Среда, Октябрь 18, 2017
Басты > Менің Ақтөбем > Дәуір биігін бағындырғандар

Дәуір биігін бағындырғандар

Облыс шежіресі саналатын «Коммунизм жолы» және «Путь к коммунизму» газеттерінің өткен ғасырдың 70-жылдарындағы нөмірлерін ақтарғанда, бұл уақыт — озаттар дәуірі болғанын көреміз: орденді кәсіпорындар мен шаруашылықтар, Социалистік Еңбек Ері атағы мен айбынды ордендер иеленгендерден бөлек, әр саланың, әр ұжымның, әр жылдың, тоқсанның, тіпті айдың озаттары анықталып, марапат алып, мәре-сәре болысқан күндер іздері сарғайған парақтарда сайрап жатыр. Мысалы, облыстық партия комитеті бюросының, еңбекшілер кеңесі атқару комитеті мен кәсіподақтарЫ облыстық кеңесі төралқасының шешімімен «Облыстың 1970 жылғы таңдаулы механизаторы» атағы 210 (!) адамға берілген…

1970 жылдың өзі КСРО тарихында ерекше жыл болып жарияланды, өйткені бұл жылы кеңес халқы өз көсемінің, яғни Лениннің ғасырлық мерейтойын атап өтті. Біздің облыс осы жылды үлкен табыспен қарсы алыпты: нақ Жаңа жыл мерекесі қарсаңында мемлекеттік комиссия Еңбек Қызыл ту орденді Ақтөбе химия комбинатының жылына 540 мың тонна суперфосфат өндіретін кешенін қабылдап алды. Кешен құрылысы одақтық маңызы бар саналған 26 құрылыстың тізіміне енген еді.

Қырықтан астам кәсіпорын үздік шықты

Лениннің ғасырлық мерейтойы ҚазАКСР-інің құрылғанына 50 жыл толуымен тұспа-тұс келді, осы мерейтойларға байланысты 1970 жылы аймақтарда, ұжымдарда жоғары міндеттемелер қабылданып, айлық, жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындау жолында социалистік жарыстар өрістеді. Оның үстіне, 1970 жыл — сегізінші бесжылдықтың соңғы, яғни шешуші жылы болатын. Ақтөбе облысы бесжылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындап шығу үшін, өнеркәсіп өндірісі көлемін, 1969 жылмен салыстырғанда, 21 миллион сомға арттыруға және жоспардан бөлек, Лениннің туған күніне — 1,2 миллион, Қазақстан кеңестік республикасының құрылғанына 50 жыл толуына — 3,5 миллион сомның өнімін өткізуді қамтамасыз етуге міндеттеме алды. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты ол тұста Қазан төңкерісінің 50 жылдығы атындағы зауыт аталатын еді. Зауыт ұжымы жоспардан тыс 150 мың сомдық пайда келтіру жөнінде міндеттеме қабылдады.

Газеттер беттеріндегі жарияланымдарда бұл жыл туралы «әрқайсысымыздың жүрегімізден берік орын алған, аса ыстық жыл» деп жазылды. Желтоқсан айының басында-ақ облыста қырықтан астам түрлі кәсіпорын бесжылдық тапсырманы мерзімінен бұрын орындап шыққаны жөнінде рапорт берді. Ферроқорытпа зауыты бесжылдық жоспарды мерзімінен — 2,5 ай, ал тоқыма фабрикасы 3 ай бұрын орындады. Сондай-ақ, Ақтөбе тоқыма фабрикасына КСРО Жеңіл өнеркәсіп министрлігі тарапынан «Өндіріс мәдениеті жоғары кәсіпорын» атағы берілді.

Облыстың ауылшаруашылығы саласы еңбеккерлерінің де бұл тұста көңіл-күйлері көтеріңкі болды. Егіншілер мемлекетке астық тапсыру бойынша бесжылдық жоспарды 170 пайызға орындап шықты. 1970 жылы егін бітік шығып, мемлекет қоймасына 60,3 миллион пұт астық құйылды. Облыста қой саны 2 миллион 344 мың басқа жетті. Ал облыс жылқышылары ҚКП Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің және республика кәсіподақтары кеңесінің ауыспалы Қызыл туын төрт жыл қатарынан иемденген. Қызыл тумен қатар, ақшалай 5 мың сом сыйақы да табысталған.

