Среда, Октябрь 18, 2017
Басты > Менің Ақтөбем > Орденді аймақ тынысы

Орденді аймақ тынысы

60-жылдардың соңы — кеңес халықтары Қазан төңкерісінің 50 жылдығын «тату-тәтті» өткеріп, «кемелденген социализмге» бет алған кезең КСРО тарихындағы шуақты, мамыражай уақыт болды. Сталин мен Хрущев тұсындағы аласапырандардан кейін, 1964 жылы билікке келген Брежнев халыққа «жайлы басшы» боп көрінді. Сол тұста баспасөзде жазылғандай,  «Қазақстанның 9 облысының туында Ленин ордені жарқырады». Солардың бірі Ақтөбе облысы еді.

Жетекші сала — қой шаруашылығы

Облыс туындағы орденнен бөлек, 1946-1966 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы саласында аймақтан 97 адам Социалистік Еңбек Ері атанған екен. Енді облыстың алдында «қасықтап жиған» сол абыройдан айырылмай, еңбектегі табыстарды еселей түсу міндеті тұрды.

1967 жылы қаңтардың 26-сында Алматыда ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің республикалық кеңесі ашылды. Осы жиында республика басшысы Д.Қонаев сөз сөйлеп, мал шаруашылығын өркендетуде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отырған 7 облыстың қатарында Ақтөбе облысын ең алдымен атады.

Ол тұста облыс үшін ауыл шаруашылығының жетекші саласы — қой шаруашылығы еді. 1940 жылы облыс бойынша қой саны 344 мың бас болса, 1967 жылдың басында 2564,8 мыңға жеткен. Ал ірі қараның саны 305 мыңнан асқан. 1940 жылмен салыстырғанда, ет өндіру — 6,4 есе, сүт өндіру — 3,1 есе, ал жүн өндіру 9 есе өскен. Ол тұста қой қырқып, жүн алудың өзі маңызды сала саналды. Қойды тез әрі сапалы қырыққандарға КСРО, республика чемпионы және облыстың ең үздік қырықтықшысы атақтары берілген. Оларға Құрмет грамоталарымен қатар, ақшалай сыйлықтар табысталған.

Біздің облыста ең үздік қырықтықшы Иосиф Штейнер болды. Ол қой қырқудың жаңазеландиялық чемпионы Боуэннің шәкірті екен. Иосиф Штейнер республикалық конкурста бір қойды қырқуға 4 минут уақыт жұмсап, ІІ орынға ие болды.

Мерекелік құрылыстар

1967 жылы алып КСРО халқы Қазан төңкерісінің 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл той жер-жерлерде құрылыстың өрістеуіне әсер еткен. Мысалы, облыста мерейтой құрметіне екі жыл ішінде жалпы ауданы 340 мың шаршы метр болатын тұрғын үй, 68 клуб, 4 аурухана және 80 балабақша, сондай-ақ, мектептер, өндіріс ошақтары, тұрмыстық қамту комбинаттары мен шеберханалар салып, пайдалануға беру жоспарланған.

Осы тұста қуаты жылына 70 мың текше метрлік темір-бетон бұйымдары зауытының кешені; Сазды су қоймасы; Ақтөбе химия зауытының микротыңайтқыштар бөлімшесі; Ащылысай және Союзный элеваторлары, Ырғыз, Ойыл, Қарабұтақ және Ақтөбе қаласындағы тұрмыстық қамту комбинаттары сынды маңызды құрылыстар қолға алынды.

Бір ғана Ақтөбе қаласының өзінде 850 орындық кинотеатр, екі клуб, жүзу бассейні, сондай-ақ, сауда мен қоғамдық тамақтандыру саласында 30

нысанның құрылысы және 6,5 мың пәтерге газ кіргізу жоспарланыпты. Бір өкініштісі, облыс орталығындағы осы жаңа нысандарға қазақша ат бұйырмады: кинотеатр — «Октябрь», сол кез үшін еңселі, үлкен ғимаратқа ие болған дүкен — «Дружба», мейрамхана — «Ласточка», жүзу бассейні — «Дельфин», т.б. аталды.

Көгілдір отынмен қамту

Облыс жұртшылығын көгілдір отынмен қамту ісі де нақ осы 60-жылдардың соңынан өрістей бастады. 1967 жылы Ақтөбеде, бірқатар аудандар орталықтарында пәтерлерге газ плиталары алғаш рет қондырылып жатты. Бұл тұста аудандар арасынан Шалқар, Алға, Новоресей тұрғындары ғана көгілдір отынның рақатын көрген. Газ облысымызға Бұқарадан жеткізілген. Сондай-ақ, Ақтөбедегі жылу-электр орталығын да Бұқара газына қосу жоспарланыпты.

Газ құбырларын жүргізумен Бұқара-Орал газ желісінің №3 құрылыс-монтаж басқармасы айналысқан. Олар Қазан төңкерісі мерейтойына орай батыс облыстарда газбен қамтылған елді мекендер қатарын көбейтуді жоспарлаған.

Күйшінің немересі

Қазан төңкерісінің 50 жылдығына орай облыстық «Коммунизм жолы» газеті де әдеби конкурс, басқа да байқаулар жариялаған. Мысалы, әдеби конкурс қорытындысы бойынша бірінші сыйлыққа — 100 сом, екінші сыйлыққа — 75 сом, үшінші сыйлыққа 50 сом жүлде тағайындалған.

Мақалалар арасында үздік танылып, сыйлық берілген «Қайран шешем» атты мақаланы ерекше атай кеткенді жөн көрдік. Мақала Ойыл поселкесінен жолданған. «Коммунизм жолының» 1967 жылғы 19 ақпандағы санында жарық көрген. Оның авторы Гүлнәр Нұрпейісова балалар бақшасының тәрбиешісі ретінде көрсетілген. Жалпы, бұл кісі — газеттің сол жылдардағы тұрақты авторларының бірі. «Қайран шешем»… Бұл күй аты емес пе? Мақалаға үңілгенімізде, расында ол күйші туралы, күй анасы — Дина туралы болып шықты. Гүлнәр өзін «күйшінің кенже ұрпағы» атапты. Күйшінің Қожахмет атты баласының қызы екен.

«Ұлы Отан соғысына кеткен әкелерімізден жастай қалған біздерді ол ешнәрседен кемдік көрсетпей, еркелетіп өсірді. Ертеңгісін бәрімізді шақырып алып, аналық мейірбандылықпен иіскеп, құшақтап, әртүрлі әңгімелер айтып, күлдіретін еді. Ән-күй тартып беру туралы өтінішімізді екі етпей, домбырасын қолға алып, алға қарап, түп-түзу отырады да, жұп-жұқа еріндерін бір қозғап қойып, шабыттана күйлер шертетін. Өз күйлерінің ішінен «Әсем қоңырды» сүйсіне тартушы еді…

…Динаның қазір Оралдың Казталовка  ауданында Қоңыр деген қызы тұрады. Бұл музыка ананың балаға деген шексіз сүйіспеншілігінен, сағынышынан туған туынды дер едім. Себебі шешем Қоңырды жиі-жиі есіне алып, әңгіме арқауын Оралға, қызы Қоңырға бұра беретін» — деп жазыпты Гүлнәр Нұрпейісова.

Әжесі туралы ол: «Дина қаншама қиыншылық, тіпті ел басына қатерлі күн туғанда, Қожахмет, Қажымұрат, Рамазан, Мұрат сынды балалары Отан қорғауға аттанған шақта да көзінен жас көрсеткен адам емес. Бұл оның қаттылығы емес, қажырлылығынан болса керек. Соғыс жеңіспен аяқталып, азаматтар ауылға оралып жатты. Біздің әкеміз Қожахмет те, Динаның Мұраттан өзге балалары да соғыста опат болды. Осындай орны толмас қазаға шешем мойымады, қайсарлықпен қарсы тұра білді. Қайта… «Жеңіс күйін» шығарды», — деп толғана жазыпты.

Даңқ ескерткіші

1967 жылы Ақтөбеде азамат соғысы жылдарында және Ұлы Отан соғысында қару алып, ел қорғаған жерлестеріміздің рухына тағзым ретінде Даңқ обелискісін орнату туралы қаулы қабылданды. Бұл жөнінде газет хабарында былай делінген: «Ақтөбеліктердің жауынгерлік істерін ескере отырып, облыс еңбекшілері азамат соғысы, Ұлы Отан соғысының майдандарында қаза тапқан ақтөбеліктерді мәңгі есте қалдыру жөнінде партия және совет органдарына көптеген өтініштер беруде. Облыстың комсомол ұйымдары осы мақсатқа арнап қаржы жинады.

Еңбекшілердің тілегін ескере отырып, Қазақстан КП облыстық комитетінің бюросы мен еңбекшілер депутаттары облыстық советінің атқару комитеті, Совет өкіметін орнату жолындағы азамат соғысында және Ұлы Отан соғысының майдандарында қаза тапқан ақтөбеліктердің батырлығы мен ерлігін есте қалдыру үшін Ақтөбе қаласындағы Октябь бульварында мәңгі өшпес шамшырақ қойылған Даңқ обелискін орнату туралы қаулы қабылдады». («Коммунизм жолы», 1967 жыл 22 шілде.)

Бұл ескерткіш 1970 жылы ашылған. Авторы — Т.Жанысбеков, сәулетшісі — Н.Соболев. Қазір ол Даңқ ескерткіші аталады.

 Тоқсаныншы совхоз

1967 жылдың күзінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен облыста тоқсаныншы совхоз құрылған. Оған «Қазақстан» атауы берілді.

«Қазақстан» совхозының жер көлемі 139 400 гектар болды. Ол «Победа» және «Кеңқияқ» совхоздарының бұрынғы бөлімшелері негізінде ұйымдастырылды. Ал орталығы Темір қаласында орналасты. Жаңа шаруашылықта жүнді және етті еділбай тұқымдас қой өсіруге маңыз берілген. Ал құрылған тұста совхозда 22 мың қой, 1170 ірі қара, 1900 жылқы болды. Жаңа совхоз мемлекетке жыл сайын 700-800 мың сомның өнімдерін жеткізіп тұрады деп жоспарланды.

Жаңа зауыт

1968 жылдың басында Ақтөбеде жаңа кәсіпорын — Батыс Қазақстандағы ең ірі Ақтөбе механикаландырылған темір-бетон бұйымдары зауыты алғашқы өнімдерін бере бастады. Жоба бойынша зауыт жылына 70 мың текше метр темірбетон конструкцияларын, жүздеген мың текше метр тауарлы бетон мен цемент ерітінділерін өндіруі тиіс еді. Жергілікті газеттерде бұл материалдардың нақ сондай он зауыт салуға молынан жететіні айтылыпты. Кәсіпорын 24 метрлік арқалықтар, біліктер, қабырғалық және төбелік плиталар, шегенді құдықтарға арналған шеңберлер бере бастады. Бұл өнімдерді өз облысымызбен қатар, Орал және Гурьев облыстарына жіберу көзделген.

Он миллион түйме

1968 жылдың көктемінде Ақтөбедегі сыр-бояу зауытында жаңа цех пайдалануға берілген. Ол «пластмасса цехы» атанды. Іске қосу салтанаты 1 мамыр мерекесіне орайластырылған. Жаңа цехта әр жұмыс күні жарты миллион түйме жасалады деп жоспарланған. Сонда айына 10 миллион түйме әзірленген.

 Ақтөбенің ғасырлық мерейтойы

1969 жылы Ақтөбе бекінісінің іргесін қаланғанына 100 жыл толды. Ал 100 жылдың арғы жағында бұл жерде елді мекен болған ба? Болса, қалай жойылды? Жалпы, бұл өңірдің арғы тарихы қандай еді? Әрине, халқымыздың тарихын «қазақтар жапан түзде көшіп-қонып жүріп, қой бағудан басқа ештеңе білмеді» дегенмен шектеуді көздеген кеңестік билік бұл жағына бас қатырып жатпады. Патша өкіметі бекініс іргетасын қалаған күнді қаланың туған күні ретінде тарихқа енгізді.

Қазақстандағы ірі өнеркәсіп орталықтарының бірі, мәдениеті гүлденген қала, үлкен облыстың орталығы ретінде Ақтөбенің мерейтойына республика басшылығы да көңіл бөлді. Қала мерейтойына орай әр саланың озаттары болып табылатын бір топ ақтөбеліктер Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі грамотасымен марапатталды. Ал қаланың болашағы туралы айтқанда, алдағы 20-25 жыл ішінде халық саны 300-350 мыңға жететіні жөнінде болжам жасалыпты.

Мерейтойық шаралар 30 мамыр мен 1 маусым аралығында өтті. Ол кезде облыс орталығында қазақ театры болмады, орыс драма театры ғана жұмыс істеді. 100 жылдыққа арналған салтанатты жиын сол театрдың ғимаратында өткен. Соңынан КСРО халық артисі Лидия Чернышева жетекшілік ететін мемлекеттік ән-би ансамблі үлкен концерт беріпті. 31 мамырда «Актюбрентген» стадионында көптеген өнер ұжымдарының қатысуымен ойын-сауық өткен. Сондай-ақ, жер-жерлерде түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылған. Үш күнге созылған тойға қала тұрғындарымен бірге, Алматыдан, сондай-ақ, Гурьев, Орал, Қызылорда, Қостанай және Орынбор облыстарынан келген қонақтар да қатысыпты.

Әзірлеген Индира ӨТЕМІС.

 Деректер облыстық мемлекеттік архивтен алынды.

источник

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *