Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Жұбанов керуені» аудандарда: 45 мектеп түлегіне білім грантын табыстады

«Жұбанов керуені» аудандарда: 45 мектеп түлегіне білім грантын табыстады

Кәсіби бағдар беру — әрбір оқушының қабілеттілігі мен бейімділігін ескере отырып, кәсіптік қызығушылығын қалыптастыруға және мамандық таңдауға көмегін көрсететін жұмыс.

2020 жылы жоғары оқу орындарына түсетін жас түлектерге бағыт-бағдар беру, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын одан әрі дамыту, жергілікті жердегі кадр тапшылығын жоюды бірлесе шешу, жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнату мақсатында университет ректоры Бауыржан Ердембековтің бастамасымен «Жұбанов керуені» құрылған болатын.

Аталған жоба бір ай көлемінде облыстың 12 ауданын аралап шықты. Жоба өкілдері жақында Ақтөбе облысының Алға, Қобда, Темір, Байғанин, Мұғалжар, Қарғалы, Мәртөк, Хромтау, Ырғыз, Әйтеке би, Шалқар аудандарындағы 290-нан аса мектептерде, 3000-нан аса қатысқан түлектерімен кездесті. Кездесуге аудан түлектерінен бөлек олардың ата-аналары мен мектеп мұғалімдері, аудан басшылары қатысты. Жоба барысында аудан мектептерінде университеттің 15 кафедра филиалы ашылып, жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнату мақсатында 5 ауданда меморандумдарға қол қойылды.

Бүгін жоба өкілдері аудандарға арналған сапарындағы соңғы мекен – Ойыл ауданына табан тіреді. Сапар барысында аудандағы 23 мектептің 200-ге жуық мектеп түлегімен кездесті. Жоба аясында университеттің оқу ақысына жеңілдіктер мен басқа да сыйлықтар алу үшін байқаулар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, мамандық бойынша білім алушыға қойылатын талаптар таныстырылды. Мұнда мектеп түлектері университеттің академиялық бағдарламалары, грантқа түсу мүмкіндіктері мен білім алу шарттары туралы ақпараттармен танысты.

Салтанатты шараны университет түлегі, аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев кіріспе сөзімен ашты.

—Жұбанов университетінің «Жұбанов керуені» жобасы ауыл-аймақты аралап, үлкен мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Университет жаңалықтарын тыңдап, білім бағыттарымен танысу біздің оқушыларымыз бен мұғалімдер үшін үлкен мүмкіндік ашатынына сенімім мол. Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек. Бұл үшін бір орында тұрып қалмай, ілгері жылжу басты мақсат болуы тиіс! — деді ол.

Айта кетсек, Ойыл ауданы бойынша 3288 баланы қамтитын 23 жалпы білім беретін мектеп, 3 қосымша білім беру ұйымы бар. Сондай-ақ, 2019-2020 биылғы жылы Жұбанов университетін аяқтаған 7 түлек Ойыл аудандық білім беру ұйымдарында қызмет атқаруда.

Мінберде сөз алған университеттің стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі проректоры Қуанышбек Шүңкеев алдымен аудан жұртшылығына алғысын білдірді.

— Рабиға Сыздық, Сәлкен Дәуленов, Қадір Бияшев, Әнуар Дербісәлин сынды Қазақстанға еңбегі сіңген қоғам қайраткерлері дүниеге келген киелі топырақта қонақ болу біз үшін үлкен мәртебе.

Ғасырлар тоғысқан, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста да Ойыл топырағынан мәдениет пен өнерде, экономика мен шаруашылықта, саясатта дараланған қоғам қайраткерлері шықты. Ойылдық жас ұрпақтың бойында топырақтан дарыған даралық барына сенімдімін. Сол асыл қасиеттерді дамыту мен өмір жолында адам атын абыроймен өткеруге жәрдемдесу сіз бен біздің парызымыз, — деді ол.

Университет проректоры Елбасы Жолдауында білім беру сапасына қатысты айтылған бірқатар мәселелерге тоқталып, оқу орнында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

— Бүгінгі күні елімізде маман даярлауда нарықпен байланыстың аздығын мойындауымыз керек. Кәсіби бағдар беру жұмысын жаңа бағытқа бұру туралы мәселені жуырда өткен тамыз конференциясында талқыладық. Ендігі уақытта мамандық таңдауда ата-анамен қоса мектептегі пән мұғалімдерінің де рөлін күшейту керек деп ойлаймыз. 8-9-сыныптан бастап баланы икемі бар мамандыққа жетелесек, Президент айтқандай, Қазақстанда 21 мыңға жуық жеткіншек жұмыссыз қалмайды. Бұл тұрғыда біздің университет облыстық, қалалық білім мекемелерімен және аудан басшыларымен бірігіп, кәсіби бағдар беру бағытында «Менің таңдауым — Жұбанов» атты жобаны қолға алып жатыр. Шетелдегі қандастарымызды елге шақыруда, әсіресе, Қарақалпақстан, Орынбор өңіріндегі қазақ балаларын университетке тартуда «Атақоныс — Ақтөбе» атты жоба қолға алынып, өткен жылдан бастап мыңға жуық студент біздің университетімізге келді. Сондай-ақ мектеп оқушыларын ғылымға баулуда арнайы бір мамандыққа икемдеуге арналған «Балалар университеті» сияқты жобаларды жүзеге асырудамыз. Осы жобалар сәтті жүзеге асырылса, сапалы кадр дайындау, түлектерді жұмысқа орналастыру, ғылымның дамуы сияқты күрделі мәселелердің күрмеуі шешіледі, — деді университет проректоры.

Қуанышбек Шүңкеев сөз соңында алдағы жылы ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына үлес қосу мақсатында профессор Бауыржан Ердембековтің «Абайтану» атты кітабын ауданның барлық мектептерінің кітапхана қорына тарту етті.

Салтанатты басқосуда университетте білім алып жатқан Ойыл ауданының үздік студенттерінің ата-аналары мен ауданда қызмет атқаратын университет түлектеріне құрмет көрсетіліп Алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, ауданның алтын белгіге үміткер 5 түлегіне Құдайберген Жұбанов атындағы білім грантының сертификаттары тапсырылса, дәстүрлі «Мамандығыңды дұрыс таңда!» акциясына қатысушылар арасынан 3 мектеп бітіруші түлекке Жұбанов университетінің оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік сертификаттары тарту етілді.

«Жұбанов керуені» жобасының Ойыл ауданындағы сапары соңында аудан мектептерінде Үздіксіз білім беру институты мен тарих факультетінің ғылыми-әдістемелік семинарлары өтіп, Ш.Бекмұханбетова атындағы мектеп-гимназиясында «Тарих және дінтану» кафедрасының филиалы ашылды.