1962-1964 жылдар аралығында облысымыз Батыс Қазақстан өлкесі құрамында болды.

Өлке құрамында

Өлкенің құрылу себебі жөнінде сол кездегі БАҚ-та: «Басшылықты материалдық игіліктердің өндірісіне тікелей жақындату мақсатымен республикада жаңа өлке құрылды. Біздің облысымыз осы өлкенің құрамына кіреді. Республикамыздың территориясы орасан зор. Оның еліміздің экономикасындағы үлес салмағы да зор болып отыр. Басшылықты өндіріске жақындату өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және мәдениет саласында қойылып отырған міндеттерді жүзеге асыруға үлкен пайдасын тигізетін болады» — деп көрсетіліпті. Батыстағы 4 облыстың басын қосқан өлкенің орталығы Ақтөбеде болды. Өлкелік партия комитетінің органы —«Батыс Қазақстан» газеті Ақтөбеде жарыққа шықты.

Сол тұста республикаға жыл сайын 4,5 миллион тоннаға жуық ет өндіру міндеті жүктелді. Батыс Қазақстан өлкесі құрылғаннан кейін, екі жыл ішінде бұл аймақта 56 қой совхозы ашылған. Неғұрлым арзан ет беру үшін қой шаруашылығы жайылымдық жемшөпке негізделіпті. 1963 жылы 1 центнер қой етінің өзіндік құны — 38 сом 21 тиын; ал сиыр етінің бір центнері 67 сом 81 тиын болған. 1954-1964 жылдар аралығында өлке құрамына енген облыстарда қой саны 2,6 есе көбейген.

1964 жылы өлкеде Гурьев полиэтилен зауытының бірінші кезегі, Орал арматура зауыты, Ақтөбе хром қосындылары зауыты мен Ақтөбе химия комбинатының кезекті комплекстері, Ақтөбе силикат бұйымдары зауыты мен Хромтау кен байыту фабрикасының келесі кезектері, Көктөбе, Переметный үй жасау зауыттары сынды кәсіпорындарды іске қосу жоспарланған.

1964 жылдың 14 қазанында Н.Хрущев СОКП басшылығынан кетті. Ал 1 желтоқсанда өлке таратылды.

Өлке таратылғаннан соң, Ақтөбе облыстық газеті 1965 жылғы 5 ақпандағы 24-санына дейін «Батыс Қазақстан» деген атпен жарық көре берген. 6 ақпаннан бастап газеттің атауы «Коммунизм жолы» болып өзгертілді және

оның бұрынғы облыстық «Социалистік жол» газетінің мұрагері екені атап көрсетілді.

«Біржан-Сара» қойылды

 1964 жылдың жазында Ақтөбеге Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры гастрольдік сапармен келді. Ақтөбеліктер алдында КСРО Халық артисі Роза Жаманова, Қазақ КСР-інің Халық артистері Ғарифолла Құрманғалиев, Әнуарбек Үмбетбаев, Кәукен Кенжетаев, Мүслім Абдуллиндер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артистеріӘбітай Мұсабеков, Рахима Мұсабекова, Қамаш Қарабалинова және Ракуль Тәжиевалар өнер көрсеткен.

Сол кезде театрдың бас режиссерінің міндетін атқарушы, Қазақ КСР-інің Халық артисі Байғали Досымжанов жазып қалдырғандай, ұжым Ақтөбеде жеті опералық шығарма көрсетіп, екі қорытынды концерт берген екен. Ақтөбеліктерге ұсынылған опералардың бірі — Мұқан Төлебаевтың әйгілі «Біржан-Сарасы» еді…

Қанша аудан болды?

 Өлкенің құрылуына байланысты кезінде облыс құрамындағы бірқатар аудандар таратылған болатын. 1965 жылы олар қайта құрыла бастады.

Осы жылдың басында облыста аудандар саны онға жетті: Ойыл, Қобда, Шалқар, Ырғыз, Темір, Байғанин, Новоресей, Мәртөк, Қарабұтақ, Қандыағаш аудандары…

Ал келесі, яғни 1966 жылдың басында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының жарлығымен тағы үш аудан құрылды. Бұлар — Ленин, Комсомол, Мұғаджар аудандары. Жаңа аудандар Новоресей, Темір, Қарабұтақ аудандарынан бөлініп шықты. Сөйтіп, 60-жылдардың ортасында облыстағы аудандар саны 13 еді. Шалқар, Байғанин, Ырғыз аудандары жер көлемі жағынан ең үлкен аудандар болды.

«Кешегі жауынгер, бүгінгі өндіріс озаты»

 1965 жылы КСРО халқы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20 жылдығын атап өтті. Осы мерейтойға орай Ақтөбе өңірінде де көптеген шаралар ұйымдастырылған. Облыстық газеттерде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, бір кездегі қарапайым жауынгерлер жөнінде мақалалар жиі жарияланған. Сондай мақалалардың бірі «Коммунизм жолы» газетінің 23 ақпан күнгі санына «Кешегі жауынгер, бүгінгі өндіріс озаты» деген атпен шығыпты.

Мақала кейіпкері — ембілік Оспан Есполов. «Осекең — кешегі Ұлы Отан соғысының куәсі. Екі жыл айқасты ол қанқұйлы жауға қарсы… Екі жыл ол күндіз тыным, түнде ұйқы көрген жоқ. Қар жамылып, мұз төсенген, жау қыспағына килігіп, ажал төнген шақтар да болды. Осекеңнің омырауындағы «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін» медальдары сол жылдардағы ерлік ісінің айғағы іспетті» — дейді автор, оқытушы С.Боқанов.

Жауынгер Оспан бейбіт өмірде тігінші болып істеп, еңбегінің жемісін көріпті. Мақалада жазылғандай, «Осекең пішкен, Осекең тіккен киімде мін болған емес». Оның есімі шебер тігінші ретінде бүкіл Ембі өңіріне белгілі болған.

Ақтөбедегі әдебиет апталығы

1966 жылдың жазында да облыстың мәдени өмірінде ерекше оқиға болды: маусым айының орта тұсында «Облыстағы әдебиет апталығы» ұйымдастырылған. Бұған сонау Алматыдан Хамза Есенжанов, Ғабит Мүсірепов, Жұбан Молдағалиев сынды классиктер бастаған, қазақ-орысы араласбір топ жазушы келіпті. Олар облыс орталығы ғана емес, аудандарда да болып, көптеген кездесулер өткізген. Ақын-жазушылар облыстық газеттер редакциялары мен облыстық телевизия орталығында болып, сұхбаттар берген. «Ақтөбелік ағайындар! Көптен кездескен жоқ едік — бәрі қолдарыңда екен! Қырдағы мыңғырған малыңмен қатар, ойда қаптаған қара домалақ балаларың мектеп партасында білім тасын кеміріп жатыр. Ұшы-қиыры жоқ егін даласында ұл мен қызың машинаны құлақтап жүр. Анау, бір кезде Сырым қарауыл қараған Ақтөбенің үстінде телевизия мұнарасы бұлт сүзеді…», — деп толғаныпты Хамза Есенжанов. Талай тауқыметті басынан өткерген жазушы бейбіт өмір, шуақты күндерге деген ризашылығын осылай жеткізіпті…

Ақтөбе аймағындағы әдебиет апталығы табысты өткен. Дегенмен, «әттеген-айлар» да болмай қалмапты: «…жазушылар тобы жұма күні Алға қаласына келді. Осындағы 26 мың кітабы бар аудандық кітапхананың жұмысымен танысты. Кітапхана қорындағы қазақша кітаптардың санын сұрап білгенде, кітапхана меңгерушісі Полина Абрамовна Роизман қазақ тілінде небәрі төрт мың ғана кітап бар екенін айтып, мұның аздығына ұялып қалды.

Жазушылар Алғадағы кітап дүкендерінде, тұтынушылар одағының кітап қоймасында болды. Дүкенде де, қоймада да апталыққа қатысушы жазушылардың бірде-бір шығармасы жоқ болып шықты» — деп жазылыпты «Коммунизм жолы» газетінде. (1966 жыл, 22 маусым.)

Бар мен жоқ…

 Шаруашылықтың бар саласы, әр саланың беталысы мемлекет саясатының уысында тұрған кезең еді. Бар мен жоқты да сол саясат айқындаған…

1966 жылдың 8 шілдесі күні «Коммунизм жолы» газетінде «Қалада қымыз неге аз?» деген мақала жарық көрді. Жарияланым сауда орындарында қымыздың аздығына реніш айтқан зейнеткердің хаты бойынша ұйымдастырылыпты.

«Қалада да, аудандарда да бие сауып, халыққа қымыз сатуға немкетті қарағандықтан, бұл жұмыс, шын мәнісінде, ұйымдастырылмаған. Ең алдымен қымыз өндіруді ұйымдастыруға тиісті облыстық сүт комбинаты қалада да, аудандарда да бұл жұмысқа жеткілікті басшылық етпеген. Қымыз өндіру тек Шалқар ауданында тәуір ұйымдастырылған. Аудан орталығынан ауысатын 1-1,5 тонна қымыз 2-3 күнде бір рет Ақтөбеге алдырылады. Оның үстіне, «Елек» совхозы күніге 200 литр бие сүтін келтіреді. Қымыз саудасы жолға қойылса, қымызды алыстан тасымай-ақ, қала маңындағы шаруашылықтарды ұйымдастыруға мүмкіндік бар» — делінген мақалада. «Шыныға құйылмаған» деген желеумен қаладағы дүкендер, асханалар мен мейрамханалар меңгерушілері бөшкемен әкелінген қымызды қабылдамай, кері қайтарады екен.

Есесіне, сиыр сүті қалай әкелінсе де, қабылданған секілді. Әрине, бұл жөнінде жоғарыдағы мақалада айтылмаған. Алайда сол кездегі газеттер беттерінен «Қыста да сүт бұлағы тасысын!», «Сүт жоспары асыра орындалсын!» сынды ұрандардың, озат сауыншылар туралы мақалалардың, әсіресе, сүт жоспарының орындалу барысы жөніндегі хабарлардың күн сайын дерлік көрінуі-ақ көп жайтты аңғартады…

Орденді облыс

 1966 жылы облысымыз мемлекетке 35-37 миллион пұт астық тапсыруға міндеттеме алған. Осы жылы егін бітік шығып, іс жүзінде 50 миллион пұт астық тапсырылыпты. Бұл табыс елеусіз қалмаған: 1966 жылдың 29 қазанында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының жарлығымен Ақтөбе облысы Ленин орденімен марапатталған. Бұл — сол уақыттағы ең жоғары награда еді.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы мен хатшысы қол қойған құжатта Ақтөбе облысының: «Астық, ет, сүт және ауыл шаруашылығының басқа да өнімдерін өндіруді және дайындауды молайтуда қол жеткен табыстары үшін» наградталатыны көрсетілген.

Әрине, мұны ақтөбеліктер қуанышпен қарсы алды, қаладағы Ленин атындағы алаңда үлкен митинг өтіп, басшылар, еңбек ардагерлері мен озаттары сөз сөйлеген. Жиында бұл құрметтің облыс еңбеккерлерін алда да зор табыстарға жетелейтіні қайта-қайта айтылыпты…

 Әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 Деректер облыстық мемлекеттік архивтен алынды.

источник

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *