Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Online – Аcademy» жобасы таныстырылды

«Online – Аcademy» жобасы таныстырылды

Бүгін Жұбанов университетінде «Online – Аcademy» жобасы таныстырылды. Басқосуға жиналған университет басшылығы, факультет декандары мен құрылымдық бөлімдердің басшылары Аcademy жұмысымен жан-жақты танысып, бағдарламаның кезеңдерін талқылады.

Аталмыш жиында жобаны жүзеге асыруда білім беру сапасының жаңа деңгейіне өту, әлемдік деңгейдегі шетелдік ғалымдармен дәріс оқу арқылы университеттің білім алушылары үшін оқытудың заманауи, тиімді және жайлы жағдайларын жасау және әлемдік үздік тәжірибелермен тәжірибе алмасу сынды әртүрлі мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретіні туралы айтылды.

Университеттің Халықаралық ынтымақтастық орталығының мамандарының айтуынша, шетелдік ғалымдардың «Online – Аcademy» дәрістер оқуы 2019 жылдың 1 қазанынан басталды.  Аз уақыт ішінде Балтық Халықаралық академиясының (Латвия) ғалымдары Екатерина Вознюка, Александр Машарский, Тарту университетінің (Тарту) ғалымдары Александр Лущик және тағы басқа ғалымдар физика-математика факультетінің, экономика және құқық факультетінің білім алушыларына онлайн режимде дәріс оқыды.

Шетелдік ғалымдардың «Online – Аcademy» бағдарламасында дәріс оқуы — бұл IT-технологияларды ауқымды пайдалану кезеңі және инновациялық технологиялар мен құралдарды енгізумен ЖОО-ның трансформациясының негізі.

Бүгінгі шара  аясында шетелдік университеттер өкілдерінің бейне-өтінімдері ұсынылды. Янка Купала атындағы Гродно мемлекеттік университетінің, Тарас Шевченко атындағы Луганск ұлттық университетінің,  Витаутас Магнус университетінің профессорлары Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембековке бірлескен жұмыс үшін ризашылықтарын білдіріп, On-line академиясының ашылуымен құттықтады.  Ғалымдар өз кезектерінде жаңа технологиялар мен инновациялық бағдарламалардың енгізілуін атап өтті.

Сонымен қатар, физика-математика факультетінің деканы Алтыншаш Бекбауова жиналғандарға «Camtasia Studio» бағдарламалық жасақтамасы туралы әңгімелеп берді. Алтыншаш Бекбауованың айтуынша, аталған бағдарлама арқылы видео-сабақтар, презентациялар, семинарлар жаза жазып, онлайн трансляциялар жүргізуге болады.

Айта кетейік,  «Online – Аcademy» жобасын жүзеге асыру мақсатында Индиана университетімен (АҚШ), Витаутас Магнус университетімен (Литва), Тонмен университетімен (Корея), Гёттинген университетімен (Германия), Янка Купала атындағы Гродно мемлекеттік университетімен (Беларусь), Тарас Шевченко атындағы Киев ұлттық университетімен (Украина), Оңтүстік-Батыс университетімен (Болгария) белсенді ынтымақтастық жүргізілуде.