Ленин мүсіні

Лениннің 100 жылдық мерейтойы, әрине, тек еңбектегі табыстармен ғана емес, бүкілхалықтық мереке ретінде де атап өтіліп, қарапайым адамдар оған өз тараптарынан үлес қосуға тырысқан. Мысалы, Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің түлегі, ойылдық Манас Нұғыманов Ленин мүсінін жасап, оны өзі еңбек ететін аудандық Мәдениет үйіне сыйға тартыпты.

«Коммунизм жолы» газетінің 1970 жылғы 13 ақпандағы санында баяндалғандай, бұл мүсін аудандық Мәдениет үйіндегі Ленин бөлмесіне қойылған. «Осы бөлмеден көсем сүйіп тыңдаған әндер мен музыкалық шығармаларды, Лениннің пластинкаға жазылып алынған сөздерін тыңдауға болады», — делінген газетте.

1970 жылды бүкіл кеңес халқы секілді, ақтөбеліктер де «Ленин мәңгі тірі» ұранымен өткізген еді…

Жылқышылар мен түйешілер

«1916 жылы  Ақтөбе жерінде 257 мың жылқы болған». Бұл деректі 1970 жылы ақтөбелік зоотехник А. Ульяхин қалдырған. Жалпы, сол тұста мамандар облыстың басты байлығы — жайылымдық жерлер екенін алға тартып, қой мен жылқы басын көбейтуге үндеген.

1970 жылдың соңында облыста жылқы санын 75 мыңға көбейту көзделді. 16 ақпанда жылқышылар мен түйешілердің облыстық кеңесі өтіп, жиынға қатысушылар жоғары міндеттемелер алып, облыстағы жылқы және түйе фермаларының барлық еңбеккерлеріне арнап үндеу қабылдаған. Облыс бойынша орта есеппен әр 100 жылқыдан 82 құлын алып, өсіру жөнінде жоспар қабылданыпты.

Ол кезеңде облыста орденді түйешілер де болды. Солардың бірі — Байғанин ауданы «Ақжар» совхозының түйешісі Ұлықпан Сағымбаев еді. Ол 1967 жылдан бастап түйе бағып, 1973 жылы бастапқыда санап алған 127 түйенің санын 240 басқа жеткізіпті. Осы уақыт ішінде мемлекетке 5 тоннадан астам түйе жүнін тапсырған. 1971 жылы бағымындағы әр 100 інгеннен орта есеппен 42 бота алса, келесі жылы ол көрсеткішті 49,2-ге жеткізіп, түйе өсіруден аудан чемпионы атанған. Сонымен қатар, жүн тапсыруға байланысты міндеттемелерін де жыл сайын асыра орындаған. Осы табыстары үшін Ұлықпан Сағымбаев Октябрь революциясы орденімен марапатталыпты.

Орденді совхоз

Ойыл ауданының «Жетікөл» совхозы сол тұстағы озат шаруашылықтардың бірі еді. Совхоздың Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталуы облыс үшін ерекше оқиға ретінде атап өтілді.

Совхоз сегізінші бесжылдықта (1966-1970 жылдар) ет тапсыру жоспарын — 109,5 пайызға, ал жүн тапсыру жоспарын — 114,6 пайызға асыра орындаған. Қой саны бес жыл ішінде 48,5 пайыз өсіп, 59,9 мың басқа жеткен, тек 1970 жылдың өзінде-ақ мұнда 29,9 мың қозы алыныпты. Бес жылда совхоз 1,4 миллион сом пайда тапқан. Осы бесжылдықта 3,5 мың шаршы метр тұрғын үй, 150 орындық кинотеатр, үш клуб, 150 орындық екі интернат үйі, 35 орындық емхана, үш бастауыш мектеп, көптеген мал қоралары салынып, пайдалануға берілген. Совхоз бойынша аз жылда 68 адам механизаторлық мамандық алған.

1970 жылы совхоз «Лениндік бесжылдықтың Еңбек даңқы кітабына» енгізілген.

 Есенбай ақынның кітабы

1971 жылдың соңында Есенбай Дүйсенбаевтың тұңғыш кітабы жарыққа шықты. Бұл туралы ақын Сәбит Баймолдин сол тұста облыстық газетте жарияланған «Жаз лебіндей» атты мақаласында айтыпты.(«Коммунизм жолы», 1972 жыл, 8 қаңтар.)

Сәбит ақын Есенбай шығармашылығы хақында: «Егер Есенбай Дүйсенбаев тұңғыш кітабын («Бозала таң мен бозторғай») 31 жасында ұсынбаса, оның ақын болып туғанына шек келтірер едік. Ақындық мүдде жаңарады. Есенбайдың өзі ақындықтың ұлттық ойлау ерекшелігінің құшағындағы құбылыс екеніне тағы сендіреді…

«Бұрсанған бұлтты сәтте бір,

Бұлағай желдер аударды.

Күлімдеп тұрды тәтті өмір…

Көтеріп бөбек-тауларды.

Гүр ете түсті гүл қаптап,

Толтырып өртке тауларды.

Бойжеткен шынар бұлғақтап,

Кәмелет нұры лаулар-ды…

Дүние неткен жарық-ты,

Сағымнан азат сай-шыңдар.

Саф таза осы қалыпты,

Сақтайтын мәңгі қайсың бар?»

…Жарығы мол сөздерді Әбділданың да, Қасымның да тәуір көретінін білеміз. Сол жарық қалай төгілген? Шуағы қандай мол?» — деп тебіреніпті.

Кезектен тыс сатылған «Москвич»

Кеңестік замандағы соншалықты табысты жылдардың өзінде де халық күнделікті қажетті түрлі заттардан қардарлық көргені белгілі. Ол тұста жеңіл автокөлік сатып алу үшін жұртшылық жылдар бойы кезекке тұратын. Ал кезектен тыс көлікке ие болатын сәтті оқиғалар да кезіккен екен. Солардың бірін «Коммунизм жолы» газеті (1972 жыл, 12 қазан) былай баяндапты: «Байғанин ауданындағы «Ақжар» совхозы бірінші фермасының коллективі қоғамдық малды жеткілікті жем-шөппен қамтамасыз ету жөнінде бастама көтеріп, ауданның бүкіл еңбекшілерін өздерінен үлгі алуға шақырған болатын. Бұл коллектив міндеттемесін аудан шаруашылықтарында бірінші болып орындады.

Мал азығын дайындаушылар жарысында осы фермадағы трактор бригадасының бригадирі Т. Сисенбин үздік алға шықты. Сондықтан оған «Москвич» жеңіл автомашинасы кезектен тыс сатылды».

Ақтөбелік бұйымдар

1972 жылы «Ақтөбеауылмаш» зауытының ұжымы облыстық Құрмет тақтасынан орын алды. Бірінші жартыжылдықта зауыт өнім өткізу жоспарын 103,7 пайызға орындап, одан тыс 57 мың сом пайда тапқан. Сөйтіп, кәсіпорын Мәскеуде өтетін «Ауыл шаруашылығы техникасы — 1972» аталатын халықаралық көрмеге жолдама алған. Бұл көрмеге 20-дан астам елден кәсіпорындар қатысқан. Олардың ішінде АҚШ, Англия, Швеция сынды елдердің атақты зауыттары да болыпты. Ақтөбелік кәсіпорын көрмеге өзінің жаңа екі бұйымын апарған: бірі — қой қырқатын құрастырмалы ВСЦ-24-200 цех-кешені болса, екіншісі — ЭКА-12-200 жоғары жиілікте істейтін электр агрегаты. Бұлар — күнделікті тәжірибеде тиімді саналып, мамандардан жоғары баға алған бұйымдар екен.

Әлия ауылындағы салтанат

1973 жылғы Кеңес жастары күні қарсаңында Қобда ауданының Әлия атындағы колхозы орталығында үлкен салтанат өтті. Көшеде халық ағылып, жан-жақтан жиналған озат пионерлер гүл шоқтарын ұстап жүрді. Аудандық партия комитетінің бюро мүшелері, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагерлері, колхоз басшылары мен озат еңбеккерлер, үздік оқушылар мінбеге көтеріліп, бірінен соң бірі сөз алды.  Бұл Әлия Молдағұлованың туған жерінде оның ескерткіш-мүсінінің ашылуына арналған салтанат еді.

Бұл сәт жөнінде облыстық газет бетінде былай деп жазылып қалыпты: «Салтанатты музыкамен ескерткіш-бюстің жібек пердесі сыпырылды. Ду қол шапалақтау. Алқызыл гүлдер тау-тау болып үйіліп жатты. 30 жылдан кейін мәңгілік ескерткіш есебінде Батыр Әлия туған жеріне осылай оралды». («Коммунизм жолы», 1970 жыл, 30 маусым.)

Әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Деректер облыстық мемлекеттік архивтен алынды.

источник

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *