Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Өткенді қадірлеу – көрегендік

Өткенді қадірлеу – көрегендік

Абат Пангереев,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, филология
ғылымының докторы

Өткен тарихты, ұлтымыздың жүріп өткен жолдарын білмей, өркениетке бастар жол жоқ екені белгілі. Осыны қаперге түйген Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық еңбегінде «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылын»  дербес атап көрсете келе: «Бұл жоба аясында бізге «Дала фольклорының антологиясын жасау керек. Мұнда ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады» деп жазған болатын. 

Жалпы халықтың шығармашыл өнері болып табылатын фольклор жанрларының қай-қайсысының да ұлтымыздың рухани болмысын танытуда орны бөлек. Өйткені фольклор жанрлары халықтың салт-санасын, басынан өткен өмір іздерін, көшпелі өмір тұрмысын молынан бейнелеп көрсете алады. Сондықтан да зерттеушілер ұлттық фольлорды­ әрі танымдық, әрі эстетикалық қызмет атқаратындығына және тұрмысқа қажетті ғұрып, ырымдар атқаратын ерекшеліктеріне байланысты «синкретті, көпфункциялы ­руханият» деп атайды.
Елбасы ұсынып отырған жобаны басшы­лыққа ала отырып, ұлттық фольклоры­мыздың осындай мүмкіндіктерін жан-жақты ашып көрсетуді мақсат еткен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Дала фольклорының антологиясы» атты 10 томнан тұратын жинақ шығаруды қолға алып отыр. Сөз реті келгенде айта кету керек, бұл институттың қазақ әдебиеті мен мәдениетін, халқымыздың фольклорын зерттеп, дамытуда, насихаттап елге таратуда еңбегі зор. Оның барлығын баяндап айтпай-ақ, бір ғана «Бабалар сөзін» атаса да жеткілікті. 100 том құрайтын мұндай жауһар туындылар басқа бірде-бір елде жоқ екені белгілі.
Осы жарық көргелі отырған «Дала фольклорының антологиясы» атты он томдық жинақтың ұлттық рухани мұраны тек өз елімізде ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлем жұртшылығына таныту жолында маңызы зор. Халықтың тарихи жадының көрінісі ретіндегі бұл он томдықтың 2-томы «Қырымның қырық батыры» атты батырлар жырына арналған. Бұл жинақтың басты ерекшелігі деп, батырлар жырының кітаби нұсқасымен қоса электронды және аудионұсқаларының дайындалуын атап өту қажет. Бұл – заман сұранысы. Тағы бір ерекшелігі, бұрындары батырлар жырларын «классикалық эпос, қаһармандық эпос, батырлық жырлар» деп әртүрлі атап кел­геніміз рас. Айналып келгенде,­ бұлардың бәрі бір ұғым береді. Сондықтан томды баспаға дайындаушы институт ғалымдары ортақ шешімге келіп, «батырлар жыры» деген терминдік атауды қолайлаған. Бұл дұрыс шешім.
Батырлар жыры, ең алдымен, ұлттық рухтың белгісі болып табылады. Батыр – ел қорғаны, сондықтан оның елді шапқыншы жаудан қорғаған ерлік істерін, елдің қамы үшін аттанған жойқын жорықтарын халық дәріптеп, жырға қосқан. Ұрпағын осы ерлік дәстүрде тәрбиелеуге ұмтылған.
Батырлар жырының қаһармандары өз алдына ерекше. Ел үшін қандай да болмасын қауіпке қарсы барып, ауыр сындарды басынан өткеріп, ақырында жауын мұқатып, жеңіске жетіп, ауыл-аймағына оралып отырады. Өз батырларын халық осылайша идеалына­ ­айналдырып, ел сүйіспеншілігіне бөлеп отырған.
Мұндай батырлық жырларды біздің халқымыз көптеп туғызған, «Алпамыс ­батыр», «Ер Тарғын», «Ер Көкше», «Ер Сайын», т.б. жекелеген жырлар да, «Қырымның қырық батыры» аталатын үлкен көлемді эпопеялық жырлар да бар. Ендігі әңгіме осы «Қырымның қырық батыры» жыры туралы.
Кезінде Мұрын жыраудан жазып алынған «Қырымның қырық батыры» ­жырын өңдеп, жүйелеп баспаға дайындаған томды­ құрастырушылардың текстологиялық тұрғыда мұқият жұмыс жасағандары бай­қалады. Ол әр беттің соңында берілген мәтіндерде кездесетін көне түркілік ұғым­дағы сөздерден, орыс, араб, парсы, т.б. тіл­дерден енген кірме сөздердің мағынасын ажыратқан, диалектілерді дәйектегені сөздерден анық көрініп тұр.
Қанша дегенмен, жырдың мәтінінде көнерген сөздер, қазіргі жас ұрпақтың сөздік қорында кездесе бермейтін диалектілер бар екені белгілі. Жырды оқушы тек қана зерттеушілер емес, жалпы көпшілік оқырман жұртшылығы екенін есепке алар болсақ, бұл өте құптарлық іс.
Жалпы жинақтың құрылымдық жүйесі қойылатын талаптарға сай келеді. Жинақ аңдатпадан басталып, «Қырымның қырық батырын» құрайтын жырлар циклымен жалғасады. Бұл жырлар «Аңшыбай батыр және оның ұрпақтары», «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары», «Жеке батырлар» деген үш бөлімге жіктеліп берілген. Әр жырға қатысты түсініктеме, иллюстрациялық суреттер қоса қамтылған. Бұл да тыңғылықты зерттеудің, ұдайы ізденістің көрінісі.
Кітаптың соңында жыр мәтіндерінде кездесетін жер-су атаулары туралы анықта­малар, пайдаланылған әдебиеттер тізімі, орыс, ағылшын тілдеріндегі түйіндемелер берілген және томның мазмұны көрсетілген.
Халықтың биік рухын танытатын, ұлттық кодын айғақтайтын батырлар жыры бұрындары да жарияланды, ал бүгінгі тәуелсіз ел жағдайында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасын жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің қолдауымен жариялауға ұсынылып отырған бұл жинақтың ұлттық құндылықтар қатарынан орын алары сөзсіз. Кітаптың ұлттық рухты танытуға, жастарды отаншылдық сезімге, ерлік дәстүрге баулып тәрбиелеуге тигізер септігі өте үлкен. Сайып келгенде, ұлттың бақыты да қай уақытта, қай кезеңде болмасын ұрпақтарының осы мәселені, ұлттың жүріп өткен жолын, тарихын безбендей білуіне, бұрынғы өткен қаһармандарын қадірлей ­алуына байланысты екенінде дау жоқ. Өйткені өткен тарихымызды білмей өркениетке бет түзеп, ұлттық рухты асқақтата алмаймыз. Ал ұлттық рухты көтеретін бірден-бір құрал, төте жол – кешегі ел қорғаған батырлардың есімін елдің жадында ұмытылмастай жаңғырту.

 

http://anatili.kazgazeta.kz/?p=55699