Вторник, Январь 28, 2020
Басты > Жаңалықтар > Өзекті мәселелер екшелді

Өзекті мәселелер екшелді

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Мұқашева және «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» ҚБ төрайымы Раушан Серікова Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембековпен  кездесті.

Кездесу барысында «педагог мәртебесі туралы» заңындағы өзгерістер, кәсіподақтың рөлі, педагогтардың әлеуметтік мәселелерін шешу жолдары  мәселелері қозғалды.

«Бүгінде қоғамның барлық мүшесіне айқын бағдар беретін мұраты биік мұғалімнің қадір-қасиетін арттыруда өзекті мәселе жетерлік. Бұл туралы бас басылым бетінде кеңінен әрі өткір материалдар жиі жарық көріп, тиісті ведомстволардан арнайы іс-шаралар да қабылданып жатады. Еліміздегі игілікті шаралардың қатарында былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған «Педагог мәртебесі туралы» заңды айтуға болады. Аталған заң жобасы бүгінде қызу талқыланып, түрлі ұсыныстар айтылып жатыр. 

Мұғалім мәртебесі – мем­лекеттің мәртебесі. Педагог – болашақ прези­денттің, ғарышкердің, мемле­кетіміздің кез келген азаматының өмір жолына жолдама беретін тұлға. Сондықтан бұл заң – керемет заң. Бұл заңның әлеуметтік мәні өте үлкен. Бұның жақсы болып шығуы, халыққа қызмет етуі қоғамның өсуіне септігін тигі­зе­ді деп ойлаймын», — деді А.Мұқашева.

Еске салсақ, заң жобасы 6-тарау және 21-баптан тұрады. «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасында педагог мәртебесі және оның педагогикалық қызметі, педагог әдебі, педагогтың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау, педагогке кәсіптік қыз­метке рұқсат беру мәселе­лері қарастырылған.

Кездесуде университеттің кәсіподақ ұйымының төрайымы Ольга Сұлтанғалиева  кәсіподақ ұйымдында атқарылып жатқан жемісті жұмыстарды алға тарта отырып, аталған ұйымның өз мүшеліктерін ерікті түрде көбейту бағытында түрлі іс-шаралар жүргізіліп жатқанын айрықша атап өтті.

Өз кезегінде  «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы»  ҚБ төрайымы Раушан Серікова  аталған оқу ордасының әлеуметтік серіктестес болып, түрлі мәдени және қайырымдылық шараларға ұйытқы болудағы жүргізіліп жатқан жұмыстарына оң бағасын берді.

Кездесу соңында Айгүл Мұқашева мен Раушан Серікова педагогтар маңыздылығын ескере отырып,  ұйымдастырылған кездесу үшін университет ректорына өз ризашылықтарын білдірді.