Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғалымның туғанына 120 жыл

Ғалымның туғанына 120 жыл

Бүгін 19 желтоқсан – тұңғыш қазақ профессор-лингвисі Құдайберген Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына орай «Жұбановтану» Ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен ғалымдармен кездесу кеші ұйымдастырылды.

Қазақтың тұңғыш филолог-ғалымы, қоғам және мемлекет қайраткерi, алғашқы қазақ Академиясын — КСРО ғылым Академиясының филиалын ұйымдастырушылардың бiрi, Қазақ тiл бiлiмiнің ғылыми негiзiн және Қазақстандық кәсiби ғылымның негiзiн қалаған Құдайберген Жұбановтың  есімі қазақ тарихында алтын әріптермен жазылған.

Құдайберген Қуанұлы Жұбанов 1899 жылы 19 желтоқсанда Ақтөбе облысының Темiр-Орқаш болысына қарасты Ақжар деген жерде (қазiргi Мұғалжар ауданы) Ақтөбе облысы дүниеге келген.

Ленинградтағы Енукидзе атындағы Tipi Шығыс институтын 1928 жылы аяқтап, ал, 1929-1932 жылдары сол институттың аспирантурасында оқып, бiр жылдан кейiн сол жерден КСРО ғылым Академиясы жанындағы Тiл және ойлау Институтының аспирантурасына ауысады. 1932 жылы аспирантурадағы оқуын «Tүpкi тiлдерi» және «Жалпы тiлi бiлiмi» мамандықтары бойынша аяқтайды.

Өзiнің қысқа ғaнa өмiрiнде Құдайберген Қуанұлы Жұбанов парсы, араб, нeмic, түpiк, моңғол, грузин, чуваш, коми, орыс және көптеген түpкi тiлдерiн өте жақсы бiлген. Кейiнiрек ол қытай тiлiндегi ғылымның кiлттерi жасырылып, жапон тiлiне аударылған дерек кездерiн оқу үшін жапон тiлiн үйрене бастап, алдағы уақытта қытай тiлiн оқуға мақсат қояды, алайда бұл жоспарлары жүзеге аспай қалады.

Бала кезінен нағашы атасы Тағыберген Жамашұлымен бірге «Алаш» көшбасшыларының жиналысына қатысқан Құдайберген Жұбанов олардың идеяларын терең түсініп, кейінірек өзі де «Қазақ», «Алаш», «Көсем» газеттері мен «Қызғалдақ» журналына Шектi және Қараша бала деген бүркеншiк атпен мақалаларын жариялады. Ал сол кездегi жас қазақ зиялыларының жастар қолжазба журналы шығуының алғашқы бастамашысы болды. мәселен, Електе «Тез», содан кейiн Teмip қаласында «Ай» журналдарын басқарды.

Айта кетейік, Құдайберген Жұбановтың ғылыми идеялары қазiргi ұрпақтың қазақ тілі, әдебиет, философия, педагогика және психология жөнiндегi зерттеу iстерiне, ондаған ғылыми монографияларға, кандидаттық, магистрлiк және докторлық диссертациялық зерттеулерге, сондай-ақ ғылыми мақалалар мен баяндамаларға, гуманитарлық мамандықтардың арнаулы курстарына, сонымен бірге «Жұбанов тағлымы» ғылыми конференциясына негіз болды.

Бүгінгі кездесуге университет басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрам, жас мамандар, магистрлер қатысты.

Отырыс барысында Жұбановты таныту және тану жолында жыл бойы атқарылған шаралар жөнінде сөз қозғалып, ғалымдар тарапынан мазмұнды ұсыныстар жасалды. Маңызды басқосуда  Құдайберген Жұбановтың жан-жақтылығы ескеріліп, әр сала ғалымдарынан құралған жұмыс топтарын құру, ғалым мұрасындағы шығыстану мәселесін зерттеуді қолға алу, ғалым туралы тың деректерді  архив материалдарынан іздеу және оларды жарыққа шығару тағы да басқа  мәселелер күн тәртібіне қойылды.

Еркін форматта өткен отырыс мазмұнды өтті, мұнда  әрі тың деректер қамтылды. Тарихшы-ғалым Даулет Абенов өз кезегінде  құнды жәдігер – Қ.Жұбановтың 1936 жылы жарық көрген «Из истории порядка слов в казахском предложении» еңбегінің түпнұсқасын «Жұбановтану» ҒЗО орталығына табыс етті.

Кездесуден соң  жиналған көпшілік көптеген мазмұнды деректерді ортаға салып, ғалым өмірі мен қызметіне арналған кітап фотостендті  тамашалады.