Вторник, Январь 28, 2020
Басты > Жаңалықтар > Жұмадағы жүздесу

Жұмадағы жүздесу

Жұбанов университетіндегі Мансап орталығы жұма күні әлеуетті жұмыс берушілермен және тағылымдамадан өту бойынша серіктестермен кездесулер ұйымдастыруды  бастады.

Орталық мамандарының айтуы бойынша, мұндай пікірталастардың басты мақсаты — университет түлектерін жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, ұйымдар мен кәсіпорындар, алғашқы жұмыс орындары туралы ақпарат алу болып табылады.

Мансап орталығының директоры Бақтыгүл Ертілеуова: «Мұндай кездесулер оқу-танымдық сипатта болады, студенттер тренингтер мен семинарларға қатыса алады, түрлі салалардағы мамандармен сөйлесе алады», — дейді.

Аталмыш орталықтың ұйымдастырған алғашқы кездесуінде   Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы Ақпараттық-талдау орталығының сарапшысы Шәкәрім Ахмедия қонақ болды. Өз кезегінде сөз алған компания өкілі  алдымен орталықтың қызметі туралы баяндады.

Студенттермен кездесуде Шәкәрім Ахмедия қаланың және республиканың барлық жаңалықтарынан хабардар етуге мүмкіндік беретін жұмыстың ерекшелігіне назар аударды.

Филология және тарих факультетінің студенттері ұйымның әлеуетті жұмысшыларға қоятын нақты міндеттері мен талаптары, жұмысқа орналасу үшін қажетті құжаттар, жалақы мәселелері және өзге де мәселелерге қызығушылық танытты.