Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Дала фольклорының антологиясы»: алғашқы бес том жарыққа шықты

«Дала фольклорының антологиясы»: алғашқы бес том жарыққа шықты

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорындағы мұралар арқылы 10 томнан тұратын «Дала фольклорының антологиясын» шығару көзделген. Бүгінгі күні оның 5 томы жарық көрді.

Сәрсенбі күні Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде осы кітаптардың өңірлік тұсаукесері өтті. Жиынға филолог және тарихшы ғалымдар, ақтөбелік зиялы қауым және БАҚ өкілдері, студент жастар қатысты.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереев жиналғандарды жарыққа шыққан бес томның мазмұнымен таныстырды. 1-томда — көне эпостар мен батырлар жырлары; 2-томда — «Қырымның қырық батыры» топтамасындағы жырлар; 3-томда — тарихи жырлар; 4-томда — лиро-эпостық жырлар; 5-томда дастандар топтастырылған.

— Қазақ халқының фольклоры өте бай. Бұған дейін «Бабалар сөзі» деген атпен қазақ фольклорының 100 томдық жинағы жарыққа шыққан еді. Кеңестік дәуірде қазақтың ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткен жырларына көзқарас оң болған жоқ. Мысалы, батырлар жырларын басып шығаруға тек Ұлы Отан соғысы жылдарынан бастап қана рұқсат берілді. Бұл — сол кезде жауынгерлік рухты көтеру үшін қажет болған қадам. Ал тарихи жырларды жарыққа шығару тіпті мүмкін емес еді. Сондықтан тәуелсіздікке дейін ол жырлардың көпшілігі, әсіресе, кейінгі буынға белгісіз болып келді. Жаңа антологияның 3-томына енген тарихи жырлар Қазақ хандығы дәуірін қамтиды, — деді профессор Абат Пангереев.

Антологиялық жинақты жарыққа шығару Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атап көрсетілген тарихи сананы жаңғырту мақсатындағы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасының аясында қолға алынған. Оны дайындау барысында Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы үлгілер сарапталып, ең үздік нұсқалар таңдап алынған. Мысалы, «Қырымның қырық батыры» топтамасындағы жырлар ақын Мәриям Хакімжанованың маңғыстаулық Мұрын жыраудан жазып алған нұсқалары бойынша беріліпті.

— Институт қорындағы қолжазбалар арасында жырлардың кезінде зерттеушілер жинастырған нұсқаларымен қатар, ел ішіндегі сауатты адамдардың хат арқылы жолдаған нұсқалары да бар. Олардың арасында әлі де зерттелмей, жарыққа шықпай жатқан дүниелер жеткілікті. Жас ғалымдардың мұны ескергендері жөн, — деді Абат Пангереев.

Антологиялық жинаққа енген шығармалардың сюжеттік желісін орыс және ағылшын тілдеріне аудару жұмыстары да қолға алынған.

Индира ӨТЕМІС

https://aqtobegazeti.kz/?p=81933