Понедельник, Июнь 1, 2020
Басты > Жаңалықтар > Тарих факультеті жылды нәтижелі аяқтады

Тарих факультеті жылды нәтижелі аяқтады

Жұбанов университетінің Тарих факультетінің ұжымы  2019 оқу жылының аяғында жоспарланған іс-шаралардың  тағы бір маңызды тізбегін жүзеге асырды. Бүгін  университеттің аталған факультетінде білім мен ғылымның, тәрбие ісінің дамуына ерекше бағыт беретін «Археология, этнография» ғылыми-зерттеу орталығы, «Өлкетану» орталығы, «ІТ кабинет» және «History Place» коворкинг алаңы  ашылды. Аталған нысандардың ашылуына университет басшылығы, факультет ұжымы, студенттер, магистранттар және Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің  басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Айта кетейік, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы бағыттарды жүзеге асыру үшін қазіргі таңда елімізде археологиялық және этнографиялық зерттеулердің маңызы мен мәні артуда. Осы тұрғыдан алғанда факультетте ашылған «Археология, этнография» орталығының атқаратын қызметі зор болмақ. Қазақстанның, оның ішінде батыс өңірдің ежелгі дәуірден Алтын Орда кезеңіне дейінгі археологиялық ескерткіштерін іздеу, зерттеу, ғылыми айналымға енгізу жұмыстары жүргізіледі. Әсіресе, орталық Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары аумағындағы ғұн-сармат кезеңінің ескерткіштерін зерттеуге басымдық береді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсеткендей ұлттық кодты сақтап ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруда салт-дәстүрлердің алатын орны зор. Осы мақсаттағы жұмыстар этнографиялық зерттеу орталығының басты жұмыс бағытына айналатыны сөзсіз.

Тарихи өлкетану жұмыстарын пайдалану арқылы тәрбиелеу мақсатында  «Өлкетану» орталығы ашылды.  Аталмыш орталық туған өлкеміздің ежелгі дәуірден қазіргі күнге дейінгі тарихын, архитектуралық ескерткіштерін, әдебиетін, географиясын, топономикасын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, және аймақтың атақты тұлғаларын зерттеумен, насихаттаумен айналысады. Орталық жұмысына университет оқытушыларымен бірге студенттер, магистранттар және докторанттар да тартылатын болады.

Ал, аталған факультетте ашылған «History Place» коворкинг алаңы студенттердің түрлі интеллектуалдық іс-шараларын өткізуге, оның ішінде дөңгелек үстелдер, пікір-талас, байқаулар т.б. ұйымдастыруға арналған. Коворкинг алаңының салтанатты рәсімінде факультетте өткен жылы ашылған  «Жас келіндер мектебі» жобасының маңыздылығы, «Қобыланды» дебат клубының жұмыстары да насихатталды. Жоба қатысушылары жастар тәрбиесінің болашақ отбасы құрлымына тікелей әсер ететіндігін атап өтті.

ІТ кабинет университет оқытушыларының ғылыми-әдістемелік еңбектерінің электронды нұсқаларын жинақтауға, түрлі мультимедиялық және презентациялық жұмыстар қорын жасақтауға арналған.

Салтанатты шара аясында университет басшылығы  мен Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Өзара ынтымақтастықтың басты мақсаты  — білім беру мен ғылыми-зерттеу жұмыстары саласында аталмыш орталықтарды пайдалана отырып, бірлесе жұмыс жасау.

Аталмыш  шара қорытындысында сөз алған  университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков аталған нысандардың жұмысына сәттілік тіледі.