Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жас кәсіпкерлер форумы — жастарға жаңа бағыт сыйлады

Жас кәсіпкерлер форумы — жастарға жаңа бағыт сыйлады

Бүгін Жұбанов университетінде  «Жас кәсіпкерлер» форумы өтті. Ауқымы кең, мақсаты биік, жастарды кәсіпкерлік қызметке тартуға бағытталған облыстық  шара Жұбанов университеті мен  «Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы» ММ, Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы ММ, «Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бірлесіп ұйымдастыруымен өткізіліп отыр.

Аталмыш шараға  университет басшылығы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мамандары  және бизнес саласына енді ғана қадам басқан кәсіп иелері қатысты.

Форумның басты мақсаты – бизнес ашуды мақсат еткен кәсіпкерлерге бағыт-бағдар көрсету, жаңа жобаларын таныстыруға мүмкіндік беру, инновациялық бірлестіктің потенциалын көрсетіп, оны қолдау.

— Форумға қатысып, бизнес бастауға талаптанған талапкерлердің көп екендігіне қуаныштымыз. Осындай кәсіпкерлікке бейімі бар жастарды қолдап, оларға кәсіпкерлер мен сарапшылар көмегімен бағыт-бағдар көрсетуге арналған шаралардың көптеп ұйымдастырылғаны құба-құп. Жастардың бастап жатқан жаңа жобаларының ел игілігіне пайдасы тиюіне тілектеспіз. Осы орайда, университет ұжымы атынан форум жұмысына сәттілік тілеймін!, — деді, Жұбанов университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров.

Бүгінгі басқосуда жас кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау алу жолдары және бизнесте жетістікке жетудің қыр-сыры түсіндірілді. Жаңадан іс бастаған 100 кәсіпкердің басын қосқан форум шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталды. Форумда шағын және орта бизнесті қолдау қорлары мен кәсіпкерлер палатасының мамандары, сонымен бірге, облыстағы кәсібін ашып, оны кеңейткен бизнесмендер де өз тәжірбиесімен бөлісті.

Ауқымды шара үш этап бойынша өткізілді. Алдымен залда көрме ұйымдастырылып, қатысушы кәсіпкерлердің өнімдері жұртшылыққа таныстырылды. Сонымен қатар олар өзара бір-бірімен танысып, жаңа серіктестер табуға мүмкіндік алды.

Екінші кезеңде жас кәсіпкерлер мен кәсіп бастауға ниеттілер эксперттік кеңес алаңында бас қосып, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы және облыстық кәсіпкерлік басқармасы мамандарына көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Олар өз тараптарынан қатысушыларға несие алуға арналған бағдарламалар, субсидиялар, оларды алу жолдары, басқа да мүмкіндіктер туралы толық ақпарат берді. Үшінші кезеңде, өңірдегі ірі бизнес өкілдері кәсіп бастаудағы, оны дамытудағы бірнеше жылдық тәжірибелерімен бөлісті.

Сонымен қатар форум аясында жоғары оқу орындары мен кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары студенттерінің арасында ұйымдастырылған «Start-UP Fair» инкубациялық бизнес идеялар облыстық байқауының іріктеу кезеңінен өткен жас стартапелердің презентациялары көрсетіліп, Жұбанов университеті ректорының атынан марапатталды.

Шараға қатысушы жастар да бұл форумның пайдасы зор екенін айтты.

Форумнан алған әсерім өте керемет. Облыстағы бизнес өкілдері біз секілді жас кәсіпкерлерге кәсіпті қалай жүргізу керек, қалай дамытуға болады, сол секілді әдістерін егжей-тегжейлі үйретті деп айтуға болады. Бізге осындай мүмкіндік сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз. Өз кәсібімді жүргізуге осы форумның ықпалы зор деп есептеймін, — дейді жас кәсіпкер Рано Ізбасарова.

Жастардың жалындап, дамуына жаңа серпін берген осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.