Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әділдік, парасаттылық және сенімге негізделген қоғам құру

Әділдік, парасаттылық және сенімге негізделген қоғам құру

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Ақтөбе облысына жасаған сапарында «Әділдік. Парасаттылық. Сенім» атты жемқорлыққа қарсы халықаралық форумға қатысты. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өткен форум жемқорлыққа қарсы халықаралық күнге арналған. Бұл шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Қазақстан, Польша, Ресей, Түркия, Корея, Қытай елдерінің жоғары оқу орындарынан келген өкілдер, жергілікті Жоғары оқу орындарының басшылары, оқытушылар, ғалымдар, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар өкілдері, студенттер қатысты. Сонымен бірге форум барысында РФ Орынбор облысы Тергеу комитетінің басқармасымен онлайн-байланыс ұйымдастырылды.

Шара барысында қонақтар аталған университеттің биометрикаға негізделген жоғары технологиялы ситуациялық орталықтың, студенттерге қызмет көрсететін «Темірқазық» орталығының, «Парасаттылық мектебі» мен «Адалдық дүкенінің» жұмысымен танысты. «Темірқазық» орталығы оқу жылының басынан бері 16 мыңнан астам қызмет көрсеткен. Мұнда студенттер оқу-білімге, стипендияларға қатысты барлық ақпараттарды, басқа да өздеріне қажетті анықтамаларды ала алады.

Университетте жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жасалып жатқан жұмыстар көп. Мәселен, оқу орнында тәртіптік-антикоррупциялық кеңес жұмыс істейді. Сондай-ақ университеттегі білім процесін ұйымдастыру тәртібін реттейтін академиялық саясат жаңартылып, академиялық адалдық кодексі бекітілген. Жоғары оқу орнын басқаратын «Универ» ақпараттық жүйесі, құжаттарды, яғни студенттердің жазбаша жұмыстары, диплом жобаларын, магистрлік диссертациялар мен ғылыми мақалаларды антиплагиатқа тексеретін «Турнитин» жобасы сынды электронды сервистер жұмыс істейді.

Шара барысында «Парасаттылық негіздері» тақырыбында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы шығармалардан әдеби көрме ұйымдастырылды. Келушілер ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нұрлыбек Жұбатқанның жемқорлық тақырыбына қатысты жазылған «Түйреуіш» сатиралық кітабымен танысып, осы автордың «Қоңырау» театрландырылған қойылымын тамашалады.

Одан соң халықаралық форум өз жұмысын бастады. Мұндай деңгейдегі форум Ақтөбеде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Жиын барысында жемқорлыққа қарсы күрес мәдениеті мен ой-сананы  қалыптастыру, жастарды осы бағытта тәрбиелеу, жемқорлықпен күрес барысында озық әдіс-тәсілдерді қолдану сынды тақырыптар аясында пікірлер айтылды.

—  Өмірде әділдік пен әділетсіздік, ақ пен қара, адамгершілік пен қатыгездік арасында үздіксіз күрес жүреді. Бұл қай заманда да болған, бола беретін жайт. Біз сапалы маман ғана емес, парасатты адам тәрбиелеуді де ұмытпауымыз керек. Бұл ретте педагогтердің атқаратын рөлі зор. Алғашқы орында экономика емес, педагогика, яғни тәрбие бірінші орында тұруы тиіс. Егер адамдар тәрбиелі, мәдениетті болса, жемқорлық мәселесі өз-өзінен жойылады, — деді философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы.

Польша экономика университетінің профессоры, Польша Конгрестерінің елшісі Александр Скалийдің айтуынша, тәртіп, мәдениет ұғымы баланың бойында алты жасына дейін қалыптасып болады. Сондықтан, бұл мәселеге отбасындағы тәрбиеден бастап мән беру керек.

Форум барысында қалалық мәслихат депутаты, «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшесі Айнұр Бақтығалиева, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы филиалы директоры Саида Сәдуақасова, Кореядан келген Тонмен университетінің профессоры Сынгтхэ Ким, Орынбор мемлекеттік университетінің заң ғылымдарының докторы Елена Мишенко, Toyota Engineering Corporation Total-Toyota Production System сертификациялаған халықаралық кайдзен сарапшысы Кумар Мусаев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің ақпараттық-ағарту штабының сарапшысы Айнұр Нұритдиновалар да сөз сөйледі.

Алик Шпекбаевтың айтуынша, бүгінгі күні жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында елімізде айтырлықтай жұмыстар атқарылып жатыр:

— Жемқорлыққа қарсы күрес мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Бүгінде дамыған елдердің барлығында осы мәселе маңызды болып отыр. Елімізде 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы қабылданған болатын. Алғашқы бес жылда көп жұмыстар атқарылды. Алдағы жылдары да жастарды қатыстыра отырып, елдегі жағдайды тұтастай өзгертуді мақсат етіп отырмыз, — деді Алик Шпекбаев форумды қорытындылай келе.

Шара соңында сөз алған облыс әкімі Оңдасын Оразалин форумға қатысушыларға алғысын білдірді:

— Еліміздің экономикалық әлеуетін көтеру үшін алдымен руханиятымызды тереңдетпесек болмайды. Ал рухани жаңғырудың басты құндылықтары, бүгінгі форумның тақырыбына сәйкес, әділдік, парасаттылық және сенім. Форумға қатысушылар жемқорлықтың алдын алуда ұлттық тәрбиенің, соның ішінде салт-дәстүрлеріміздің, отбасылық тәрбиенің де маңыздылығын айтып кетті. Бұл өте дұрыс пікір.  Сондықтан, қоғамға жат бұл әрекеттің тамырын жою барысында ұлттық тәрбиені алға тарта отырып, жемқорлыққа қарсы мәдениетті, ой-сананы қалыптастыру аса маңызды, — деді Оңдасын Оразалин.

Форумның соңында Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев және облыс әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға жыл бойы белсенді қатысқан азаматтарды Алғыс хаттармен марапаттады.

Форум барысында қатысушылар парасатты қоғам құруға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөнінде үндеу жолдады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ

https://aqtobegazeti.kz/?p=81945